1998 жыл

0 190

21 қаңтар – ҚР Президенті Н.Назарбаев Мәскеуде «Төртеудің шартына» (Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Ресей) қатысушы елдердің көшбасшыларының кезде­суіне қатысты. Кездесу барысында бірыңғай кеден кеңістігін құру туралы Қазақстан көшбасшысының бастамасы қолдау тапты.

6 мамыр – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ұлы Отан соғысындағы неміс фашисті басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін кіші сержант Бақтыораз Бейсекбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, кешікпей қаладағы Жуковский көшесі Бақтыораз Бейсекбаев болып өзгерді.

1 маусым – Қазақстан Респуб­ликасының Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері құрылды.

9 маусым – Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласында Отан қорғаушылар ескерткіші іргетасын қалау рәсімі болды.

18 маусым – Астана қаласының тұсаукесер рәсімін әлем қазақтарына таныту мақсатында осы күні елорда төрінде дүние жүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Оған әлемнің 20 елінен 100-ге тарта қонақ келіп қатысты.

3 шілде – Астанада Шанхай және Мәскеу келісіміне қатысушы бес мемлекет басшыларының кездесуі өтті.

4 шілде – Астанада ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Цзянь Цзэминь Қазақстан-Қытай шекарасы туралы қосымша келісімшартқа қол қойды.

6 шілде – Ресеймен екі арада «Мәңгілік достық және одақтастық туралы» декларацияға қол қойылды. Қазақстан үшін аса маңызды Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің табанын бөлісу туралы Ресеймен келісім жасалды.

7 қазан – Президент Н.Назарбаев Астананың жаңа орталығын дамытудың бас жоспарының жоба идеясына жарияланған халықаралық конкурстың қорытындысын шығарып, жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның жұмысын жеңімпаз деп жариялады.

 

Тәуелсіздігімізге жетінші жылдың жетістігі де жас мемлекет үшін ауыз толтырып айтарлықтай болатын. Ел іргесі бүтінделді, халықаралық қатынасымыз дамып, шет мемлекеттермен байланыс күшейді. Экономикалық серпіліске жан бітіп, рухани жаңғыруға да жол ашылды. 1998 жыл «Халық тұтастығы мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланды. Ұлттық тарихқа қатысты ізденістер өріс алып, археологиялық, археографиялық, этнологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, ғылым академиясының сессиясы, көптеген ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Халықтың тарихи санасын тереңдетуге, жаңаша қалыптастыруға жағдайлар жасалып, мәдени ізденістерге кең жол ашылды. Бұл жыл тарихта ел астанасының Алматыдан Арқаға көшуімен есте қалды.

БАС ҚАЛА – АСТАНА

6 мамырда Ақмола қаласының жұртшылығының тілегі ескеріліп, ҚР Үкіметі жанындағы ономастикалық комиссияның қорытындысы негізінде Ақмола атауын Астана қаласы деп өзгерту туралы Президент Жарлығы шықты. Қазақстанның жаңа астанасын абаттандыру ісі қарқын алды. Елбасының Астана идеясының жүзеге асу барысына орай сол кездегі елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков былай деп еске алады: «Бір күні Елбасыны ұзақ сапардан күтіп алдық. Тура әуежайда Премьер-министр екеумізді машинасына отырғызып алды. Елорда атауын өзгерту туралы ойдың піскен кезі. Кездесулерде де бұл туралы айтып жүрген. Біраз үнсіз отырып. «Мүмкін, Астана деп атармыз? Қанатты сөз сияқты. Болашаққа деген талпынысымыздың символы болар еді» деді. Әдеттегідей, Президенттің сөзінен кейін біз біраз үнсіз қалдық. Нұрсұлтан Әбішұлы «Бүгін резиденцияға келіңдер. Сонда сөйлесеміз» деді. Кешке әңгіме жалғас­ты. Астана үшін Президент бірнеше мысалдар келтірді. Бірақ заң бойынша, қалалық мәслихат депутаттарының қолдауы керек болатын. Қолдау көрсетілді де. 1998 жылғы 6 мамырда қалалық мәслихаттың сессиясында депутаттар қала атауын Астанаға ауыстыру туралы бірауыздан шешім қабылдады». Бұдан кейінгі кездері де Астананың қала мәртебесіне сәйкес жаңғырту жұмыстары жалғасын тапты. Елорданың төрінен қазақтың үш ұлы тұлғасы Төле, Қазыбек және Әйтеке билерге ескерткіш тұрғызылып, бабалар алдындағы үлкен бір парыз орындалды.

ТӨЛ ТАҢБА ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Елдің бас қаласы болғандықтан оның өзіне тән ерекшелігі болатыны – заңдылық. Міне, осы мақсатта жаңа астананың төлтаңбасын жасау қажеттілігі туындады. Ақмола қаласының әкімі Қазақстан Республикасы астанасының төлтаңбасын жасауға республикалық ашық конкурс жария­лады. Байқауға қатысушылар сәнімен де, салтанатымен де қайталанбас мазмұнды қолтаңба жасауы тиіс еді.

ТАРИХҚА ТЕРЕҢ ҮҢІЛДІК

1998 жыл – Ұлттық тарихы пен бірлік жылы. Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш жылдың жариялану маңыздылығына тоқтала келе, осы жылы тұғырдан тайса да санадан әлі ысырыла қоймаған тоталитаризм идеологиясын әшкерелеуді жалғастыра түсетіндігімізді алға тартқан болатын. Өткенін білмейтін халықтың өзіне сенімі болмайды. Ал өзіне сенімі аз халықты айтқанға көндіру, айдағанға жүргізу жеңілге түседі. Тоталитарлық қоғам атаулының аңсайтыны да сол. Біз – өз тарихымызды өзгелер тұрмақ, өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан халықпыз. Зерттемесек, жазбасақ, жарияламасақ кім, не деп таниды? Қалай мойындайды? Алаңдайтын ештеңе жоқ. Жазыңыздар. Жариялаңыздар. Шын жақсы болса, шетел тілдеріне, әсіресе, ағылшын тіліне аудартуды да ойластырамыз. Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деп атап өтті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1998 жылдың 17 наурызында Республикамыздың өнер, мәдениет және ғылым саласындағы шығармашылық зиялы қауымының танымал өкілдерімен кездесу барысында. Ал «Ақмола ақиқаты» газетінде «Халықтар бірлігі және ұлттық тарих жылы» атты рубрика шығып тұрған. Арнайы тілші Бекен Қайраттың осы бөлімге арнап жазған «Түркілер қағанаты» атты мақаласында Күлтегін мен Бумын қағанның тарихы, ғұлама-ғалым Л.Гумилевтің зерттеулері толыққанды берілген.

ТҰЛҒАЛАР ТҰҒЫРДАН ТҮСПЕДІ

Күй атасы Құрманғазының 175 жылдығы алып тұлғаның асқан таланты мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өшпес мұраларын ұғынумен ұштасты. «Әзірет Сұлтан» мұражайы тарихи-мәдени қалпында қайта жаңғырса, Алаша хан, Жошы хан кесенелерін әспеттеудің де сәті осы жылы түсті. Рәбиға Сұлтан-бегімнің кесенесін жөндеу қолға алынды. Бекет ата мешіті қайта жөнделді. Тараздың 2000 жылдығына, Түркістанның 1500 жылдығына, Қорқыт бабаның 1300 жылдығына әзірлікке байланысты мерекелік шаралар жалғасын тапты. Бұл жылы Мұхаммед Хайдар Дулати, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Құдайберген Жұбанов, Шәкен Айманов сияқты тұлғаларға ескерткіштер тұрғызылды.

ЗЕЙНЕТАҚЫ РЕФОРМАСЫ ЖАСАЛДЫ

Жыл басынан бастап зейнетақы реформасы басталды. Мемлекет зейнетке шығу жасын ұлғайтты. Жыл соңына таман елдегі зейнетақы реформасына тың қадамдар жасалды. Бұл ретте елімізде 1998 жылға дейін қолданыста болған ынтымақтастық зейнетақы жүйесін сол күйінде сақтап қалу, экономикадағы және соған сәйкес республиканың әлеуметтік саласындағы дағдарыстық құбылыстардың шиеленісуіне әкелуі мүмкін еді. ТМД елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып жоспарлы түрде зейнетақымен қамтамасыз етудің жинақ жүйесіне өтуді бастады. Зейнетақы реформасын іске асырудың негізгі мақсаты, зейнетақы жарнамаларының дербестендірілген есебі арқылы, еңбек үлесінің зейнет­ақыға сәйкес, сай келетін қаржылық жағынан тұрақты және әділетті жүйесін қалыптастыру болды.ӘЛЕМ КАРТАСЫНДА  – ЖАҢА АСТАНА

Осы жылғы «Ақмола ақиқаты» газетінің барлық нөмірінен Астана келбетін көтеру мәселесінің қала әкімшілігі алдындағы басты міндет болғаны байқалады, қаңтардың басында Президенттің өзі Ақмола қаласының даму мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңесте 1998 жылдың 10 маусымында жаңа астананың халықаралық деңгейдегі тұсаукесері өтетінін мәлімдегеннен бастап қала тазалығы, қаланы көркейту күн тәртібінен түспегенін көреміз. Әсіресе, санэпидемстансаға шыбын-шіркейге қарсы күресті күшейту мықтап тапсырылған. Соған қарағанда, Есілдің сары масасы сол кезде буып тұрғанға ұқсайды. «Астана тұсаукесер қарсаңында» айдарымен берілген мақалалар осыдан 23 жыл бұрынғы қала тіршілігін көз алдыңа әкелетіндей. 1998 жылы 10 маусымда тұңғыш рет жаңа Астананың ресми тұсаукесері өтіп, астана күні тойланды. Содан бері бұл күн тек елордалықтар үшін ғана емес, тұтас халқымыз үшін айтулы мерекеге айналып үлгерді.

КИЕЛІ ТАҚПЕН КЕЛІСІМ

24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев бастаған ресми делегацияның Ватиканға сапары барысында Қазақстан Республикасы мен Киелі Тақ арасындағы өзара байланыс туралы келісімге қол қойылды. Сол тұста елімізде римдік-католиктік шіркеулердің 77 бірлестігі жұмыс істейтін. Тәуелсіздік алған тұста Қазақстан мен Орта Азия католиктеріне арналған қарағандылық епархия құрылды. Сонымен қатар, республика аумағында 3 апостолдық әкімшілік жұмыс істеді.

БАСПАСӨЗ КЛУБЬЫ ҚҰРЫЛДЫ

Ақмола экономикалық аймағы Әкімшілік кеңесінің шешімімен, Ақмола қаласында қалалық баспасөз клубы құрылды. Сол кездегі Ақмола қаласының әкімі, Ақмола арнайы экономикалық аймағы Әкімшілік кеңесінің төрағасы Әділбек Жақсыбеков өзінің өкімімен қалалық баспасөз клубы туралы Ережені бекітті. Ол құжатта: «Баспасөз клубын құрудың мақсаты – Ақмоланың астаналық мәртебесін көтеру, сондай-ақ Ақмола арнайы экономикалық аймағы өмірінен толыққанды ақпараттар беріп, барлық бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнату» деп көрсетілген. Ережеге сәйкес қалалық баспасөз клубының президенті қызметін қала әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджанов атқарды.

ҮЙ БАҒАСЫ ШАРЫҚТАДЫ

Дәл осы жылы жаңа астанамызда еңселі ғимараттар жаппай салына бастады. Ескі жер үйлерді сүру үшін мемлекет 30-50 мың доллар аралығында қомақты өтемақы төледі. Тозығы жеткен үйлердің иелерінің көпшілігі жайлы пәтерге көшті. Баспана бағасы бір жыл бұрынғы құнынан бірнеше есе жоғары болды. Бірақ жеке меншік иелері жері үшін ойға сыймайтын ақша алғысы келіп, үйлерінің сыртына әртүрлі жазбаларын жазды. Кейбір үй иелерін көндіру ұзақ уақытқа созылды. Оларға арнайы жеңілдіктер де жасалды. Ал кейбіреулері сол шұңқырында қалды. Дәл сондай барақ үйлердің біразы осы уақытқа дейін сақтаулы тұр.

АҚМОЛАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ӘЗ-НАУРЫЗ

Астанадағы алғашқы Наурыз мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл туралы «Ақмола ақиқаты» газетінің тілшілері «Нұр жауып тұрған көктемде» атты мерекелік репортаж дайындады. «Қаламыздағы мәдениет және іскерлік байланыстар орталығы алаңынан бой көтерген кішігірім ақшаңқай ауылға ат басын бұрған ағайын қарасы сәт сайын қомақтана түсті. Тойдың болғанынан боладысы қызық. Содан соң сахнаның сол қапталына тігілген үлкен үйге Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен үкімет басшылары келіп жайғасты. Қуанышбаев атындағы Ақмола облыстық драма театрының әртістері әзірлеген қойылым көпшіліктің көңілін тапты. Одан кейін Елбасы наурыз көжеден дәм татып, барша халықты жыл басымен құттықтады. Наурыз мерекесі бір айға созылады. Оңтүстік астанамызда бүгін жаңбыр жауып тұрса, солтүстік астанамызда ұлпа қар жауып тұр» деп жазылған газеттің мерекелік нөмірінде.

Көктем ҚАРҚЫН

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =