1997 жыл

0 135

Осы жылдан бастап бүгінгі елорданың тарихи дәуірі, жаңаша өмірі басталды. Көктемнің жып-жылы жаңбырынан кейін соғатын майда самалындай жаңа леп, соны өзгеріс жалғыз Ақмолаға ғана емес, тұтас елімізге әсер етті. Арқа төсінде әсем шаһар бой көтере бастады. Оған барлық отандастар өз үлесін қосуға асықты. Міне, осы арайлы, шуаққа толы оқиғалардың бәрі қалалық газеттің шежіресінде жазылып қалған. Ендеше соған тағы бір үңіліңіз.

АВТОБУСҚА ДА, ТРОЛЛЕЙБУСҚА ДА 15 ТЕҢГЕ

Қалалық басылымның жаңа жылдық алғашқы нө­мірінің бірінде шаһардағы жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлікте жүру билетінің құны бес теңгеге қымбаттағаны айтылады. Бұған дейін қоғамдық кө­лікте 10 теңгемен жүрген тұрғындар билеттің бес теңгеге көбейгенін жақтыра қоймайды. Осы жағдайға байланысты газет тілшісі Ғ.Қосымжанұлы қалалық Көлік департаментіне хабар­ласып, мәселенің мәнісін түсіндіруді сұрайды. Департамент өкілі оған былай деп жауап берген: «Қоғамдық көлікте жүру билетінің бес теңгеге көтеруіміздің себебі бар. Біріншіден, өткен жылдың соңғы айында жанар-жағармай бағасы күрт өсіп кетті. Бұл 1995 жылмен салыстырғанда екі есеге көтерілді. Сондықтан біз қоғамдық көлікте жүру бағасын көтеруге амалсыздан бардық. Троллейбустар жүру билетінің бес теңгеге өсуіне электр қуатының қымбат­тауы тікелей әсер етті» деп айтыпты («Ақмола ақиқаты», 17 қаңтар, 1997 ж.).

ӘКІМШІЛІК КЕҢЕС ҚҰРЫЛДЫ

ҚР Президентінің «Ақмола арнайы экономикалық аймағын құру» туралы Жарлығына сәйкес қала әкімі А.Бөлекпаев өзінің төрағалығымен Ақмола арнайы экономикалық аймағының әкімшілік кеңесін құрып, оның ережесі мен оны арнайы басқарудың жүйелерін, құрылымдарын және әкімшілік кеңесі аппаратының құрамын бекітті. Ақмола қаласына қоныс аударушы мемлекеттік органдар қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге байланысты «Ақмола-недвижимость» кәсіпорнын құру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ астананы Ақмолаға көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына табыс және жер салығынан, сонымен қатар мүлік салығынан босатылатын, қала құрылысында тіркелген және тіркелмеген ұйымдардың тізімін табыс етті («Ақмола ақиқаты», 24 қаңтар, 1997 ж.).
Қала әкімі А.Бөлекпаев Ақмолаға келген Швейцария­ның Қазақстандағы консулы Антонио Корбиді, Швейцарияның Ресейдегі консулы Юрга Кассериниді және Швейцария-Қазақстан сауда үйінің президенті Клода Андре Мартиді қабылдап, кездесу өткізді.
Кездесуде Корби мырза көктемде Ақмоладан өкілді­гін ашып, Швейцарияның сағат, фармакология және ме­дицина өнімдерін сататын дүкендер ашу, сондай-ақ сақ­тандыру бизнесін дамыту туралы сөз қозғайды («Ақмола ақиқаты», 28 ақпан, 1997 ж.).
Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Бейбіт Жүсіпов қаладағы 53 соғыс және еңбек ардагеріне даңқты қолбасшы, маршал Г.Жуковтың медалін табыс етті («Ақмола ақиқаты», 28 ақпан, 1997 ж.).ТЫҢГЕРЛЕР ДАҢҒЫЛЫНАН БАСТАЛДЫ

Ақмола АЭА әкімшілік кеңесінің төрағасы, қала әкімі А.Бөлекпаев шаһардың орталық магистралды көшесі – Тыңгерлер даңғылын архитектуралық қайта құру, жаңғырту жөніндегі шараларды бекітті. Жоспар бойынша даңғыл бойында орналасқан тұрғын үйлердің бірінші қабаттары қайтадан жабдықталып, олар қоғамдық мақсаттағы объектілерге айналдырылады. Балкондар әйнектеледі. Сондай-ақ ғимарат фасадтары түрлі түсті жарықтармен безендіріледі. Осы даңғылдың бойындағы тротуарлар бетонды плиталармен ауыс­тырылып, қайта төселеді («Ақмола ақиқаты», 7 наурыз, 1997 ж.).
Ақмолаға ҚР Сыртқы істер министрлігі мен дипломатиялық корпустың өкілдері келді. Оларды әуежайдан облыс әкімі А.Браун, қала басшысы А.Бөлекпаев қарсы алып, жаңа астананың жобасымен таныстырды. Осы кездесуден кейін шетел елшілері болашақ елорда мен дипломатиялық корпус орналасатын жерді және қалада салынып жатқан құрылыс­ты аралап көреді («Ақмола ақиқаты», 28 нау­рыз, 1997 ж.).КЕЛЕЛІ КЕҢЕС ӨТТІ

Ақмолаға Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы А.Есімов келіп, республиканың орталық органдарын жаңа астанаға көшіру мәселелері жайында кеңес өткізді. Кеңесте мемлекеттік жоғары және орталық органдарын Ақмола қаласына көшіру жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Фарид Ғалимов атқарылып жатқан істер жайында хабарлама жасайды. Ол өз сөзінде биылғы жылдан кешіктірілмей жаңа елордаға 27 ведомстволық орган көшіп келетіндігін айтады. Сондай-ақ Ф.Ғалимов 45 елшілік өкілдері жаңа астанадан жер алуға өтініш беріп, оның Қытай, Ресей, Қырғызстан, Болгария, Грузия мемлекеттерінің елшіліктері өз күштерімен елшілік үйлерінің құрылысын бастауға әзірлік үстінде екенін айтады. Сонымен қатар кеңесте астананы көгалдандыру және санитарлық тазалықты сақтау мәселелері де сөз болады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары А.Есімов кеңес жұмысын қорытындылай келе, астананы Ақмолаға көшіру мемлекеттік саяси маңызы зор іс екенін атап, осы бағытта белгіленген іс-шаралар мен межеленген жоспарларды мерзімді уақытында орындап шығуға жауапты адамдардың жа­уапкершілігі орасан екенін ескертті («Ақмола ақиқаты», 23 мамыр, 1997 ж.).
ҚР Президентінің 1997 жылды Жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жария­лануына байланысты республика Премьер-министрінің өкімімен Ақмола АЭА Әкімшілік кеңесінің төрағасы А.Бөлекпаев Ақмолада саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш салу жөніндегі бас мердігер етіп «Ақмола-недвижимость» құрылыс басқармасын бекітті. Әкім тапсырыс берушіге ескерткішті салып аяқтауды сол жылдың 24 қазанына белгілейді («Ақмола ақиқаты», 30 мамыр, 1997 ж.).
Ақмола еліміздің бас ордасына айнала бастағаннан кейін қаланың мәдени өмірінен тың серпілістерді байқаймыз. Сол жылы қала әкімшілігі «Ақмола қаласы туралы ең үздік ән» атты байқау ұйымдастырып, оған 56 автор қатысып, 28 жаңа әнді ұсынады. Бұл байқауда бірінші орынды ақын Аманкелді Жұмабектің сөзіне жазылған жергілікті сазгер Ескермес Иманбаевтың «Ақмолам – бас қалам» деген әні жеңіп алды («Ақмола ақиқаты», 30 мамыр, 1997 ж.).ҰЛТТЫҚ АГЕНТТІК КӨШІП КЕЛДІ

Арқа төсіндегі Ақмола астана болып жарияланғаннан кейін мемлекеттік бас­­қару органдары көшіп келе бастады. Сол көштің ал­ғашқы легі болып Баспасөз және бұқаралық ақпарат жөніндегі ұлттық агенттігі қоныс аударды. Оларды теміржол вокзалында облыс әкімі А.Браун, қала басшысы А.Бөлекпаев қарсы алып, қонақтарды Бейбітшілік көшесіндегі Ұлттық агенттікке арналып, қайта жөндеуден өткен ғимаратқа алып келді. Баспасөз және бұқаралық ақпарат жөніндегі ұлттық агенттіктің төрағасы
А.Сәрсенбаев ыстық ықылас­пен қарсы алған ақмолалық­тарға алғысын білдіріп, жа­қын арада агенттіктің құ­рамы толықтырылып, то­лық­қанды жұмысқа кірісе­тінін айтады («Ақмола ақиқаты», 6 маусым, 1997 ж.).
Қ.Қуанышбаев атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, даңқты ұшқыш Талғат Бигелдиновтің 75 жылдық мерейтойы салтанатпен атап өтілді. Бұл шараға халқымыздың ардақты перзентінің өзі келіп қатысып, жерлестерімен кездесті. Облыс, қала әкімшілігі батырды мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті («Ақмола ақиқаты», 22 тамыз, 1997 ж.).
Ақмолаға астананы кө­шіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның жиыны болып өтті. Онда қаланы көркейту және әкімшілік ғимараттары мен тұрғын құрылыстарын аяқтау жөніндегі екінші министрліктер мен ведомстволардың өкілдері сөз сөйледі. Енді шағын ақпаратты толық берейік: «Энергетика министрлігі өздерінің кеңесін 25 қыркүйекке дейін аяқтағалы отыр. Осы айдың соңына дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті де жаңа ғимаратқа кірмекші. Ал Қаржы министрлігі қазанның 5-інші жұлдызына, Ішкі істер министрлігі 7-сінде, Мемлекеттік тергеу комитеті мен Жоғарғы сот қазанның 10-ында жаңа ғимаратқа қоныстанбақ» деп жазылған («Ақмола ақиқаты», 15 қыр­күйек, 1997 ж.).
Жаңа астанадан «Хабар» агенттігінің орталық бюросы өз қызметіне кірісті. Соған орай «Хабар» агенттігінің бас директоры Дариға Назарбаева мен агенттік журналистерін Ақмола облысының әкімі Ж.Кәрібжанов пен қала басшысы А.Бөлекпаев қабылдады («Ақмола ақиқаты», 24 қазан, 1997 ж.).ТАРИХҚА АЙНАЛҒАН КҮН

1997 жылдың 8 қарашасында ел астанасы мәртебесін алған Ақмолаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы салтанатты жағдайда жеткізілді. Осы күні таңертең Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері мен зиялы қауым өкілдерінің алдында сөз сөйлеп, еліміздің мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын жаңа астанаға аттандыруға бұйрық берді.
Түстен кейін Елбасы мінген ұшақты ақмолалықтар қошеметпен қарсы алды. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша жаңа астанаға жеткізілген мемлекеттік рәміздер мен Президент туын табыс етуге арналған салтанатты ша­ра басталып, оны облыс әкімі Ж.Кәрібжанов кіріспе сөзбен ашты. Содан кейін Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Сәт Тоқпақбаев Алматыдан Ақмолаға жеткізілген мемлекеттік рәміздер эталондарын Президентке табыс етті. Салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Астана мәртебесіне ие болған қасиетті Ақмоланың жұлдызды сағаты соқты» деп сөзін бастады. «Бұлай деуімнің өзіндік сыры бар. Ақмола – өз тарихында маңызы орасан зор талай қоғамдық оқиғалардың куәсі болған қала. Қазақтың қасиетті мекені болған Сарыарқа төсіндегі бұл қала – тың игеру кезіндегі талай жұрттың өкілдерін жатсынбай бауырына басқан, құтты мекеніне айналған қастерлі қала. Ендігі жерде ол тәуелсіздікті нығайтудың, мемлекетті орнықтырудың, әлеуметтік-­экономикалық және саяси жаңғырулардың кіндігіне айналмақ» деді Мемлекет басшысы. Одан кейін жасы тоқсаннан асқан қадірменді қария Мұқат Мейірманұлы жаңа астананың кемелді келешегіне ақ жол тілеп, бата берді («Ақмола ақиқаты», 14 қараша, 1997 ж.).
Ақмола астана болғаннан кейін ақпарат айдынының арнасы кеңейді. Ұлттық арнаның «Ақшам» ақпараттық хабары жаңа елордадан эфирге жол тартты. Бұл жаңалықты шаһар тұрғындары қуанышпен қабылдады («Ақмола ақиқаты», 21 қараша, 1997 ж.).

«ЕГЕМЕННІҢ» ҚОСЫНЫ АШЫЛДЫ

Қазақстан Республикасының Парламент мүшелері де Ақмолаға келді. Қос палаталы Парламент мүшелерін жаңа елордалықтар қуанышпен қарсы алды. Үкімет те Ақмолада жұмысын бастап кетті. Ақмола қаласының астана мәртебесін алу және Тәуелсіздік күнін салтанатпен атап өтуге жаңа елордаға 500-ден астам арнайы шақырылған қонақтар және бауырлас Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен мәртебелі меймандар келді («Ақмола ақиқаты», 10 желтоқсан, 1997 ж.).
Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ғи­маратында «Егемен Қазақ­стан» газетінің Ақмола­дағы қосыны ашылуына арнал­ған іс-шара өтті. Мұнда ба­сылымның бас редакторы Уәлихан Қалижан сөз алып, жиналғандарға газет­тің тарихынан қысқаша мағлұмат беріп өтеді. Одан кейін облыс әкімі Жәнібек Кәрібжанов еліміздің бас газеті жайында жылы лебізін білдіріп, биыл облыстағы 3000 мұғалімге «Егемен Қазақстан» газетіне жазылу үшін 2 миллионнан ас­там қаржы бөлінгенін айтты. Сондай-ақ Жоғарғы тәр­тіптік кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов те га­зет ұжымына тілегін жеткізді («Ақмола ақиқаты», 10 желтоқсан, 1997 ж.).

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six − two =