1997 жыл

0 165

Тәуелсіздік тарихында алар орны ерекше болған бұл жылдың ел тағдырын түбегейлі өзгерткен жаңалықтары көп. Соның ең бастысы, 10 желтоқсанда Қазақстанның астанасы Алматыдан Ақмола қаласына көшірілгендігі болды.

Алғашқы жолдау және Стратегиялық даму жоспары

10 қазанда ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған ең алғашқы Жолдауын жариялады. 2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегия­сы мен оны жүзеге асырудың бірінші кезектегі шаралары осы Жолдауда айтылды. Жыл сайынғы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы осылайша дәстүрге айналды. «Қазақстан-2030» стратегиясы – шын мәнісінде тарихи оқиға, тарихи меже болып қалыптас­ты. Бұл өз кезегінде келешекке көз жүгірту ғана емес, елдің діттеген мақсат-мұраттарын орындауға деген үлкен құлшыныс болатын. Стратегия жарияланған жылдан бастап Елбасы жыл сайынғы халыққа Жолдауында алғашқы бекіген міндет пен алға қойған нақтылы мақсаттарды кезең-кезеңімен іске асырудың тетіктерін бір-бірімен ұштас­тыра ұсынып отырды.

Рәміздер жеткізілді

Сол жылы 8 қарашада Ақмолаға Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы салтанатты жағдайда жеткізілді. Осы күні таңертең Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері мен зиялы қауым өкілдерінің алдында сөз сөйлеп, еліміздің мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын жаңа астанаға аттандыруға бұйрық берді. Түстен кейін Елбасы мінген ұшақты ақмолалықтар қошеметпен қарсы алды. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша жаңа астанаға жеткізілген мемлекеттік рәміздер мен Президент туын табыс етуге арналған салтанатты шара басталып, оны облыс әкімі Жәнібек Кәрібжанов кіріспе сөзбен ашты. Ал Елбасы өз сөзінде: «Астана мәртебесіне ие болған қасиетті Ақмоланың жұлдыз­ды сағаты соқты» дей келе, сөзін одан әрі: «Ақмола – өз тарихында маңызы орасан зор талай қоғамдық оқиғалардың куәсі болған қала. Ендігі жерде ол тәуелсіздікті нығайтудың, мемлекеттікті орнықтырудың, әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғырулардың кіндігіне айналмақ» деп жалғады («Ақмола ақиқаты», 14 қараша, 1997 ж.).

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алған жыл

Қазақстанда Елбасы Н.Ә.­Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жыл «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып белгіленді. Осыған байланысты 31 мамыр­­да Ақмола қаласында үлкен саяси шара өткізілді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін өткізу жөніндегі облыстық және қалалық комиссия құрылды. Сол күні облыстық Балалар және жасөспірімдер шығармашылығы сарайында өткен митинг-реквиемге ұлттық орталықтар өкілдері мен саяси қуғын-сүргін зардабын шеккендер қатысты. Республика халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Тәуелсіздік жылдарында 146,5 мың күнәсіз жала жабылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды. Тоталитаризм құрбандары жерленген жерлерде ондаған ескерткіш белгілер орнатуға байланысты Үкімет басшысының өкімімен Ақмола АЭА Әкімшілік кеңесінің төрағасы А.Бөлекбаев қалада тоталитаризмнің құрбандарына арнап ескерткіш салуға бас тапсырыс беруші етіп «Ақмола недживимость» күрделі құрылыс басқармасын бекітті. Төраға ескерткішті 1997 жылдың 24 қазанына дейін салып болуды тапсырды. Ескерткіш Қорғалжын тас жолының бойында, Есіл өзені жағалауында бой көтеріп, биіктігі 37 метр болатыны айтылды. «Бүгінде Ақмола төңірегінде саяси қуғын-сүргін және тоталитарлық тәртіптің құрығына іліккен 6200 азамат тұрады. Ал сталиндік және бериялық ГУЛАГА режиміне тікелей іліккен 63 адам қалада тіркелген» делінген «Ақмола ақиқаты» газетінің 6 маусымдағы санында жарияланған мақалалардың бірінде.

Жаңа астана жайлы Жарлық

20 қазанда Елбасының «Ақмола қаласын ҚР астанасы деп жариялау туралы» № 3700 Жарлығына сәйкес, Ақмола қаласы ресми түрде 1997 жылдың 10 желтоқсанынан астана болып саналды. Ел астанасын Алматыдан Арқа төсіндегі Ақмолаға көшіру туралы қаулы қабылданып, 10 желтоқсанда сол қаулы жүзеге асырылды. Осыған орай жаңа астананың орталық алаңында салтанатты шара өтті. Сол сәттен бастап елорда жүрегі Сарыарқа төрінде соға бастады. («Ақмола ақиқаты», 1997 жыл, 24 қазан, №42-43). Бұл қазақ халқының келешек қарқынды дамуға қарай қанатын қомдаған жылдардың бірі еді. «Менің ойымша, бізді қате шешім қабылдады деп жас ұрпақтың кінәлауына ешқандай негіз жоқ. Алматы бұрынғысынша еліміздің ең ірі қаласы болып қалды. Ал күшті екі орталықтың болуы республиканың экономикалық қуатын тек арттыра түседі» дейді Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан жолы» атты естелік кітабында.

Көше атаулары қазақшаланды

Қараша айында өткен Ақмола қалалық мәслихатының кезектен тыс 27 сессиясының шешімімен қаладағы жекелеген көшелер мен шағын аудандардың атаулары өзгертілді. Қазақ ақыны Қадыр Мырзалиевтің «Өзгелердің хандары жақсы болып, біздің хандар неліктен жаман болған?!» деген өлең жолдарымен басталған «Астананың жаңа көшелері» атты мақалада сол кездегі ең үлкен даңғыл – Ленин көшесі қазақтың ұлы ақыны Абайдың есіміне өзгертілгені жазылды. Сонымен қатар бұрынғы К.Маркс көшесі Кенесары ханның атын иеленсе, Комсомол көшесіне Желтоқсан атауы берілді. Сол сияқты Делегатская көшесі Сарыарқа деп аталып, Октябрь көшесі М.Әуезов есімімен аталды. Авдеевті Ш.Уәлиханов ығыстырды. Орджоникидзе көшесінің атауы Отырар болып өзгерді. Смакотин – Жәнібек Тарханға, Сакко и Ванцетти – Ә.Бөкейханға, Социалистік – Мұхаммед-Хайдар Дулатиге айналды.

Басқару органдары бірінші келді

Жаңа астанаға біртіндеп мемлекеттік басқару органдары көшіп келе бастады. Газеттің 4 шілдедегі санында: «Жаңа астана – Ақмолаға бет түзеген министрліктердің қатары уақыт өткен сайын толығу үстінде. Жаңа қонысқа аттың басын алғашқы болып бұрған Агроөнеркәсіп министрлігі мен Көлік және коммуникация министрлігі ел игілігі жолында жұмыс жасауда» деп жазылды. Сол көштің артынан алғашқылардың бірі болып Баспасөз және бұқаралық ақпарат жөніндегі ұлттық агенттігі де елордаға қоныс аударды. («Ақмола ақиқаты», 6 маусым, 1997 ж.). Ұлттық қауіпсіздік комитеті де жаңа ғимаратқа кіріп, қаржы министрлігі 5 қазанда, Ішкі істер министрлігі 7 қазанда, Мемлекеттік тергеу комитеті мен Жоғарғы сот қазанның 10-ында жаңа ғимаратқа қоныстанды. («Ақмола ақиқаты», 15 қыркүйек, 1997 ж.). Жаңа астанадан «Хабар» агенттігінің орталық бюросы өз қызметіне кірісті. Соған орай агенттіктің бас директоры Дариға Назарбаева мен агенттік журналис­терін Ақмола облысының әкімі Ж.Кәрібжанов пен қала басшысы А.Бөлекпаев қабылдады. («Ақмола ақиқаты», 24 қазан, 1997 ж.). ҚР Парламент мүшелерін де елордалықтар қуанышпен қарсы алды. Біртіндеп ақпарат айдынының арнасы кеңейіп, «Қазақстан» ұлттық арнасының «Ақшам» ақпараттық хабары жаңа елордадан эфирге шыға бастады. 3 желтоқсанда Премьер-министрдің кеңсесі Ақмолаға көшті. («Ақмола ақиқаты», 21 қараша, 1997 ж.).Халықаралық құрылыс алаңына айналды

Қалада 1997 жылдың бірінші жартыжылдығында 10 мың шаршы метрге дейін тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Жыл басынан бері қаланы дамытуға 12,4 млрд теңге жұмсалса, соның 41 пайызы тұрғын үй құрылысына бағытталған. «Ақмола ақиқаты» газетінің 1997 жылғы 24 қаңтардағы санында жарық көрген «Астана ажарлана түсті» атты мақалада: «Өткен жылдың жазынан бастап жаңадан салынып жатқан Президент ақордасы мен Парламент үйінің құрылыс­тары бүгінде іргетасы қаланып, бойын түзеп тұр. Құдай қаласа, олар осы жылы 10 қазанда пайдалануға беріледі деп күтілуде» делінген. Сол сияқты бұл жылы «Астана» қонақ үйі мен ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі ғимараты да салынды. «Басты назарда астана құрылысы» атты мақалада сол жылы күзде мемлекеттік құрылымдарда қыз­мет ететіндердің 1600 отбасы Ақмолаға қоныс аударатыны айтылған. Құрылыс жұмыс­тарын «Целинтрансстрой», «Ақмоластройинвест» және басқа да ұйымдар жүргізген еді («Ақмола ақиқаты», 7 ақпан, 1997 жыл, №6).
8 тамыз Құрылысшылар күніне арналған тілегінде Ақмола қаласының әкімі А.Бөлекбаев шаһардағы құрылыстарды жүргізуге 10 ірі трест, 18 құрылыс және монтаждау кәсіпорыны, 11 басқа қалалардан келген құрылыс мекемесі, 6 шетелдік фирма тартылғанын айтты. Осы ұжымдардың күшімен 1997 жылдың алғашқы жартысында 1700 пәтер, 50 коттедж және Президенттің әкімшілік істері жөніндегі басқармасы, Үкімет және басқа да орталық минис­трліктер мен ведомстволардың ғимараттары пайдалануға берілген. Тамыздағы теміржолшылар мерекесі қарсаңында Жеңіс көшесіндегі тұрғын үйден Көлік және коммуникация министрлігінің 40 қызметкері пәтерге ие болып, қоныс тойын тойлады.

1997 жыл 

9-11 қаңтар – Бішкекте Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан басшылары үш елдің Мемлекетаралық Кеңесі шеңберінде кездесіп, осы елдер арасындағы Мәңгілік достық туралы келісімшартқа қол қойды.

28 ақпан – Алматыда Арал теңізі мәселелеріне арналған Орталық Азия мемлекет басшыларының саммиті өтті.

11 шілдеде «ҚР тіл туралы» Заңы қабылданды.

4 тамыз – Қазақстан – Қытай шекарасында Достық стансасы маңындағы бірінші шекара белгісі ресми түрде ашылды.

24-26 қыркүйек – ҚР мен ҚХР арасындағы Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекара туралы қосымша келісімге, мұнай және газ саласындағы келісімге, Кен орындарын игеру және мұнай құбыр­лары жобалары туралы Бас келісімге қол қойылды.

27 қыркүйекте Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × five =