1996 жыл

0 23

Бұл жыл да тарих қойнауына елеулі оқиғалармен енді. Дәл осы жылы болашақ астананың Ақмолаға көшуі жайында нақты міндеттер қабылданды. Алып ақын Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығы тойланды. Одан басқа да қала тіршілігі мен ел өміріндегі өзгерістер басылым бетінен кеңінен көрініс тапқан.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ҚОЛДАУ

1996 жылғы басылымның алғашқы саны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа жылдық құттық­тауымен ашылған. Елбасы бұл құттықтауында елде болып жатқан өзгерістер мен қиындықтар жайында айта келіп, жұртшылықты бірлікке, ынтымаққа шақырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты іс-шараларға кеңірек тоқталған («Ақмола ақиқаты», 5 қаңтар, 1996 ж.).
Сондай-ақ осы нөмірде көрнекті жазушы, Ақмола топырағының перзенті Ілияс Есенберлиннің туғанына 80 жыл толуына орай «Ілтипат Ілекеңе көрсетілуде» және «І.Есенберлин шығармасындағы кейбір жер-су атаулары» атты топтама мақалалар жарық көрген («Ақмола ақиқаты», 5 қаңтар, 1996 ж.).

«МӘСКЕУДІҢ АУА РАЙЫ АҚМОЛАДАН  ЖЕТІСІП ТҰР МА?»

Бұл санда қазақтың қабырғалы қаламгері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің «Ақмолаға барамыз» деген көлемді ой-толғанысы жарық көрген. Мұнда болашақ ел астанасы туралы айтылған түрлі пікірге суреткер толымды жауап беріп, қазақтың ежелден құт-бесігі саналған Сарыарқаның арғы-бергі тарихын бүгінгі күнмен сабақтастырып, сөз қозғаған.
«Астана болашақта Ақмолаға ауысады деген сөз бұлтсыз аспанда күркіреген күндей естіліп жүрді. Өйткені мұндай өзгеріс ешкімнің де үш ұйықтаса түсіне кірмеген тосын ой еді. Мұны дәуде болса Президенттің жалғыз өзі ойлап тапты (Қателессем, Құдай өзі кешірсін!). Бұл жаңалыққа жұрт қатты толқыды. Әсіресе, Алматы мен Ақмола тұрғындары. Астанада тұратын зиялы қауым – жазушылар, ғалымдар, журналистер, оқымыстылар, не керек, әркім түсінен шошып оянғандай, өре түрегеліп, ойларын, өз пікірлерін жатпай-тұрмай жаппай айта бастады, күнделікті шығатын газеттерге жаза бастады.
Иә, астананың ауысуын құптағандардан қолдамағандар көп сияқты. Енді, жаңа 1996 жылдың басынан бастап, астана мекемелерінің Ақмолаға қарай біртіндеп көшуі әбден айқындалған кезде, «Қысы суық, жазы салқын, қыста бораны, жазда масасы көзді аштырмайды, баратындары бара берсін, өзіміз бармаймыз, астымыздан су шыққан жоқ!» деп қара аспанды жаудырып, жоқ жерде бүлініп,бұлданып жүргендері бар.
Сонда қалай? Дүние жүзіндегі ең әсем де әкімшілік жағынан да ең алдыңғы қатарда астаналық қалалар қатарынан саналатын Мәскеу, Санкт-Петербургтың ауа райы Ақмоладан жетісіп тұр ма екен? Немесе қазақтың ең аяулы асыл ұлдары Шоқан, Ыбырай, Абай сынды бүкіл қазақ жұртының суық жағына да, ыстық жағына да бірдей болған ұлы азаматтардың Біржан сал, Ақан сері, Ба­луан Шолақ, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Естай сияқты өнерлі, иісі қазақтың асыл мұрасына айналған ұлы композиторлардың, жақында ғана күні өткен советтік дәуірде бүкіл қазақ елінің болашағы үшін шырылдап отқа түскен Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин,
Сәкен Сейфуллиндерден бастап, күні кеше арамыздан кеткен Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Қаныш, Шәкен сияқты ел арыстарының туып-өскен суық та желді Сарыарқасы бүгінде неге соншама қызметке жайсыз, тіршілікке қолайсыз бола қалды?» деп толғаныпты көркем сөз зергері («Ақмола ақиқаты», 12 қаңтар, 1996 ж.).АҒЫЛШЫН ДИПЛОМАТТАРЫ – АҚМОЛАДА

Осы нөмірде Ұлыбрита­нияның және Солтүстік Ирландияның Қазақстандағы уақытша төтенше сенімді өкілі Г.Лоутен мырза Ақмолаға келіп, қала басшы­лығымен кездескені жа­йында ақпарат жарияланған. Бұл кездесуде қадірлі мейманға шаһар басшысының орынбасарлары Н.Тихонюк, А.Шәкіров, Т.Жүсіпов және И.Казанцев қаланың экономикасы мен әлеуметтік жағдайы және өздері басқарып отырған салалардың жұмысы жайында әңгімелейді. Сапар аясында қадірлі қонақ Сауда-өнеркәсіптік палатада, «Эверест» құрылыс фирмасында, Нан комбинатында, №5 орта мектеп пен №9 лицейде болып, жұртшылықпен кездеседі («Ақмола ақиқаты», 26 қаңтар, 1996 ж.).
Сол жылдары қалада көгілдір отынды тұтынған кәсіпорындар мен жеке тұрғындармен есеп айырысу оңай болмаған. Оны газеттің бірінші бетінде жарияланған «Алаугаз» АҚ президенті Ж.Жанайдаровтың «Тығырықтан шығатын бір-ақ жол қалды» деген мақаласынан байқадық. Автор «Алаугаз» АҚ ұжымы көгілдір отын үшін есеп айырысудың қандай жолына болса да қарсы емес. Бізге келіп қандай да болсын келісім жасауға болады. Біздің ойымызша, бүгінгі таңда туындап отырған тығырықтан шығатын жол жалғыз – ол уақытында пайдаланған көгілдір отын үшін есеп айырысу» дейді («Ақмола ақиқаты», 26 қаңтар, 1996 ж.).

ПӘТЕР ТОНАУШЫЛАР КӨБЕЙГЕН

Халқымыздың алып ақыны Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығы жоғары деңгейде атап өтілді. Соған орай басылымда Ақмола университетінің аға оқытушысы Сә­руар Қамаеваның «Жүз жасаған жүрек» атты көлемді мақаласы жарық көріпті («Ақмола ақиқаты», 23 ақпан, 1996 ж).
Сол жылы шаһарда пәтер тонаушылар саны күрт өскен. Өйткені қалалық тергеу комитетіне пәтер тонауға қатысты арыздар мен өтініш көп түсіпті. Қаңтар айында студенттер даңғылындағы бір пәтерді тонағаны үшін К.А. деген ешқайда жұмыс істемейтін азамат ұсталған. Тергеу барысында ол сол тонаған үйдің көршісі екендігі анықталған. Сол бір аптада Ақмола қаласы бойынша 143 қылмысты оқиға тіркеліп, оның 108-і ашылған («Ақмола ақиқаты», 23 ақпан, 1996 ж.).

БОЛАШАҚ АСТАНАДАН ЖЕР БӨЛІНДІ

Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған нөмірде Ақмола қаласының әкімі А.Бөлек­паевтың соғыс және еңбек ардагерлерін құттықтауы мен майдангерлер туралы бірқатар мақалалар жарияланған («Ақмола ақиқаты», 9 мамыр, 1996 ж.).
«Болашақ астанадан жер бөлінуде» деген алақандай ақпараттан біраз мәлімет білуге болады. «ҚР Прези­дентінің «Қазақстан Респуб­ликасының астанасы туралы» заң күші Жарлығына сәйкес және Ақмолаға жо­ғарғы және орталық мемлекеттік органдарды көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның мәжіліс хаттамасына сәйкес қала әкімі рес­публикалық Өнеркәсіп және сауда, Әділет, Экономика, Мұнай және газ өнеркәсібі, Ішкі істер, ­Сыртқы істер министрліктеріне және Республика Президенті әкімшілігі мен Іс басқару басқармасына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Жоғарғы сотқа әкімшілік және тұрғын үй құрылыстарын салу үшін жер учаскелерін бөлді. Ақмолада тұрғын үй салу ісіне Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Көкшетау облыстары және Алматы, Өскемен, Қызылорда, Арқалық, Семей қалалары қатысатын болады» деп жазылған («Ақмола ақиқаты», 9 мамыр, 1996 ж.).

ТАЛОН ЖҮЙЕСІ  ЕНГІЗІЛГЕН

Газеттің арнаулы тілшісі Ғ.Қосымжанұлының «Коллегиялық отырыс өтті» мақаласында шаһар басшысы Аманжол Бөлек­паевтың қаланың әлеуметтік жағдайы, соның ішінде зейнетақы төлеудегі мәселелерге ерекше тоқталғандығын баяндайды. «Зейнет­ақы төлеудегі осындай ­қауырт жағдайдан шығу мақсатында қалалық мәслихаттың шешіміне және қала әкімінің өкіміне сәйкес зейнетақының бір бөлігіне нан өнімдерін және коммуналдық өтемдерді төлеуге бағытталған талон жүйесі енгізілді. Әкім әлеу­меттік қорғау бөлімінің жұмысын сынға алып, біраз жайдың басын ашты» дейді («Ақмола ақиқаты», 12 шілде, 1996 ж.).

АЛДАНҒА АТ МІНГІЗДІ

Қаладағы Қ.Қуанышбаев атындағы облыстық музыка драма театрының бесінші маусымы көрнекті суреткер Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» қойылымымен ашылды. Айтулы шарада алдымен театрдың іргетасын қалаған, бұрынғы бас режиссер Жақып Омаровты еске алды. Жаңа маусымның ашылуына белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай мен ақын-драматург Нұрлан Оразалин және Көкшетау, Павлодар, Қарағанды театрларының өкілдері қатысты («Ақмола ақиқаты», 8 қараша, 1996 ж.).
Сонымен бірге қаладағы Салт-дәстүрлер сарайында жазушы-журналист Алдан Смайылдың елу жасқа толуына арналған салтанатты кеш өтеді.
«Кеш барысында Қазақстан Жазушылар Одағының төр­ағасы, ақын Нұрлан Оразалин баяндама жасап, қаламгердің әдебиеттегі алғашқы туындыларынан бастап, кейінгі жарық көрген шығармалары жайында баяндама жасайды. Облыс әкімінің орынбасары Светлана Жалмағамбетова жазушының қоғамдық-сая­си қызметіне тоқталады. Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Е.Бөкебаев мерейтой иесіне шапан жауып, астына ат мінгізіп, қолына алты өрім қамшы ұстатты» деп жазады газет тілшісі Ғ.Қосымжанұлы («Ақмола ақиқаты», 8 қараша, 1996 ж.).

ТӨЛТАҢБА КӨҢІЛДЕН ШЫҚПАДЫ

Болашақ астананың төлтаңбасына байқау жарияланып, оған келген жобаларды комиссия мүшелерімен бірге қала әкімі А.Бөлекпаевтың өзі қарайды. Алайда келіп түскен жобалар болашақ астананың бет-бейнесін, оның тарихи, география­лық ерекшеліктерін, рухани және еңбек дәстүрлерін дұрыс сипаттай алмаған деп, комиссия конкурсты 20 желтоқсанға дейін ұзартқан («Ақмола ақиқаты», 13 желтоқсан, 1996 ж.).
Ақмолалық жазушы-журналист Мәди Хасеновтің туғанына 60 жыл толуына орай ол тұрған үйдің қабыр­ғасына мемориалдық тақта қойылды. Бұл іс-шараға қаладағы зиялы қауым өкілдері мен қаламгердің туған-туыс­тары қатысады. Ескерткіш тақтаны қоюға қала әкімдігі қолдау көрсеткен («Ақмола ақиқаты», 13 желтоқсан, 1996 ж.).

ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ ЖЕҢІЛДІКТЕРІ

Басылымның жылжабар нөмірі шаһар басшысының жаңа жылдық құттық­тауымен жарық көрген. Одан кейін Ақмола арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесінің төрағасы, Ақмола қаласының әкімі А.Бөлекпаевтың Арнайы экономикалық аймақ жөнінде өткізілген кеңесте жасаған баяндамасы толық жарияланыпты. Мұнда болашақ елорданың экономикалық-әлеуметтік дамуы, құрылысы, өндірісі жөнінде бірқатар мәселелер қозғалған. «Ақмоланың ­АЭА-ны құрудың басты мақсаты – инвесторларды қаланың экономикасы мен әлеуметтік жағынан дамытуға барынша көбірек тарту үшін қолайлы жағдай жасау. Яғни шетелдік және отандық капиталдарды көбірек тартып, тиімді пайдалану. Заңды тұлғалар мен жеке адамдар Ақмола аумағында тіркеліп, шаруа­шылық қызметтерін жүргізіп жатқан болса, баж салығын төлемейді. Сондай-ақ шеттен тауар әкелгендерге де салық салынбайды» дейді А.Бөлекпаев («Ақмола ақиқаты», 27 желтоқсан, 1996 ж.).

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + sixteen =