1995 жыл

0 30

Газетке басылған әрбір сөз «Тасқа түскен таңбадай» тарихта қалады. 1995 жылы елімізде біраз айтулы оқиғалар болды. Азаттық алғаннан кейін Ұлы Абай атамыздың 150 жылдығын дүйім ел болып тойладық. Ұлы жеңістің елу жылдығы атап өтілді. Осындай тағылымдық шаралар мен қаланың қат-қабат тіршілігінен басылымның әрбір саны сыр шертіп тұр.

«КЕШІРІММЕН ҚАРАЙТЫН НӘРСЕ ЕМЕС»

Басылымның жаңа жылдық алғашқы санында Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жаңа жылдық үндеуі жарияланған. Бұл үндеуде Елбасы «1994 жыл Қазақстанда азаматтық келісім мен тыныштық жағдайында өтті. Өмір біздің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жарас­тығымызды талай рет сын тезіне салды. Жарастығымызды шайқағысы келген кейбір топтардың жымысқы әрекеттерінен түк шыққан жоқ. Халық «Ырыс соңы – ынтымақ екенін» жанымен түсініп, олардың соңынан ермеді. Қайта елдің ең басты байлығы – тыныштық екенін сезінген халық бір-біріне одан сайын жақындай түсіп, ынтымаққа, бірлікке қарай бет алды деп жылы лебізін білдіріпті. («Ақмола ақиқаты» 6 қаңтар, 1995 жыл).
Сондай-ақ осы нөмірде талантты журналист Жұматай Сабыржанұлының Абай атамыздың мерейтойына арналған іс-шарадан «Ән салды Абайша» атты оймақтай репортажы жарық көріпті. Онда автор: «Бір жақсысы, Ақмола облыстық ұлттық мәдени орталығы ұлы Абайдың 150 жылдығына арнап кеш өткізді. Бір жаманы, бұл шара жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланса да, кешке 73 адам ғана жиналды. Кім біледі, бәлкім, біреу­лер айтқандай, Ақмоланың жағдайында «пойдет болса, пойдет» шығар… Бір жақсысы, Абай әндерін тамаша орындайтын небір мықты әншілер бар екен. Керемет кең дауыстар күркірей жөнелгенде Абай Байтоғаев қай жағымыздан шыға келгендейсің» дей келіп, «Басқосу өткізілген аса сәнді ғимарат – салт-дәстүрлер сарайында кемеңгер Абайдың үлкен әріппен жазып қойған «Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!» деген өлең шумағы «Мыңмен бірге алыстым кінә қойма» болып, мағынасы жағынан тіпті кереғар шығыпты. Бізді құртып жүрген мына сөздер «орысша боп кеткендердің осы тырмысып жатқандары жаман ба, кешіріммен қарайық та…». Кешіріңіз, мынау кешіріммен қарайтын нәрсе емес, сондықтан үндемей қала алмадық» дейді журналист. («Ақмола ақиқаты» 6 қаңтар, 1995 жыл).ӨНДІРІС ҚАҢТАРЫЛҒАН

Басылымның бұл нөмірінде қала әкімі Аманжол Бөлекпаевтың бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуі берілген. Жиында әкім 1994 жылы қаладағы ауыр өнеркәсіп, құрылыс және сау­да бірлестіктерінің көңілдегідей аяқталмағандығына жан-жақты шолу жасаған. «Ірі өндіріс орындары шығаратын өнімдеріне қажетті ресурстарды дұрыс пайдаланбағандықтан, кейбіреу­лері жұмыстарын толық тоқтатуға мәжбүр болды. Мұның өзі қала бюджетін толықтыруға кері әсерін тигізді. «Целинсельмаш», «Қазақсельмаш», «Шойын құю» зауыттары, М.Мәметова атындағы тігін фабрикасы, жіп иіру және тоқу комбинаттары еріксізден жұмысшыларын кезектен тыс демалысқа жіберіп, линияларын тоқтатқан» деп атап өтіпті қала басшысы. («Ақмола ақи­қаты» 20 қаңтар, 1995 ж.).
Осы санда Ж.Сәдуақасов деген автордың «Асығыс өткен кездесу» деген ақпараты жарық көрген. Онда «Өткен жексенбі күні Тың игерушілер сарайында Қазақстан Халық конгресі партиясының төрағасы, Қазақстан Жоғарғы Ке­ңе­сінің депутаты Олжас Сүлейменов­тің қала жұртшылығымен кездесуі болып өтті. Кездесуде сөз сөйлеген О.Сүлейменов республикада орын алып отырған экономикалық қиындықтарды тілге тиек етті. Сонымен бірге ол жиналғандардың жазбаша, ауызша қойылған сұрақтарына жауап берді. Өкінішке қарай, кездесу жеде-қабыл өтті. Бұған ұйым­дастырушылардың айтуынша, кездесуге арнайы келген О.Сүлейменовтің дереу басқа жаққа ұшып кетуі себеп болды» дейді автор. («Ақмола ақиқаты» 20 қаңтар, 1995 ж.).КӨШЕ ДЕУГЕ КЕЛЕ МЕ?

Бұл нөмірдегі ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай газет редакторы Кенже Жұмағұловтың «Абай – адамзаттың мәңгілік рухы» деген мақаласында: «Иә, ЮНЕСКО-ның ұйғарымы бойынша, 1995 – Абай жылы. Бұл мерейтойды қазақтың ұлы ақыны туындыларын жүрегіне жақын тұтқан әлем халықтары түгел атап өтеді. Ал осынау айтулы мерекеге Ақмола қаласы қалай дайындалуда? Өткен жыл көлемінде екі-үш шағын кештер болып өтті. Содан басқа Абай жайлы, оның әлемдік даналығы жайлы өткізіп жатқан не соған дайындалу барысы жайлы елең еткізген хабар естімедік. Сонда бұл не? Абайды түсінбеу ме, әлде түсінгісі келмейтін жүрегінде сәулелері жоқтардың шарасыздығы ма?» дей келіп, «Тағы бір мәселе, болашақ астана болатын Ақмола қаласындағы Абай көшесі туралы болмақшы. Қала аралап, халықтан сұрағанымызда, олар «Абай көшесі жоқ» деді. «Халық айтса қалт айтпайды» демекші, шындығы осыған жақын. Кезінде қазақ халқын қолдарынан келгенше басып-жанышпақ болғандар қала орталығындағы бірде-бір көшеге еліміздің белгілі адамдарының атын беруге қимапты. Соның ең сорақысы, ұзындығы 300-400 метр құлағалы тұрған бес-алты жаман там үйлері бар көшесымаққа Абай аты беріліпті. Бұдан асқан қорлау болар ма?» деп автор шамырқанып жазады. ( «Ақмола ақиқаты» 3 ақпан, 1995 ж.).

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ОҚЫҒАН МАМАНДАР

Сол жылдары Ақмола қаласында барлық жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілді мамандар даярлау жүзеге аса бастайды. Мысалы, Ауыл шаруашылық институтында қазақша құ­рылған топтар 8 факультетте 9 мамандық бойынша оқыған. 1993 жылы мемлекеттік тілде оқыған мамандар саны 32-і болса, 1994 жылы 110-ға жеткен.
С.Сейфуллин атындағы аймақтық университетте ұлттық кадрларды 9 мамандық бойынша даярлау қолға алынды. 1994 жылы мұнда 74 маман математика, информатика, қазақ тілі мен әдебиеті және бастауыш кластың мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен бірге қаланың арнаулы орта оқу орындарында қазақша оқыған 150 маман бітіріп шыққан. («Ақмола ақиқаты» 17 наурыз, 1995 ж.).

АҚМОЛАЛЫҚТАРДЫҢ ЖАМБЫЛҒА ХАТЫ

Бесінші мамырда жарық көрген газет Ұлы жеңістің елу жылдығына арналған. Бірінші бетке қала әкімі А.Бөлекпаевтың құттықтауы жарық көрген.
Осы нөмірдегі журналист Владимир Коченовтің «Ақмолалықтардың Жамбылға хаты» деген мақаласында ақын атамызға хат жазған майдангер Дүйсекей Сейітов пен Борис Сахаров туралы баяндайды. Осы оқиғаны Дүйсекей қарияның өзі айтып береді. «Бұл 1942 жылы Волхов майданында болған еді. Волхов қаласы Ленинградтың маңдай алдындағы ең бір күрделі теміржол тораптарының бірі болатын. Сондықтан да жау жанталаса аталмыш қалаға ұмтылды. Осындай қанды қырғынның бір саябыр шағында взвод командирі лейтенант Борис Сахаровпен сөйлесіп, қазақтың алып ақыны Жамбыл Жабаевқа хат жаздық. Бір күні таңертең Мәскеу радиосынан Жамбылға жазған хаттың жауабын диктор мәнерлеп оқып тұр. Оны тыңдаған солдаттардың рухы көтеріліп, басқыншы жауды ойсырата соққыға алды» деп өткен күннен естелік өрбітіпті. («Ақмола ақиқаты» 5 мамыр, 1995 ж.).
Тарих және мәдени ес­керт­кіштер қорғау қоғамы Ақмола облыстық кеңесінің төрағасы М.Досаев «Ерлік осылай шыңдалады» атты мақаласында соғыс жылдарындағы Ақмола қаласының тыныс-тіршілігі туралы айтады. Отан соғысы басталғанға дейін Ақмолада 32,5 мың адам тұрған. 1945 жылдың басында, көшіп келгендер есебінен, барлығы бес жыл ішінде қала тұрғындарының саны 80,5 мыңға жетіп, 2,5 есе көбейген. 1941 жылдың қазанында Ақмола қаласына эвакуациямен келген 2400 отбасы орналастырылған. («Ақмола ақиқаты» 5 мамыр, 1995 ж.).АБАЙЫ БАР ЕЛ БАҚЫТТЫ!

Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойына «Абай дана, Абай дара – қазақта» деген атпен толық нөмір арналыпты. Мұнда қала әкі­мі Аманжол Бөлекпаевтың «Абайы бар ел бақытты!» ат­ты сұхбаты жарияланған. Онда «Әрине, қазір қаладағы кішкене көше Абайдай данышпанымыздың атымен аталуы сын көтермейді. Ол туралы газеттеріміз уақытында мәселе көтерді. Қаланың ақсақалдарынан да әкімшілікке хат келіп түсті. Біз оның бәрін жинақтап, қалалық ономастика комитетіне жібердік. Онда да Абайға орталықтан үлкен де сәулетті көшелердің бірі берілуі керек деген мәселе көтерілді. Соған лайық көше таңдау жұмысы ғана қалды. Менің ойымша, болашақ астана болатын Ақмолада ең бас­ты, кең де көшелердің бірі Абайға берілу керек» депті шаһар басшысы. («Ақмола ақиқаты» 6 тамыз, 1995 ж.).

ОҚУШЫЛАРҒА – СТИПЕНДИЯ

Жалпы білім беретін мек­тептердің 10-11 сыныпта­рын­да оқитын оқушылар­дың білім алуға деген құштарлығын арттырып, оқудың сапасын жақсарту, әсіресе қабілетті, еңбексүйгіш жас­өспірімдерді көтермелеу мақ­сатымен қала әкімі А.Бөлекпаев 1995-1996 оқу жылы­ның 1 қыркүйегінен бас­тап қалалық білім беру бөлімі жанынан жылына 300 мың теңге құрайтын стипен­диялық қор құру жөнінде қау­лы қабылдаған. («Ақмола ақи­қаты» 1 қыркүйек, 1995 ж.).
Газет тілшісі Ерлібай Өзбекбайұлының Білім күніне орай қаладағы Жамбыл атындағы №4 мектептің директоры Ғалия Сыздықова туралы жазған «Ұлағатты ұстаз» деген мақаласы жарық көрген. («Ақмола ақиқаты» 1 қыркүйек, 1995 ж.).

ҚАЛАМЫН СЕРІК ЕТКЕН

Елу жылдан бері қаламын серік еткен ақмолалық қаламгер Андрей Дубицкийдің сексен жылдық мерейтойы атап өтілді. Жазушының шығармашылығы, негізінен, Есіл өңіріне арналған. Оның «Есілдің жағасындағы қала», «Ақмола – даңқты қала», «Целиноградтың көшелерімен жүрсек» деген кітаптары оның осы өлкенің тарихын жақсы білетіндігін дәлелдейді. Сондай-ақ қаламгер соғыс тақырыбына арнап бірнеше шығармалар жазған. Мерей­тойлық кеште жазушыға қала әкімінің шешімімен «Ақмола қаласының құрметті азаматы» атағы табыс етілді. («Ақмола ақиқаты» 6 қазан, 1995 ж.).

АҚМОЛАҒА ЕРЕКШЕ СТАТУС КЕРЕК

Осы нөмірдің алғашқы беті «Ертең Парламент Мәжілісіне сайлау» деген атпен жарық көріпті. Одан кейін қала әкімі Аманжол Бөлекпаевтың журналистермен өткен баспасөз конференциясы туралы кеңірек ақпарат жарияланған. Бұл жиында шаһар басшысы Ақмоланың экономикалық, саяси және мәдени ахуалына тоқталған.
«Қала басшылығының негізгі мақсаты: 1996 жылы құлдырауға жол бермеу. Қай салада болсын жағдайды тұрақтандыру. Бүгінгі таңда қала бойынша зейнетақы төлеу проблемасы жоқ. Ақмоланың астана атануына байланысты республика қорынан 100 миллион теңге құрылыс объектілерін тұрғызуға бөлініп отыр. Алдағы жылы мамыр айында бөлінуге тиіс. «Қарттар» үйінің құрылысы әлі аяқталған жоқ болатын. Міне, осы құрылысты бітіру үшін 23 миллион теңге бөлінді. Көлік мәселесі өткір шешімді күтуде. Соңғы 4-5 жылда қаламыздағы жолаушылар тасымалдау паркі жаңа техникалармен толықтырылмаған» дейді. Содан кейін ол Алматының ерекше мәртебеге ие болуына байланысты Ақмоланың да сондай статусқа теңгерілуі қажет екендігін хабарлаған хат жолдағанын айтады. Сонымен қатар Аманжол Бөлекпаев Ақмоланың астана мәртебесіне ие болуына байланысты бас жоспар қаралатыны және Алматыдан дипломатиялық корпустың 80-ге жуық өкілдері келіп, Ақмоламен танысатынын хабарлайды. («Ақмола ақиқаты» 8 желтоқсан, 1995 ж.).

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =