1995 жыл

0 60

Бұл – тарихта «тоқсаныншы жылдар» деп аталатын сындарлы кезеңнің дәл ортасы. Күйреген кеңестің құрығынан сытыла алмай, қос бүйірден қысқан қымбатшылық, жаңадан еніп келе жатқан нарықтық реформалар нөпірі мен еркіндік пен сөз бостандығының арыны тасыған тарихи кезеңнің алтын ортасы болды. Халқымыз инфляцияның ащы дәмін татып, қиын шақтарды еңсеріп жатты.

ПАРЛАМЕНТ НЕГЕ ТАРАДЫ?

Наурыздың 11-інде Президент Н.Назарбаев Республиканың Конституциялық сотынан – азаматша Т.Г.Квятковскаяның талабы бойынша 1995 жылғы наурыздың 6-сында қабылданған қаулысының күшіне енуіне байланысты өзіне бірнеше мәселе бойынша түсінік беруін сұрады.
Сол күні Конституциялық сот Конституциялық соттың шешімін орындауға міндетті тұлға ретінде Мемлекет басшысының сұрау салуын өкімдік мәжілісінде қарап, азаматша Т.Г.Квятковскаяның талабы бойынша 1995 жылғы наурыз­дың 6-сындағы өз қаулысын түсіндіру бойынша ұйғарым қабылады.
Сол күні кешкілік Елбасы қазақстандық және шетелдік журналистерге арнап өткізген баспасөз конференциясында республикада тек қана Парламент дағдарысының орын алып отырғанын мәлімдеді.
Конституциялық сот Президент Н.Назарбаевтың да, Жоғарғы Кеңес төрағасы Әбіш Кекілбаевтың да қарсылығына қарамастан Парламентті заңсыз деп жариялап, өкілеттігін тоқтатты.
Сонымен қоса, сол Парламент бекіткен Үкімет те бүкіл құрамымен орнынан түсіп, Парламент сайлауын өткізген Орталық сайлау комиссиясы да таратылды.

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ҚАБЫЛДАНДЫ

Осы оқиғадан кейін бір жарым айдан кейін, яғни 1995 жылы сәуірдің 29-ында бүкілхалықтық референдум өткізіп, президент өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Ал 30 тамызда Қазақстан Президентінің өкілеттігін күшейткен жаңа Конституция қабылданды.
30 тамызда республикалық референдум арқылы елдің негізгі Заңы – Конституциясы қабылданды. Референдум арқылы дауыс беруге 8 миллионнан астам азамат қатысып, жаңа Конституцияны жақтап 7 млн 210 мың адам (89,1 пайыз) дауыс берді. Конституцияның жаңа жобасын талқылауға 3 миллион 345 мыңнан астам қазақстандық қатысып, 31 886 ұсыныстар мен ескертулер жасады, соның нәтижесінде жобаның, 98 бабының 55-іне 1100 түзетулер мен қосымшалар енгізілді, сол сияқты Конституцияға жаңа тарау мен бірқатар жаңа баптар қосылды. Жалпы алғанда Конс­титуция мәтінінің 18 нұсқасы дайындалған.
Ақмолалықтар да өз таңдауын жасады. Ақмола аймақтық сайлау комиссиясы хабарламасы бойынша 30 тамызда өткен республикалық референдумға Ақмоланың 145001 тұрғыны қатысты.

АСТАНА АУЫСАДЫ

1995 жылғы 15 қыркүйекте «Қазақстан Республикасы астанасы туралы» ҚР Президентінің Жарлығы шықты.
Ақмола – республиканың негізгі аумағына қарағанда оның орта тұсында, Қазақстанның географиялық кіндігіне жақын орналасқан. Көптеген өлшемдер бойынша жүргізілген талдау бойынша (әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, қоршаған ортасы, инженерлік және көліктік инфрақұрылым және басқалары, осы таңдаудың негізді екенін көрсетіп берді. Астананы Ақмолаға көшіру, саяси, экономикалық тұрғыдан және жалпы алғанда біздің мемлекетімізді дамыту болашағының тұрғысынан алғанда да әбден орынды деген мамандардың талдауы жаңа жобаның жарқын болашағын айқындады. Бір сөзбен айтқанда, астананы Ақмолаға көшіру мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтудағы алғышарттарының бірі болды. Осы тоқтамнан кейін қалың қазақ елі көш көлігін қамдап, ұлы көштің басын Арқаға қарай түзей бастады.

ҰЛЫ АБАЙ ЛАЙЫҚТЫ ҰЛЫҚТАЛСА…

Алматыдағы Республика сарайында Абайдың 150 жылдығына орай салтанатты мәжіліс өтті. Президент Н.Ә.Назарбаев салтанатты шарада баяндама жасады.
Алматыда алақан соғып отыр­ғанда Ақмолада мына жағдай орын алды. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай газет редакторы Кенже Жұмағұловтың «Абай – адамзаттың мәңгілік рухы» деген мақаласында: «Иә, ЮНЕСКО-ның ұйғарымы бойынша, 1995 – Абай жылы. Ал осынау айтулы мерекеге Ақмола қаласы қалай дайындалуда? Өткен жыл көлемінде екі-үш шағын кештер болып өтті. Содан басқа Абай жайлы, оның әлемдік даналығы жайлы өткізіп жатқан, не соған дайындалу барысы жайлы елең еткізген хабар естімедік. Сонда бұл не? Абайды түсінбеу ме, әлде түсінгісі келмейтін жүрегінде сәулелері жоқтардың шарасыздығы ма?» дей келіп, «Тағы бір мәселе, болашақ астана болатын Ақмола қаласындағы Абай көшесі туралы болмақшы. Қала аралап, халықтан сұрағанымызда, олар «Абай көшесі жоқ» деді. «Халық айтса қалт айтпайды» демекші, шындығы осыған жақын. Ең сорақысы, ұзындығы 300-400 метр құлағалы тұрған бес-алты жаман там үйлері бар көшесымаққа Абай аты беріліпті. Бұдан асқан қорлау болар ма?» деп автор шамырқанып жазады. («Ақмола ақиқаты» 3 ақпан, 1995 ж.).АҚМОЛАЛЫҚТАРДЫҢ ЖАМБЫЛҒА ХАТЫ

Ұлы Жеңістің елу жылдығына арналған нөмірдегі журналист Владимир Коченовтің «Ақмолалықтардың Жамбылға хаты» деген мақаласында ақын атамызға хат жазған майдангер Дүйсекей Сейітов пен Борис Сахаров туралы баяндайды. Осы оқиғаны Дүйсекей қарияның өзі айтып береді. «Бұл 1942 жылы Волхов майданында болған еді. Волхов қаласы Ленинградтың маңдай алдындағы ең бір күрделі теміржол тораптарының бірі болатын. Сондықтан да жау жанталаса аталмыш қалаға ұмтылды. Осындай қанды қырғынның бір саябыр шағында взвод командирі лейтенант Борис Сахаровпен сөйлесіп, қазақтың алып ақыны Жамбыл Жабаевқа хат жаздық. Бір күні таңертең Мәскеу радиосынан Жамбылға жазған хаттың жауабын диктор мәнерлеп оқып тұр. Оны тыңдаған солдаттардың рухы көтеріліп, басқыншы жауды ойсырата соққыға алды» деп өткен күннен естелік өрбітіпті. («Ақмола ақиқаты» 5 мамыр, 1995 ж.).

ҚАТЕРЛІ СЫНАҚТАН ӨТТІ

1995 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы реформаның бірінші кезеңінің алдын ала қорытындыларын жасады. Іс жүзінде бір қаржылық жылда Қазақстан гиперинфляция сияқты қатерлі экономикалық сынақтан өте алды.

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ТОЛЫҚ ЖОЙЫЛДЫ

1995 жылдың мамыр айының соңына қарай Қазақстан аймағындағы ядролық қару толық жойылды немесе әкетілді, баллистикалық зымырандардың шахтадағы қондырғылары да жойылды. Осылайша, кеңестік ядролық қаруды мұраға алған, ел алдындағы аса күрделі міндетті – бүкіл әлемнің мүддесіне сәйкес және ұлттық қауіпсіздікке ешқандай нұқсан келтірмей шешілді.

ТҮНДЕ ЖАРЫҚ, КҮНДІЗ ГАЗ ЖОҚ

Тоқсаныншы жылдардың қымбатшылығы туралы жергілікті «Ақмола ақиқаты» газетінде «Түнде жарық, күндіз газ жоқ» деген мақалада айтылыпты.
«Мына қиын заманда еңбек пен зейнетақыларын да кезінде ала алмай жүрген ақмолалықтардың қалт-құлт күн кешуі аздай, оларды біресе электр қуатымен, біресе газбен қамтамасыз етпеуі тіпті қалжыратып барады.
Газ бен электр қуатының қымбаттығы жанға бір батса, солардың мезгілімен болмай тұрғаны тағы да қинайды. – Екі сағат бойына қажетті электр қуаты уақытында берілмесе және ол туралы бізге алдын ала хабарланбаса, – дейді «Керамик акционерлік қоғамы кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Деменов, – кәсіпорын жарты миллион теңгенің өнімін жоғалтады. Осындай кездейсоқ кедергінің салдарынан өткен жылғы қараша-желтоқсан айларында 17 миллион теңгенің өнімі кем тапсырылды». Газет оқыр­мандарына мұның себебін көмірдің – 150, мазуттың 200 есе қымбаттағанымен деп түсіндіреді.

АССАМБЛЕЯ АШЫЛДЫ

1995 жылы 1 наурызда Президент Жарлығымен Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды.1995 жылғы 1 нау­рызда Мемлекет басшысы жанындағы қоғамдық консультациялық-кеңесші орган Қазақстан халықтарының Ассамблея­сы құрылды. Оның мақсаты – қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты нығайту болды.
1995 жылғы 24 наурызда Қазақстан халықтары Ассамблеясы (ҚХА) сессиясы ашылды. Онда Президент Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізілді. Өйткені Елбасының бұл қызметте болуының бірінші конституциялық мерзімі 1996 жылдың желтоқсанында аяқталатын еді.УНИВЕРСИТЕТ ІРГЕТАСЫ  ҚАЛАНДЫ

12 маусымда ҚР Президенті Н.Назарбаев Алматыда Түркия Республикасының Президенті С.Демирельді қабылдады. Маусымның 14 күні Нұрсұлтан Назарбаев пен Сүлеймен Демирель Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бұдан кейін олар Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің жаңа ғимаратының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Өз кезегінде С.Демирель осы жоғары оқу орнында тек Қазақстан мен Түркияның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттерінің, басқа да түркі тілдес елдердің жастары да оқитынын атап өтті.

САЛЫҚ САНЫ ҚЫСҚАРДЫ

1995 жылдың 24 сәуірінде «Салықтар және басқа да бюджетке түсетін міндетті төлемдер туралы» Жарлық күшіне енді. Салықтар саны 11-ге дейін қысқарып, олардың орнына кірістің корпоративті салығы енді. Оның орташа мөлшері кезең-кезеңмен төмендетілді. Салыққа байланысты көзқарастың өзі де өзгерді – енді мемлекет одан тек қана мемлекеттік бюджетті толтыруды ғана емес, сондай-ақ инвестицияларды ынталандырудың, соған сәйкес өндірісті дамытудың тетігін көрді.ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВ – ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдық торқалы тойын ТМД елдері арасындағы уағдаластық бойынша ортақ мерекелеу ұйғарылған. 26 сәуірде Елбасы майдангер-ардагерлердің бір тобын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Олардың ішінде аты аңызға айналған партизан-жазушы Қасым Қайсеновке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» белгісі тапсырылды

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 − one =