1994 жыл

0 103

1994 жыл еліміз үшін қуанышы мен қиыншылығы қатар келген кезең болды. Мемлекет ретінде әлемдік картадан орын алып, өз Туымызды желбі­реттік, Елтаңбаны бекіттік, Әнұранды шарықтатып, төл теңгені тұғырына қондырдық. Халықаралық қатынас жөнге келіп, алыс-жақын мемлекеттермен достық байланыстар артып, сауда-саттық жайлана бастады. Әйтсе де экономикалық ауыртпашылықтар ел тұрмысын шатқаяқтатып тұрды.

Еуразиялық интеграцияның іргетасы қаланды

Еуразиялық экономикалық одақтың негізін қалау­шы Нұрсұлтан Назарбаев екені талас тудырмаса керек. 1994 жылы Мәскеуде ММУ-де сөйлеген сөзінде ол еуразиялық интеграция мәселесін бірінші болып көтерген болатын.
«Ғылыми-техникалық прогресс қарқынды жүріп жатқанда, өткізу нарығы үшін бәсекелестік қызған қазіргідей заманда тек бірлесіп қана өмір сүре аламыз. Қараңыздар, мемлекеттілігіне көптеген ғасыр болған Батыс Еуропа елдері бірігіп жатыр. Біздің, Кеңес­тер Одағының бұрынғы республикаларының өткен тарихи жолы мен тағдыры бір. Біздің байланыс және басқару формаларымыз бен механизмдеріміз бір, менталитетіміз ортақ, ортақ дүниеміз көп. Тек кейбір саяси көшбасшылардың бойында империя қайтадан құрыла ма деген үрей бар. Бірақ ол олай емес! Бұл жерде әңгіме жаңа, теңқұқылы ынтымақтастық туралы екенін түсіну керек» деген еді Н.Назарбаев.

Қазыналы қазақ жері

Қазақ жерінің қойнауы табиғи қазба кендеріне толы екені баршаға мәлім. Осынау ен байлық тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында егемен еліміздің дамуы, өтпелі кезеңдерде аяғынан қаз-қаз тұрып кетуі үшін зор рөл атқарды. 90-жылдары, негізінен, ірі көмірсутегі кен орындарын игеру, осы салаға шетелдік инвесторларды тарту мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша ықпал етті. Алматы қаласында қазан айында өткен «Мұнай мен газ-94» халықаралық көрмесіне әлем елдерінен 300-ден астам компаниялар қатысты. Бұл кейіннен екіжақты іскерлік байланыстарға ұласты.
Соның арқасында бірқатар әлеуметтік сипаттағы бағдарламаларды жүзеге асыру мүмкіндігі туды. Жыл соңында мұғалімдердің, дәрігерлердің, басқа әлеуметтік және бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын өсіруге қол жеткізілді. Барлық қиындықтарға қарамастан халықтың сана-сезімі оянып, болашаққа сеніммен қарады. Өйткені ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздіктің рухы қазақ үшін бәрінен қымбат еді, халық оның жолында қандай қиыншылықтарға да төзуге даяр еді.Қазақстан ядролық қарусыз ел атанды

16 ақпанда Елбасы ­Н.Назарбаев «Ядролық қаруды таратпау туралы» шартқа қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан өз еркімен қуатты қарудан бас тартып, ядролық қаруы жоқ ел ретінде осынау зұлматпен күрестің алғашқы баспалдағын қалады. Мұндай қадам мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтпаса, әлсіреткен жоқ. Өйт­кені ядролық қарудан бас тарта отырып, Қазақстан оның орнына сол кездегі жетекші ядролық державалар – АҚШ, Ресей, Ұлыбританиядан еліміздің қауіпсіздігінің халықаралық кепілін талап етіп, 1994 жылдың соңына қарай оған қол жеткізді. Кейіннен мұндай кепілдемеге Франция мен Қытай да қосылды.
Бұдан бөлек, сыртқы саясатта Мемлекет басшысының белсенді жоспарлары бірінен соң бірі жүзеге асып жатты. Мәселен, Америка, Франция, Ұлыбритания елдерімен Қазақстанның бостандығын қорғауға келісім жасасу барысы, Жапония елімен саудалық базаның құрылуы, олардың жаңа технологиясын ел арқылы өткізу, Қазақстанның саудалық орталыққа айналу мүмкіндігін қарастыруы, мұнай, газ құбырларын Шығыс Азияға жеткізудің жоспары осы жылдың еншісінде өткен жоғары дәрежелі кездесулерде қозғалған.

Жаңа Парламенттің сайлауы

1994 жыл қоғамдық-сая­си өмірге де үлкен өзгерістер әкелді. Ел ішінде жаңадан қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар құрылып, тәуелсіз ақпарат құралдары ашыла бастады.
Наурыз айында Ата Заң негізінде алғаш рет демократиялық сипаттағы парламенттік сайлау өткізілді. Оған барлық саяси күштер мен жекелеген азаматтар қатысуға мүмкіндік алды. Дауыс берудің нәтижесінде ҚР Жоғарғы Кеңесіне 176 депутат сайланды: президенттік тізім бойынша – 42, қоғамдық бірлестіктерден – 75, өз-өздерін ұсынғандар – 59.
Жоғарғы Кеңес депутаттарын шартты түрде үшке бөлуге болады: Президент ұстанатын саяси бағытты жақтайтындар, оппозиция өкілдері және аралық позициядағылар. Бірінші, үкіметтік ниеттегі топта 65 депутат бар және олардың көзқарасын аралық позициядағы 26 депутат жақтады. Оппозиция құрамына «Прогресс», «Қазақстанның құқықтық дамуы», «Әлеуметтік қорғау», «Еуразия», «Қазақстанның социалистік партиясы» және «Қазақстанның халықтық кооператив партиясы» саяси ұйымдары кірді. Оппозиция лагерінде Ресеймен тығыз саяси одақ орнатуды, мемлекеттік тілдің екеу болуын талап ететін керітартпалардың да аз болмағанын айта кеткен дұрыс.

Әлеуметтік-экономикалық жағдай

1994 жылы еліміз түрлі тұрмыстық қиыншылықтарды басынан кешірді. Жыл ішінде коммуналдық қызметтердің тарифтері, тұтынушылық тауарлар бағасы бірнеше рет еселеп өсті. Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың әлсіреуі нәтижесінде жалпы ішкі өнім өткен жылдың көрсеткіштеріне қарағанда 27 пайызға дейін қысқарды. Ұлттық алтын-валюта резерві 805,221 млн АҚШ долларын қамтыды. Жыл соңында инфляция өткен жылдың салыстырмалы мерзімімен салыстырғанда 1258,3 пайызға өсті, теңге АҚШ долларының бағамына қатысты 8,6 есе құлдырады.
Осынау ауыртпалық шақта ҚР Президенті Н.Назарбаев халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету мақсатында бірқатар құжаттарға қол қойды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «1994-1996 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлікке қолдау және дамыту мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қаулы қабылдады. Осымен кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету жүйесінің алғышарттары жасалды және ел экономикасы біртіндеп нарықтық арнаға түсті.

Астананы Алатаудың бауырынан Арқа төсіне көшіру

1994 жылы Қазақстан Республикасының Парламенті отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. Кейін, 1997 жылы қазанның 20-сында астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы мамырдың 6-сында Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. 1998 жылы маусымның 10-ында жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде атап өтіліп келді. 2006 жылдан бастап шілденің 6-сы Астана күні ретінде атап өтіледі.

Тың игерушілердің мерейтойы

Еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеруге 65 жыл толды. 1994 жылы осы оқиғаның 40 жылдығы Ақмолада салтанатты түрде атап өтілді. Оған сол кездегі республика Президенті
Нұрсұлтан Назарбаев қатыс­ты. Айтулы шараға Ресейден, Беларусьтан, Украина­дан қонақтар, ғалымдар келген. Бұл туралы газет тілшісі Н.Ақантайұлының мақаласы жарияланды («Ақмола ақиқаты», 6 наурыз, 1994 жыл).

Көші-қон тоқырады

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ атамекенге қандастарымыз лек-легімен орала бастады. Бір замандарда тағдырдың талайымен жан-жаққа тарап кеткен, ағайындарымен арақатынасы үзілген қазақ қауымы бір-бірімен қайта қауышып, «ақсарбас» шалып, шат-шадыман күндерді кешті. Сырттан көшіп келушілерге мемлекет тарапынан да, жергілікті қауым тарапынан да көп көмек көрсетілді.
Бұл кезеңдері көші-қон ағыны екі тарапта да қызу жүріп жатты. Елден көшіп кетушілер, негізінен, еуропалық нәсілдер болса, келушілердің дені қазақтар еді. Мәселен, 1991-2001 жылдардағы халықаралық көші-қон бойынша республикаға 788,2 мың адам көшіп келді, 2757,8 мың адам республикадан көшіп кетті. Көші-қонның теріс сальдосы 1969,8 мың адамды құрады. Әсіресе, 1994 жылы көші-қон тоқырау­ға қатты ұшырады, бұл кездері елден жарты миллионға жуық адам кетіп, сырттан тек 70 мыңнан сәл астам адам көшіп келген.Купондар қағазға айналды

1993 жылы республикада жекешелендірудің бірінші кезеңі аяқталды. Соның нәтижесінде ел ішінде 3,5 мың кооператив, 15 мың шағын және 11 мың жекеменшік кәсіп­орындар, 15 мың фермерлік және шаруа қожалықтары, 160 коммерциялық банктер және 37 түрлі биржалар жұмыс істеді. 7000 кәсіпорын жекешелендірілді, олардың 5 мыңы – қызмет көрсету және сауда саласында. Ауыл шаруашылығында өнімнің 35 пайызын жекеменшік сектор өндірді.
1994 жылы көктемде жекешелендірудің екінші кезеңі басталды. Қазақстанның әрбір азаматына 100 жекешелендіру инвестициялық купондары тиесілі болды. Бұл істе азаматтар мен кәсіп­орындардың арасында инвестициялық қорлар делдалдық қызмет атқарды. О баста адамдар осы жекешелендіру чектеріне кәсіпорындардың акция­ларын сатып алып, сол арқылы жыл сайын дивиденд алып тұру көзделген. Бірақ экономикалық даму басқаша бағытта өрбіді де, купондар еш құны жоқ жай қағаз болып қалды.

Министрлер кабинетіне сенімсіздік білдірілді

Жаңа Парламент сайлана сала мінез көрсетті. Депутаттар мамыр айынан бастап С.Терещенко үкіметінің жүргізіп отырған саясатына сенімсіздік білдірді. Уақыт өткен сайын саяси күштердің сыны үдей түсті де, ол ақыры күзде Үкіметтің ауысуына алып келді. Президент Н.Назарбаевтың ұсынысымен еліміздің жаңа Премьер-министрі болып Әкежан Қажыгелдин бекітілді.Ғарышқа екінші қазақ ұшты

Т.Мұсабаев ғарышқа 1994 жылы 4 қарашада ұшты. Ұшу уақыты 126 тәулікке созылды. Өзінің айтуынша, ол осы арманның жетегінде 33 жыл жүрген екен. «Ғарыштағы салмақсыздық күйді жерде ешқандай жағдайда толықтай сезіне алмайсың. Адамның ауада қалықтап тұрған салмақсыздық күйін сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Қабырғадан саусақтың ұшымен түртініп қалып, кез келген бағытыңа қарай ұшып жүре беруге болады» дейді ол.
Ғарыш кемесі Арқалық қаласынан 77 шақырым солтүстік-шығысқа қарай жерге келіп түсті: «Жерге қонғаннан кейін мен ұшу аппаратының терезесінен бізге қарай жайлап басып келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлын көрдім, – деп еске алады Талғат Мұсабаев. – Сол күнгі Арқалық даласының қараша айындағы тамаша пейзажы әлі есімде. Президенттің әкелік қамқорлықпен қараған көзқарасы менің бақытты күндерімнің бір белгісіндей жадымда мәңгі сақталып қалды».

Ақ Олимпиада

Жалпы ақ Олимпиада Азия құрлығына сирек келеді. Тоқсан жылдық тарихында қысқы ойындар екі мәрте Жапонияда ұйым­дастырылды. Бастауын сонау 1924 жылдан алатын доданың алауы тұңғыш рет Францияның Шамони қаласында тұтанды. Ең алғаш төрт спорт түрінен 14 медальдар жиынтығы сарапқа салынса, қазіргі таңда 7 спорттан 86 медаль үлестіріледі. Жазғы Олимпиадамен бір жылда өтетін кешенді сын 1994 жылдан бастап басқа уақытқа ауысты. Осы жылы Қазақстан дербес ел ретінде тұңғыш рет ақ Олимпиадаға қатысты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 5 =