1991 жыл

0 122

1991 жыл ел тынысына, соған сәйкес сол кездегі Целиноград қаласының тіршілігіне елеулі өзгеріс­терді әкелді. КСРО ыдырап, қазақ елі талай жылғы аңсары мен арманы – азаттығына қол жеткізді. Тәу етер тәуелсіздігіміз жылдың аяғында жарияланғаны белгілі. Оған дейін және дәл сол қуаныш келгенде тың астанасында болған маңызды оқиғалар бір жылдық белесіне аяқ басқан «Ақмола ақиқаты» (қазіргі «Астана ақшамы») газеті беттерінен көрінді. Алып одақ құрамында шаһардың соңғы жылы қалай өтті? Басылым материалдарына сүйеніп, төменде сол туралы тарқатамыз.ЗАҢСЫЗ САУДА НЕМЕСЕ ТАУАРЛАР ТАПШЫЛЫҒЫ

Жылдың басында қалада заңсыз саудаға, алып-сатарлыққа қарсы күрес күшейтілді. «Не керектің бәрін сатам» мақаласында бұл жұмыстың нәтижелері жайлы Целиноград қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкері, милиция капитаны А.Лукин хабарлайды. «Бұл күнде жайма базарда заттардың нарқы қатты көтерілген, тіпті қалталылардың өзіне де жеңіл тимеуге айналды. Оңай жолмен пайда тапқысы келгендер орайлы сәттер мен мүмкіндіктерді қалт жібермейді» деп бастайды ол материалын. ­­­­«…Не керек, бәрін де сатам…» деушілер, заңсыздыққа барушылар, оңай жолмен баю­шылар заңды бұзғандығы үшін жазадан құтылмайтындықтарын есте сақтағандары ләзім» деп түйін­дейді.
Бұл материалдан төмен қарай «Қала тұрғындарына» тақырыбымен май мен арақ босату талондық жүйеге көшірілгені хабарланып, оларды сатып алуға болатын дүкендердің тізімі берілген.
Жалпы сол бетті қазіргі тілмен «Экономика» немесе «Құқық» беті деп атауға болады. Себебі «Промтовар» бірлестігінің бөлмелерінде дүкендерде табылмайтын зәру тауарлар тұрғаны анықталғаны туралы ақпарат та бір бағанға орналастырылған. «Фотойыптау» айдарында бұл жайлы: «Мұны қалай түсінуге болады? Біз бұл сұраққа фототілшімізбен сол күні осы «байлықты» ашуға атсалысқан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінен жауап тосамыз. Әйтпесе, сауда саласының жылпостары халыққа қажет тауарларды тек өз кеңселерінде «сақтауға» толық көшіп, таза алаяқтыққа бет алатын түрлері бар» деп жазылған («Ақмола ақиқаты» 10 қаңтар, 1991 жыл №2).

ОТБАСЫНЫ ҮШЕМ КЕЛІП ТОЛТЫРДЫ

1990 жылдың 9 желтоқсанында №13 механикаландырылған колоннаның жүргізушісі Юрий Брудердің отбасында үшем дүниеге келді. Жары Ольга Константиновна Оксана, Диана, ­Татьяна есімдері берілген үш қыз туды. «Ақмола ақиқатының» 16 қаңтар күнгі нөмірі арқылы бақытты әке сол қуа­нышымен бөліскен.
Целиноград қаласында 1983 жылдың 16 қаңтарында троллейбус жүре бастаған. Оның 8 жылдығына орай газет тілшісі Жұмагүл Сәтмұхамбетова репортаж жасаған. Бұл материалдан сол уақытта жол желісінің жалпы ұзындығы 47,3 шақырым болғанын білеміз. Осы жолдармен алты бағытта жолаушылар тасымалданған. Троллейбус паркінде 350 жұмысшы, соның ішінде 84 жүргізуші қызмет істеген.АҚМОЛА ҮШІН АЙҚАС

Басылымда сол жылы қалаға байырғы Ақмола атауын қайтару туралы жиі жазылды. Бұл мәселеге оқырмандар да, газет тілшілері де араласып отырды. Нәтижесінде қалалық атқару комитеті жанынан тиісті пікірлерді зерттейтін комиссия құрылды. Оның төрағалығына қалалық кеңестің депутаты, «Облагропромстрой» бірлестігінің инженері ­А.Миронов бекітілді. Қалалық кеңестің депутаты, қалалық кеңестің ұлттық және интернационалдық дәстүрлер, тіл, тарихи мұраларды қорғау жұмыстары жөніндегі секцияның төрағасы, «Социа­листік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі М.Тоқтағазин қосалқы төраға болды. Ал қалалық кеңестің депутаты, «Вечерний Целиноград» газетінің редакторы А.Придьма комиссия төрағасының орынбасары болып тағайындалды.КИНОТЕАТРЛАРДА БИЛЕТ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

«Ақмола ақиқаты» газетіне көпбалалы ана Н.Отарәлиева кинотеатрлар билетінің қымбаттағанына шағымданған. Соған орай тілші Ж.Сәтмұхамбетова «Шынында да, олжа (трофей) ретінде алынған «Тарзан» фильмінің бір билеті неліктен 2 сом 40 тиын екен?» деген сұрақты облыстық мәдениет жөніндегі комитеттің тұрғындарды кино-видеомен қамтамасыз ету бөлімі бастығының орынбасары В.Каминскийге қойған.
23-24 ақпан күндері М.­Горький атындағы драма театрда республикалық «Сал-серілер» конкурсы өтті. Қазылар алқасына белгілі композитор Әсет Бейсеуов төрағалық етті. Ал құрамында жазушы-сатирик Көпен Әмірбек, т.б. болды. Байқау қорытындысында Үкілі Ыбырайдың «Толқынын», Ақан серінің әндерін салған семейлік Тұрсынғазы Рахимов бірінші орынды иеленді. Бұл туралы газет тілшісі ­Қ.Ахметжанұлы тарқатып жазған.
1991 жылдың 15 наурызында ҚазКСР президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз қау­лысымен Наурыз мейрамын халықтық мереке ретінде бекітті. Құжаттың бір тарауында «Республика жұртшылығының 1991 жылғы нау­рыздың 16-сы мен сәуірдің 16-сы аралығында «Табиғат жарасымы» айлығын өткізу жөніндегі бас­тамасы қолдау тапсын деп жазылған» («Ақмола ақиқаты» 21 наурыз, 1991 жыл №19). Соған сәйкес Целиноград қаласында көктем мерекесі дүркіреп тойланды.

ТІЛ ТҰҒЫРҒА ҚОНСА…

Қаладағы сол жылғы елеу­лі оқиғалардың қатарына 3 сәуір күні өткен «Қазақ тілі» қоғамының көшпелі пленумын да қосуға болады. Оған аталмыш қоғамның президенті Әбдуәли Қайдаров, вице-президенті Өмірзақ Айтбаев, Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Сұлтанов, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің бірінші хатшысы Иманғали Тасмағамбетов, республиканың өзге де басшылары мен қала басшылығы, ұйымның облыстардағы бөлімшелері­нің төрағалары қатысты.
Отырыс қорытындысында жеті бөлімнен тұратын қаулы қабылданды. Оның бесінші бөлімінде «…Қазақ КСР-нің миграция туралы заңының тез арада қабылдануы талап етілсін. Республикадан тыс жерлерден және оңтүстік аймақтардан Қазақстанның солтүстік облыстарына көшіп келетін қазақ жұртшылығын экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ету үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің жанынан тұрақты комиссия құрылып, барлық облыстық советтер жанынан оның бөлімшелері ұйымдастырылсын» деген талап жазылған.

ЕРЕУІЛ НЕ ДЕЙДІ?

14 мамыр күні Целиноград ауыл шаруашылық машина жасау зауытында ереуіл өтті. Ұжым атынан сөз алған жұмысшы комитетінің төрағасы Евгений Щербатых «Елімізде азық-түліктің бағасы екі жарым есе өсуіне байланысты жұмысшылардың хал-жағдайлары күрт төмендеді. Бізге ешкім көмек бермейді… Үкімет тарапынан төленген 69 сом ештеңеге жетпейді. Заводта темір-терсектің жетіспеуінен тұрып қаламыз да, айлық табысымыз азаяды. Осындай жағдайда үндемей жүре беруге де болмайды» деп сөйлеген («Ақмола ақиқаты» 18 мамыр 1991 жыл).

«САРЫАРҚА» ЖУРНАЛЫНА СӘТ САПАР

Жазда қалада қазақ басылымдары саны артып, «Сарыарқа» журналы шыға бастады. «Ақмола ақиқаты» жаңа журналға сәт сапар тіледі. «Ақмола өңірінде шаңырақ көтерген, Арқаның 8 облысының жазушылары мен журналистерінің шығармашылығын көрсететін көптен күткен «Сарыарқа» журналы жарық көрді» делінген онда.

БӨГЕНБАЙ БАТЫРҒА КӨШЕ БЕРІЛДІ

Целиноград облысында сол жылы Бөгенбай батырдың 300 жылдығы кеңінен тойланды. «Ақмола ақиқатының» 24 шілде күнгі 53 нөмірі батыр мерейтойымен ашылды. Соның ішінде қалада ғылыми-теориялық конференция өтіп, Бесжылдық атындағы (Пятилетка) көшесіне батырдың аты берілді. Атбасар қаласында облыстық ақындар айтысы өтті. Жұп болып Мағжан Садыханов пен Сайлау Байбосынов сөз қағыстырды. Ал бас жүлдені Қыдырбай Бекахметов иеленді.
1990 жылы қалада ашыл­ған №71 «Ақбота» балабақшасындағы он үш топтың екеуі қазақша. «Біз қазақ тілінде тәрбие алатын топтарға баса назар аударғанбыз. Бірінші сәбилер тобы орналасқан бөлмеге кіргенде асыр салып ойнап жүрген, көздерінен нұр шашқан, жандары пәк қара көз балдыр­ғандардың ортасында жүрген Данил Сигай мен Лена Смирноваларды көргенде таң қалғанымызды жасырмаймыз» дейді «Тілімізді ардақтаса, туысымыздан несі кем?» материалында ­Қ.Ахметжанұлы.
Данилдың әкесі Олег Федорович әйелі Наталья Викторовна осы қазақша топтың тәрбиешісі Үміт Жүсіпқызын жақсы білгендіктен, тұңғыштарын бұл топқа беруді ұйғарғандарын жеткізген. «Орысшаны ол әр уақытта үйренер. Ал қазақ тілін жақсы игерсе, білсе, қазақ халқының тарихынан, өнерінен хабардар болса, оның жан байлығы өсері сөзсіз» деген газет тілшісіне.

БІР ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕС

Газеттерге жазылу науқаны басталғанда, аптасына екі рет, бейсенбі және сенбі күндері шығатын «Ақмола ақиқатына» бір жылға жазылу – 10 сом, жарты жылға – 5 сом, ал үш айға 2 сом 50 тиын тұрды. Газет арқылы басылымға жазылуға шақыру белсенді жүргізілді. Ал газетке бір жыл толғанда, құттықтаулар легін халық депутаттары қалалық кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР халық депутаты Аманжол Бөлекбаев бастап, ақын Несібелді Иманова жырын шашты. «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі Жылқыбай Жағыпаров, «Қараөткел» газеті ұжымы ізгі лебіздерін жеткізді («Ақмола ақиқаты», 10 қазан 1991 жыл №70).

БАҒДАРЛАМА ИГІЛІГІ

«Тұрғын үй-91» бағдарламасы аясында аукцион ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 2 миллион қаражат түсті. «Енді осы ақшаны дәрігерлерге, мұғалімдерге және тағы басқа қалалық атқару комитетіне қарасты қызметкерлерге тұрғын үй салуға жұмсауды көздеп отыр­мыз. Осындай мақсатқа 6 миллиондай қаражат керек еді. Қалғанын тағы басқа аукциондардан табамыз деген сеніміміз мол» деді бұл туралы газет тілшісіне аукционға төрағалық еткен атқару комитетінің күрделі жөндеу басқармасының жетекшісі Сергей Котляров. («Ақмола ақиқаты» 24 тамыз 1991 жыл). Жалпы сол бағдарлама аясында 2300 пәтер пайдалануға берілді. Оның жартысын қаланың Үй құрылысы комбинаты салған.

ТЕАТРДЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

15 қараша күні Целино­градтағы қазақ театрының тұсаукесер қойылымы Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклі көрерменге жол тартты. Осыған орай «Ақмола ақиқатының» 14 қараша күнгі нөмірінде (№77) осы қойылымды сахналаған театрдың бас режиссері Жақып Омаровтың сұхбаты жарияланды. «Облыстық атқару комитетінің шешімімен алғашқыда бізге «Шолпан» кинотеатры берілген еді. Болашақ театрға әртістер жинай бастадық. Қарағандыдан – 16, Жезқазғаннан – 4, Семейден 2 әртіс келген болатын. Қалалық атқару комитеті театр әртістеріне арнап 30 пәтер мен жатақханалардан шағын жанұяларға арналған 20 бөлме бөлуге тиісті еді. Әзірше алғанымыз 6 пәтер ғана» деген еді сонда режиссер түйткілдерді де жасырмай.

90 ПАЙЫЗ ДАУЫС НЕМЕСЕ ТӘУ ЕТЕР ТӘУЕЛСІЗДІК

1 желтоқсан күні елімізде Президент сайлауы өткені белгілі. «Ақмола ақиқатының» 5 желтоқсан күнгі нөмірі (№83) «Н.Ә.Назарбаев
– халық Президенті» атты ҚазТАГ хабарымен ашылды. Ал газет материалына сүйенсек, Целиноград тұрғындарының 90 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берген.
17 желтоқсанда «Тың игерушілер» сарайында (қазіргі «Астана» концерт залы) желтоқсан құрбандарын еске алуға арналған митинг өтті. Оған 2500 адам қатысты. Бұл туралы «Ақмола ақиқатының» 19 желтоқсан күнгі санында жазылған. Сондай-ақ сол нөмір «Тәуелсіздікке қол жетті» атты ақжолтай ақпаратпен ашылды. Ал 21 желтоқсан күнгі нөмір арқылы газет редакторы Кенже Жұмағұловтың «Тәуелсіздігімізді тани білейік» атты мақаласы жарық көрді. «…Еркіндікті аңсаған көңіліміз орнығып, енді-енді болмаса жойылудың аз алдында қалған тіліміз бен рухымыз қайтадан елдігіміздің намысы болып биікке көтерілер-ау деген үміт оянды…» дейді онда автор.
«Сағат тілі жаңа 1992 жылға таянып келеді… Өткен жыл ел тарихында өте ауыр жыл болды. Ақмолалықтар біршама экономикалық тоқырауға ұшырап, қоғамдық тәртіптің іргесі шайқалып, бірқатар қиындықтарға кезікті. Дегенмен аласапыран жыл артта қалды…» (Аманжол Бөлекбаев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты «Ақмола ақиқаты» 28 желтоқсан, 1991 жыл №88). Бұл пікір сол жылдың түйіні іспеттес.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды