АПТА САУАЛЫ

0 102

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінің осы аптада таратқан мәліметі бойынша, Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмінің алғашқы көрсетілімінен түскен қаржы отандық кино өндірісіндегі рекордтық деңгейді бағындырды. Нақтырақ айтсақ, алғашқы үш күннің өзінде фильм миллион долларға жуық қаржы жинаған. Жарнамасы жүріп тұрған жаңа кино жайлы сала мамандары не дейді? Сонымен,

КИНОНЫ КІМ КАЛАЙ БАҒАЛАДЫ?

Бауыржан НӨГЕРБЕК,
кинотанушы:

Ең үлкен жетістігі – режиссер тарихи экшн жанрын керемет алып шыққан. Бұдан бұрынғы «Көшпенділер» фильмі де осы талаппен түсірілген болатын. Бірақ, шыны керек, үдесінен шыға алмады. Киноға қатысты «қазақтың тарихы, тарихи тұлғалары дұрыс қамтылмады» деген сын-ескертпелер айтылды кезінде.
Бұл фильмде тарихи тұлғаларымыз екінші планда. Десе де, фильмге арқау болған жас батырлардың ерлігі жөніндегі негізгі оқиға өте нанымды, қызғылықты етіп көрсетілген. Актерлердің ойыны керемет. Монтаждалуы одан да керемет. Танымал актерлермен бірге жас таланттардың таңдалуы өте құптарлық. Костюмдері де өте жақсы таңдалыпты.
Бір ғана әттеген-айы, киноға Нұрғиса ағамыздай композитор жетіспей тұр. Кезінде «Қыз Жібектің» музыкасын қандай етіп жазып еді ол кісі.
Сосын, фильмнің бір-екі тұсында танымал тұлғалардың көрініп қалуы меніңше, дұрыс шешім емес. Басында және соңында берілетін титрлер де қажет емес еді. Көрерменді фильмнің атмосферасынан шығарып жібереді. Маған мұның бәрі жалған жарнама секілді көрінді. Жалпы, жақсы фильм.

Ермек АМАНШАЕВ,
Ш.Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ президенті:


 

 

 

Жоңғар-қазақ соғысынан өзге тақырып жоқ па дейтіндер табылып жатыр. Алайда, кез келген ұлттың тағдырында шешуші оқиғалар, кезеңдер болады. Осы тұрғыда қазақ-жоңғар соғысын аттап өту мүмкін емес
Ақан – бүгінде алдыңғы қатарлы режиссерлеріміздің бірі. Бұған дейінгі тарихи тақырыпта фильм түсірген режиссерлердің жете алмаған биігіне Ақан жеткен секілді. «Жаужүрек мың бала» бұған дейінгі картиналар көтере алмаған жүкті арқалауға тырысты.
Бізді қуантқаны – «Жаужүрек мың бала» фильмінде 99 пайыз өз еліміздің мамандары, актерлері жұмыс жасады. Нәтижесінде, қазақ киносына жаңа есімдер қосылды. Басты рөлдерді ойнаған жастар Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, Құралай Анарбековалар аға буын актерлерден кем ойнаған жоқ. Бұлар – қазақ киносының болашақ жұлдыздары.
Фильм мамырдың ортасында Канн фестивалі аясында көрсетіледі. Оған 30-дан астам елдің дистрибьютерлері жиналып жатыр. Алдағы 1-2 айда әлемдік экранға шығарып, тәжірибелі дистрибьютерлермен кездесеміз.


Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =