АЛТЫН БЕСIГIН ӘН ТЕРБЕГЕН

0 185

ERA_7922

Арқа төсінің ызғары енді ғана ентігін басып, көктемнің күлімдеген күні келіп жатқанда қасиетті Жамбыл жерінің өнер жұлдыздарынан құралған ұжым астаналықтарға рухани серпіліс сыйлады.
Елбасы Н.Назарбаевтың бас қала – Астананы одан әрі дамыту бойынша берген тапсырмасына сәйкес, шығармашылық ұжымдардың мәдени шараларын өткізу жоспарымен келген өнерпаздар астаналықтарға ең алдымен Шерхан Мұртазаның «Домалақ ана» пьесасын ұсынды.

«Біздің бұл сапарымыз еліміздің жүрегі саналатын Астананы одан әрі көркейту мақсатында жүзеге асып отыр. Елорданың мәдени өмірінде күнде түрлі жаңалықтар болады. Біз де осыған өзіндік үлесімізді қосқымыз келеді. «Домалақ ана» – жерлесіміз ғана емес, қазақ сөз өнерінің наркескені, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туындысы. Қазақ тарихындағы Домалақ ана мен Бәйдібек бидің ерекше орнын сипаттап, суреттейтін драма аттары аңызға айналған тұлғалардың тапқырлығын, тіпті, өзіндік иірімі мол өмірдің кедір-бұдырын да жайып салады» деді шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстық қазақ драма театрының директоры Ғани Садырбаев.

Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық мемлекеттік қазақ драма театрында өткен спектакльді көруге көрермен көп жиналды. Отбасының жарастығы мен ұрпақ өсіруді бірінші орынға қоятын қойылымның желісі қазақтың қасиетті қара шаңырағының астында өрбиді. «Білегімнен бірінші ұстаған жанды жар етем» деп даналық танытқан Нұрилә өзінің тектілігімен Домалақ ана атанады. Бәйбішенің күндестігі, қысастығы қатар өріліп жататын шығармада қызғаныш дейтін қызыл иттің жетегінде кетпеген ақылды әйел ошағының отын сөндірмеуді ойлайды.
Қойылымда Нұриләнің рөлін сомдаған облыстық қазақ драма театрының әртісі Анар Сағымбекованың өнері көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Малы мыңғырған байдың бекзат болмысын сақтаған, Бәйдібек бидің образын ашқан Құрақ Оразбаевтың да актерлік шеберлігі астаналықтарды тәнті етті. Бұл қойылымнан соң М.Горький атындағы Орыс драма театрында Жамбыл облыстық орыс драма театрының «Тұран Кентавр­лары» символикалық драмасының көрсетілімі болды.

Жамбылдықтардың елордадағы мәдени шаралары келесі күні Бейбітшілік және келісім сарайында жалғасты.
Астаналықтар мен қала қонақтары ең алдымен қазақ мәдениетінің алтын бесігі – қасиетті Әулиеата өңірінің өткеніне көз жүгіртіп, тарих қойнауына сүңгіді. Сарайдың фойесіне Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан әкелініп қойылған 150-ге жуық экспонат ежелгi Тараздың Ұлы Жiбек жолын жалғап жатып, тұрақты дипломатиялық және сауда-саттықтың күретамыры болғанын көрсетіп берді. Алуан турлi мәдениеттер мен халықтарды бiр-бiрiмен байланыстырып, сонау ежелгi заманнан берi идеялар алмасудың маңызды факторы ретiнде қызмет еткен Тараздың тарихынан сыр шерткен шежірелі көрмені Жамбыл облыстық қазақ және орыс драма театрларының әртістері жүргізді. Олар Тараздың өз заманында Жiбек жолы бойындағы жетi жұртқа даңқы жайылған iрi сауда, қолөнер кәсiпшiлiгi дамыған орталық болғанын келушілерге тәптіштеп түсіндіріп беріп жатты. Айша бибi, Қарахан, Тектұрмас сынды тарихи жәдiгерлерiмен әлемдi сүйсiнткен көне Таразға «Сергiтер жүрек жарасын, мөп-мөлдiр көздер қарасын Тараздан ғана табасың» деп шығыстың ұлы жұлдызы Фердаусидің өзі сүйсініп, оның табиғатына, тұрмыс-тiршiлiгiне, тарихы мен салт-дәстүрiне тәнті болған деседі.

Тараздың бай тарихын, қазақ мәдениетiнiң, қазақ өркениетiнiң дамуына қосқан үлесiн, тигiзген жетiстiктерiн паш еткен көрмеде ортағасырлық қала тұрмысында қолданылған тоқыма, шыны, зергерлiк бұйымдар, ағаштан және сүйектен бедерленіп жасалынған қолөнер өндiрiсi де көрсетілді. Талайғы тарихы тереңде жатқан Тараздың қазақ өркениетiнiң дамуына қосқан үлесiн, тигiзген жетiстiктерiн көріп, көңілі тойған көрермен сарайдың концерт залына қарай ағылды. Өйткені, оларды онда Жамбыл облыстық филармониясының өнер ұжымы күтіп тұр еді. Концерттің шымылдығын «Әулиеата сарыны» деп аталатын облыс композиторларының күйлерінен поппури түрді. Ықыластың «Жез киігін», Боранқұлдың «Кең жайлауын», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымын» топтаған композиция бұл кештің де тарихын тым тереңнен бастағандығының белгісіндей еді. Одан әрі Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйіне республикалық би додаларында жиі көзге түсіп, топ жарып жүрген «Ақ кербез» би ансамблі «Шаттық» биін ұсынды. Ерке Есілдің жағасында бой көтерген әсем Астананы ән мен күйге тербетіп, думанды кешті қыздыра түскен тараздық өнерпаздар Жамбылдың да термесінен жыр төкті. Жамбылдың жырынан басталған ән шашу Әбубәкірдің термесі «Жиылған осы ағайынмен», халық әндері «Секіртпе», «Ой көк», «Үкілі кәмшатпен» жалғасты. Дәстүрлі өнердің биігінде жүрген талантты өнерпаздар тыңдағанның құлақ құрышын қандырды. Жамбыл өңірі береке-бірлігі жарасым тапқан елдіктің тұғырлы мекені десек, оның сабақтасуын бүгінгі күнмен жалғап, қазақ әндерін әуелете шырқап, дәстүрлі әнді дәріптеп жүрген жерлесіміз, Жамбыл жерінің мақтанышы, осы концерттің көшін бастап келген Сәуле Жанпейісова халық әні «Гәккуді» шырқады. Оның орта толтырған осы бір әнін ыстық ықыласпен тыңдаған тыңдарман әншінің тағы бір ән айтуын сұрады. «Өзім тарихы тасқа қашалған, қасиетті Жамбыл жерінде туылдым. Елге келіп, еңбек етіп жүрмін. Киелі Тараз топырағы талай өнерпаздың көңіліне ән болып құйылып, жыр болып төгіліп, күй болып шертіліп тұратын қасиетке, үлкен мәнге ие. Мен де туған жеріме қайта табан тірегенімде Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған «Ортаңа келді өз балаң» атты әнді өмірге әкелдім» деп, дархан даусымен сарайды сазға бөледі.

Кеш бойына Кенен Әзірбаев, Боранқұл Көшмағамбетов бастаған өнер саңлақтары Әбдімомын Желдібаевтың, Мэльс Өзбековтің, Илья Жақановтың, Алтынбек Қоразбаевтың сазды күйлері мен әсем әндері жиналған жұртты өнердің алтын бесігінде тербеп тұрды. Сезімге бөлеп, сыршыл әуенмен тербеген керемет кештің соңы тәуелсіз еліміз тұғырлы болсын тілекке толы «Тұғыр» әнімен жабылды.

Жамбылдық өнер жұлдыздарына елордалықтар ыстық ықыласын білдіріп, қошемет көрсетті. Астана әкімі атынан ықылас гүлі ұсынылды.

Гүлжан РАХМАН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + eighteen =