МҰСТАФА – ҚАЗАҚТЫҢ МЕРЕЙІ!

0 179

Мұстафа Өзтүрік – қазақтың атын әлемге танытқан тұлғалардың бірі. Әттең, қыршын кеткені талай қандасымыздың өзегіндегі өкінішке айналды. Сондықтан болар, есімін ұлықтауды ұмытқан жоқпыз. Назарбаев орталығында алпыс жылдығын салтанатпен атап өттік. Жиынға қазақ батырының көзін көргендер мен руханиятымыздың зиялылары, спортшылар қатысты.

Қазақтың маңдайына сыймай кеткен спорт шеберінің алпыс жылдық мерейтойына арналған «Қазақстан-Түркия достық кеші» концертін ұйымдастырған – «Мирмар Синан» көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Әбдуақап Қара мен Түркия қазақтарының ән-күйлерін нотаға түсіріп, топтастырып жүрген Қазақстанның мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов. Осы кеште екі азаматтың авторлығымен шыққан «Түркия қазақтарының ән-күйлері» атты кітаптың тұсауы кесілді. Түркия қазақтарының тарихы мен біз білмейтін ән-күйлері жинақталған еңбектің тұсауын кескен Түркиядан келген бір топ қонақтар мен еліміздің зиялы қауым өкілдері екі ел арасындағы рухани сабақтастықтың нышаны болған таптырмас дүниенің жарыққа шығуымен құттықтап, Мұстафа жайында естеліктерін айтты. Елімізде тұңғыш рет таэквандо спортын жаңғыртқан, алты елдің тілін меңгерген, Алашқа есімі мәшһүр боздағымыздың өнегелі өмірінен сыр шертетін бейнефильм еріксіз көзге жас үйірді.

«Мұстафаны ең алғаш елге келгенде көрген тілшілердің бірі едім. Иманғали Тасмағамбетов оны Мәскеуден алып келгенде Алматыдағы сол кездегі Бейбітшілік пен Комсомол көшелерінің қиылысындағы Комсомолдың Орталық комитетінде болған баспасөз конференциясына қатысып, арысымызбен тікелей жүздескен едік. Әлі есімде, сенбі күні болатын. Содан іле-шала «Егемен Қазақстан» газетінің төртінші бетіне «Таэквандо тәңірі» деген мақала жазып едім. Содан кейін мен Мұстафамен көріскен емеспін…». Бұл – белгілі журналист Қайнар Олжайдың сөзі. «Батырымыз өмірден өткен соң денесін Түркияға әкесінің жанына жерлеуге әкеткенде, Алматыдағы қазіргі Сүйінбай даңғылының бойымен әуежайға дейін жаяу жүрген қалың қаралы топтың ішінде біз де болдық. «Өзім деп келген Өзтүрік, өкінішті өліммен өзекті өртеді» деп өкіріп отырып, екінші мақаламды жаздым» деп сөзін жалғады батырды сағынышпен еске алған ол. Қайнар Олжай Мұстафаның алпыс жылдық мерейтойына «Қос қыран» атты тағы бір тартуын алып келіпті.

Еске алу кешінің басты жаңалығы, қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Мұстафа Өзтүріктің  «Жұлдыздарды тілейсің бе?» әні шырқалып, Түркия қазақтарының күйлері күмбірледі. Түркия қазақтарының күйлері деп отырғанымыз – Алтай, Тарбағатай өңірінің тумалары Сармолла және оның шәкірті Жармұхамедтің туындылары. Осы екі өнерпаздың арқасында қазаққа олардың «Телқызыл», «Солдат», «Делдал», «Әуез», «Телкүрең аттың жүрісі», «Бозойнақ» сынды күйлері кеңінен белгілі бүгінде. Сондай-ақ, «Алтай тауым», «Сағындым», «Ескі дос­тар» әндерімен ана жұртына Ыстамбұлдан ыстық сәлемін ала келген, Мұстафа Өзтүріктің жан жолдасы, құрдасы,  Түркиядағы қазақ қоғамы мәдениет бөлімінің меңгерушісі Бешір Ахмет Көсе және Ержан Тұнжер мен Седат Солақұлы орындаған сазды әндер мен күйлерден елге деген сағыныштың лебі еседі.

Ұстаздарының мерейтойына сонау Атырау мен Алматыдан асыққан Қабибек Мұхитов пен Қайрат Қырғызбаевтың шәкірттері сахна төрінде «Мұстафа» деп ұрандап, таэквандо спортының айла-тәсілдерін көрсетті.

Нұргүл АХАНҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + fifteen =