18 МЫҢ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗБАҚ

0 156

Елордада 16 қыркүйекте күн ашық, жауын-шашын болмайды деп күтілуде. Осы ретте, қала әкімдігі екі қолға бір күректі алып, барша тұрғындарды жал­пы­қалалық сенбілікке қатысуға ша­қырады.

«Астана – таза қала» атты дәстүрлі сенбілікке бұл жолы 89 мың адам атсалыспақ. Шара қала аумағын санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша күзгі экологиялық айлық аясында ұйымдастырылып отыр.

Астана қаласы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаевтың айтуынша, сенбілікке 1000-нан астам кәсіпорын мен ұйым, 49 жоғары және орта арнайы білім мекемесі, 184 мектепалды және жалпы білім беретін мекеме, 73 денсаулық сақтау мекемесі, 161 мемлекеттік мекеме, ведомство және ұлттық компания қатысып, 18 мың көшетті отырғызу жоспарланып отыр. Мұнан басқа, Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерінің арнасын тазарту, жаңбыр және кәріз желілерін тазарту, инженерлі және коммуналдық жүйе нысандары мен ғимараттарын жөндеу бойынша жұмыстар атқарылмақ.

Сенбілікке қатысуға ниет білдірген тұрғындар қажетті құрал-жабдықты аудан әкімдіктерінен ала алады. Нақтырақ айтсақ, 14-15 қыркүйекте сағат 9:00-ден 15:00-ге дейін Алматы ауданының тұрғындарына «Жерұйық» саябағында көшеттерді отырғызу үшін топырақ пен құрал-саймандар беріледі. Ал Сарыарқа ауданында қажетті құрал-жабдықтар Қаржы министрлігіне қарама-қар­сы жерде 16 қыркүйекте таңғы сағат 8.00-ден беріле бастайды. Есіл ауданында «Құлагер-2» тұрғын үй кешенінің алдында таратылады.

Айта кетейік, сенбілікке 560 техниканы жұмылдыру көзделіп отыр.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + 3 =