«Бәйтерек» тобы: МЮЗИКЛ ӘНШІЛІГІМІЗ БЕН АКТЕРЛІГІМІЗДІ ЖАРАСТЫРЫП ЖІБЕРДІ

0 439

байтерек тобы

– Топтың он жылдық мерейтойы қарсаңында қойылған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мюзиклын тамашаладым. Классикалық туынды заманауи түрде ұсынылғаны ұнады. Басты рөлдерді  шынайы бейнелеп, көрермен жүрегіне жеткіздіңіздер деп ойлаймын. Бірақ, он жылдықта сағына күткен «Бәйтеректің» әндерін неге естімедік? Шығармашылық концерт қою ойларыңызда бар ма?

Гүлжанат Оспанова, қала тұрғыны.

«Бәйтерек» тобы:

– Ең алдымен, Гүлжанат, сізге рахмет! Халық ұнады деп бағасын беріп жатса, біз мұны өнеріміздің жетістігі  деп есептейміз.  «Мюзиклдан соң, әндеріңіз жоқ қой» деп, әнімізді де сұрап жатты. Мюзиклда шырқаған әндеріміз біздің репертуарға кірді. Сонымен қатар, үшінші күйтабақты және екі бейнебаян жазу үстіндеміз. Қала күніне дейін оларды да аяқтап, тыңдарман назарына ұсынатын боламыз.  Үшеуіміз де актер болғаннан кейін тобымыз құрылған  кездегі ортақ арман – әншілігіміз бен актерлік ойынымызды бір арнаға ұштастырып, халыққа осындай мюзикл ұсыну болды. Он жылдан кейін бұл арманымыз да орындалды.

 

– Ерлан аға, бір сұхбатыңызда «интернетті көп пайдалана бермейміз, біз жайлы тыңдарман пікірін достарымыздан естіп жатамыз» депсіз. Ал, қазір ғаламторда қаншалықты жиі отырасыздар? Ондағы сырт көзге мән бересіздер ме?

Арайлым

– Жаңалықтың бәрі ғаламторда ғой. Әлеуметтік желілердің барлығында дерлік отырамыз. «Тwitter», «Facebook», «Instagram», «Мой мир» сияқты әлеуметтік желілерде тіркелгенбіз. Соған уақыт бөліп, тыңдарман хаттарына жауап береміз, пікірлерді оқып, алғысымызды айтамыз. Тыңдарман пікірі біз үшін өте маңызды.

 

– Мен кішкентайымнан ән айтамын. Біреулер менен «вокалға қатыстың ба?» деп сұрап жатады. Вокалға қатысу сонша міндетті ме? Сіздер вокалдан сабақ беріп, шәкірт тәрбиелейсіздер ме?

Батыржан, оқушы

Сайлау Қамиев:

– Спортшылар өз денесін қалыпта ұстап, жетістікке жету үшін қалай жаттықса, әнші де өз дауысын жаттықтырып вокалмен айналысу керек. Вокал ән айту мәнерін қалыптастырып, өз бағытыңды таңдау үшін қажет. Біз вокалдан сабақ бер­мейміз, бірақ мен Қазақ ұлттық Өнер университетінде актерлік шеберлік пәнінен дәріс оқимын, практиканы да жүргіземін. Бұл оқушыларға емес, бакалаврларға арналған дәріс. Бірақ, Батыржан, дауысыңды тәрбиелеймін десең, вокалға қатысқаның жөн.

 

Қалалық автобусқа соңғы рет қашан міндіңіздер және қалтада бір тиын жоқ кезде «зайчик» болып, билет төлемеген кездеріңіз болды ма?

Мақсұт

Ерлан Малаев:

– Мәссаған, ондай кездер көп болған! Студент кезімізде отырған такси жүргізушісінен де, кондукторлардан да қашқан талай қызық сәттер әлі есімде. Соңғы рет Қытайдағы автобусқа міндім. Такси кептелісте көп тұрып қалады екен, ал автобустың арнайы жолдары бар, ол жолда автобустан басқа көлік жүрмегендіктен, жол ашық, діттеген жеріңе уақытында жетеді екенсің.

 

Әнші халық алдында жанды дауыста ән шырқауы тиіс деп жатамыз. Кейбіреуі түрлі нәрсені сылтау етіп, фонограммамен айтқан дұрыс, дыбыс таза шығады деп жауап беріп жатады. Сіздер қандай пікірдесіздер? Фонограмманың көмегіне көп сүйенесіздер ме?

Таңшолпан, студент

Сайлау Камиев:

– 50 де 50%  ара-қатынасын ұстанамын. Қай кезде фонограммамен айту керектігін білу қажет. Көрші елдерде фонограмма туралы заң қабылданды. Сондай заң бізге де керек. Концерт фонограммамен айтылса, халыққа алдын ала ескертіліп, ондай концерттің билет құнын арзандату керек

 

– Сайлау аға, сізді режисерлік қырыңыздан да танимын. «Қыз Жібек» спектакілін, жақында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мюзиклын сахналадыңыз. Осы мюзиклды Қазақстанның басқа да қалаларында қоясыздар ма? Болашақта көрермендерді тағы қандай туындылармен қуантпақсыз?

Армангүл, студент

 

– Иә, мен режиссерлікке бет бұрдым. Бұл саладағы алғашқы еңбектерім классикалық шығармаларды сахналаудан басталды. Жасы үлкен аға-апаларымыздан орынды сынды да естідім, көкейге түйдім. Режиссерлікке жаңадан аяқ басқандықтан, үйренерім де, жүзеге асырам деген идея да көп. Кейде өзгеден де емес, өз-өзіңнен де қызғанатын дүниелер болады шығармашылық адамында. Мен қазір келесі туынды жайлы үлкен толғаныс үстінде жүрмін. Заманауи драматургия қызықтырады. Жоспарымдағы қойылымға қатысатын актерлерді де ойластырдым. Жақын арада белгілі болады.

 

– Отағасы болу үлкен жауапкершілік қойӘке ретінде бала тәрбиесіне қалай атсалысасыздар?

Назгүл,  көпбалалы ана

Ерлан Малаев:

– Баланың сабағына көңіл бөліп, қай пәннен ақсап жатыр, қайсысына қосымша сабақ керек екенін үнемі бақылап, әрдайым әкелік ақыл-кеңестерімді айтып отырамын.

Нұркен Өтеуілов:

– Біздің болашағымыз – қазіргі ұрпақ. Баламен сырласып, әңгімелесуге әрдайым уақытымды бөлемін. Бірге серуендеймін, ақылымды айтамын, «көрсін, білсін» деп осындай өнер ордаларына жиі апарып тұрамын.

Сайлау Қамиев:

– Қандай әке екенімді білмеймін. Оны келіншегімнен сұрау керек шығар. Әр ер адам дүниеге сәбиі келгенде жақсы әке болғысы келеді ғой, әрине. Қызы бар әкелердің сезімі қандай боларын білмеймін, қызым жоқ. Қазірде 3 ұлдың әкесімін. Жалпы, өзімнің мінезім де ұл баланы тәрбиелеуге келетін сияқты. Алла ниетіме қарай берген ғой 3 ұлымды. «Әке-шешенің қадірін балалы болғанда білерсің» деген мақал бар еді ғой. Жатсақ та, тұрсақ та баланы, олардың болашағын ойлаймыз. Олармен құрдасымдай сөйлесемін.

 

–Бүгінгі эстраданың сіз білетін кемшіліктері қандай және барлық эстрада билігі сіздің қолыңызда болса, ол кемшіліктерді қалай өзгертер едіңіздер?

Жасұлан, асаба.

 Ерлан Малаев:

– Әншілерге көп салмақ түсіп жатады: әнді өздері жазады, бейнебаянды өздері түсіреді, ол жазғандарын ротацияға бере алмай қиналып жатады. Өйткені, қайда барсаң да, көп қаражатты талап етеді. Демеушілері жоқ. Әнші – әнші ғана емес, әнші өзіне адиминистратор әрі продюсер. Бір адам жалғыз өзі жұмыс жасай алмайды. Тіпті, концерт қоюға келгенде, ғимаратты жалға алудың өзі қымбат. Осыларға жеңілдік болу керек, меніңше.

 

Сайлау Қамиев:

– Той-домалақтардан ары аса алмай, тек қазағымызға ғана қолтаңба беріп, әлемдік деңгейге көтерілмеуімізді эстрада өнеріндегі үлкен кемшілік деп білемін. Эстрадамызда талантты жастар көп. Жақсы жұмыс жасап, талпынып жатқан саусақпен санарлықтай ғана про­дюсерлеріміз бар. Бірақ  халықара­лық байқауларда үнемі 3,7,8, 9-шы орындардан көрінеді олар. Неге? Барлық продюсерлердің ойын ортаға салып, осы мәселе жайында талқылайтын бір үлкен одақ құрылу керек те шығар.  Жақсы идеясы бар продюсерлердің жұмысы мемлекет тарапынан қолдау тауып, олардың сенімді жобаларына қаржы бөлініп, эстрадамызды халықаралық деңгейге көтеру керек.

 

–Танымал болғаннан кейін кейде жеке өміріңіз қоғамдық талқылауға  айналып кетіп жататын шығар. Атақ-даңқтан бас тартып, тыныштықты аңсаған кездеріңіз болды ма?

Ғазиз

Нұркен Өтеуілов:

– Алланың берген несібесінен бас  тартып, ысырап жасаған емеспін. Халықтың ыстық ықыласы, жарқын пейілі жұмыс істеуімізге әрқашан да күш беріп, алға жетелеп отырады.

Ерлан Малаев:

– Танымалдылықтың жақсылығы көп қой. Қай жерде болсаң да, халық құрметтейді, мерейіңді өсіріп, сый-құрметін аямайды, қариялар ақ батасын береді. Құдайға шүкір, еш зиянын көрген емеспін. Бірақ адам болған соң кейде тыныштықты аңсап, барлық тірліктен 10-15 күнге босап, бой жазып, ой сергітіп тыныққым келетіні жасырын емес.

Дайындаған

Мадина ҚАЙРАТҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − 7 =