150 аула абаттандырылады

0 9

Биыл бас қалада 150 аула және 50 қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов хабарлады.

«Кешкілік қаланы аралау барысында Алматы ауданындағы жаңа аулаларды абаттандыру жұмыстарымен таныстым. Қажымұқан көшесі, 15 пен Петров көшесі, 32-де тұрғындарға қолайлы жаңадан салынған аула бар. Бұрын бұл жер бос тұрған еді, енді тұрғындардың күнделікті уақытын өткізетін орнына айналды. Қала тұрғындарын қабылдау барысында азаматтар Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылы, 17/6 мекенжайын абаттандыру мәселесін көтерді. Ол жер батпақ болды, ал қазір алаң абаттандырылды. Футбол алаңы мен автотұрақ та бар. Аулалар барлық жастағы азаматтар үшін қолайлы, себебі олар спорт алаңдарымен де, балаларға арналған ойын аумақтарымен де, егде жастағы тұрғындардың демалысына арналған тыныш аймақтармен де қамтылды» деп жазды А.Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қала басшысы биыл абаттандырылатын аулалардың тізімі бірнеше критерий бойынша жасалғанын жеткізді. «Біріншіден, қаланың ескі бөлігіне баса назар аударылды, онда аула алаңдары ескірген, не мүлдем жоқ. Байқоңыр ауданында – 50 аула, Сарыарқада – 40, Алматыда – 33, Есіл ауданында – 20 аула абаттандырылады. Екіншіден, тұрғындар қабылдау барысында абаттандыру мәселесін көтеріп, нақты мекенжайларды атады. Сол мекенжайлар бойынша кесте жасалып, жұмысқа алынды. Үшіншіден, аулаішілік емес учаскелердің абаттанбағанын жиі байқаймыз. Ол жерлер тынымбақтарға айналады. Биыл 150 ауладан басқа 50 қоғамдық кеңістікті (саябақтар, гүлзарлар, тынымбақтар) абаттандырамыз» деді А.Көлгінов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + eighteen =