КӘСІПКЕРЛЕР КӘДЕСІ

0 128

IMG_0051

Жаңа жыл қарсаңында елордалық кәсіпкерлер тұрмысы төмен отбасыларға керемет сый жасады. Әлеуметтік әріптестік аясында құрылыс компаниялары қалада тұратын он бір отбасыға пәтер кілтін табыстады. Дәстүрге айналған қайырымдылық шараға елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

Астаналық кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігін ұмытқан емес. Өйткені, осы уақытқа дейін олардың көмегімен алпыстан аса отбасы баспаналы болды.

Биыл да игі шара жалғасын тапты. Қайырымды азаматтардың қолынан бір және екі бөлмелі пәтер кілтін алғандардың қуанышында шек жоқ. Әлеуметтік жағдайы төмен, кемтар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар табыс тауып, баспана сатып алатын жағдайда емес. Сондықтан олар Астана қаласының Тұрғын үй басқармасына мемлекеттік қордан үй алу кезегіне қойылған.

– Еліміз үшін әлеуметтік мәселе ең басты орында. Бүгін баспаналы болып отырғандардың отбасында екі бірдей баласы ауруға шалдыққандар бар. Сабыр сақтап, осы уақытқа дейін пәтер кезегін күткен мұқтаж жандар кәсіпкерлердің арқасында үйлі болды. Қала әкімдігінің соңғы үш-төрт жылдан бері қайырымдылық көрсету жөніндегі ұсынысы компаниялар тарапынан қолдау тауып келеді. Кімге табыстау керек, кім шын мәнінде баспанаға зәру екенін өз еріктерімен таңдады. Бүгін, міне, Сіздерге пәтер кілттерін табыстауда. Ең бастысы, балаларыңыз аяқтан тік тұрып кетіп, солардың азамат болғанын көруге жазсын, – деді қала басшысы И.Тасмағамбетов.

Енді «Астанапромстрой-М», «Allur Auto Astana», «Құлагер», «АстанаТрейдинтернешнл», «АстанаСервисСтройМонтаж-01», «Алтын ХХI», «Азия», «Астанастройинвест», «Центр КазЭнергоМонтаж» және «АльянСтройИнвест» компания басшыларының қамқорлығының арқасында он бір отбасы жаңа жылды жаңа қоныста қарсы алатын болды.

Қазіргі уақытта Астанада 28 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Соңғы бес жылда мемлекеттік бағдарлама аясында 4,5 мың адам баспанаға ие болған.

 

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + sixteen =