ЕЛІКТІРГЕН ЭЛЕКТРОНИКА

0 158

img_ref1607_01Қазір «электрондық» деген ең көп қолданылатын сөзге айналды. «Электрондық байланыс», «электрондық қызмет көрсету», «электрондық жүйе», «электрондық кітапхана»…Қысқасы, айналамыздың бәрі электронды. Осының өзінен-ақ адам баласы виртуалды әлемге қаншалықты байланғанын аңғаруға болады. Ақпараттық алмасудың дамығаны соншалық, үйде отырып-ақ бар шаруаны компьютердің пернетақтасымен реттейтін деңгейге жеттік. Қазіргі таңда электроника әлемінде күн сайын бір жаңа өнім дүниеге келіп жатады. Әсіресе, сандық электроника саласының дамуы таңданарлық.

Ұялы  байланысшарықтау шегінде

Сандық микроэлектроникалық құрылғылардың ішінде бәрінен озып тұрғаны – ұялы телефондар. Түбінде компьютеріңді де, планшетіңді де басып озатын осы телефон болады. Бұрын ұялы байланыс түрі шықпай тұрғанда қалай өмір сүргенбіз деп ойлаймын кейде. Бір күн телефоныңызды үйге қалдырып кетіңізші.  Қайта-қайта алаңдап, мазаңыз кетеді. Өзіңізді дүниенің бәрінен құр қалғандай сезінесіз. Ал бұрын қалта телефонсыз жұрт қалай өмір сүрген? Бірақ бұрын телефонсыз-ақ жұрттар бір-бірін іздеп тауып, хабар алысып, тілдесіп тұрды емес пе? Осыдан 150 жыл бұрын телефон байланысы ғалымдар мен өнертапқыштардың арманы еді. Бірақ болашақта толқын арқылы адамдарды бір-бірімен байланыстыратын сымсыз телефон шығатынын жазушылар баяғыда-ақ жазып кеткенін біреу білсе, біреу білмес. Мысалы, осыдан бір ғасырдай бұрын өмір сүрген Роберт Хайнлайн, Джек Лондонның шығармаларында осы ұялы телефон байланысы туралы кеңінен айтылады. Алғашында тек байланыс құрылғысы болған телефон бүгінде талай міндетті қатар атқарып жүр. Сандық құрылғылардың ішінде ең өтімдісі де осы телефон болып тұр. Ақпараттық технологиялар нарығындағы жағдайды зерделейтін «International Data Corporation» сараптамалық орталығының зерттеуіне жүгінсек,  биыл жылдың аяғына дейін әлемде 1млрд смартфон сатылмақ. Бұл былтырғымен салыстырғанда  40 пайызға көп. Осыған байланысты смартфондардың бағасы да арзандап келеді. Мысалы, өткен жылы смартфондардың бағасы орта есеппен 387 АҚШ долларын құраса, биыл 337 АҚШ долларына арзандаған. Смартфондарды сатудың орташа бағамы жылына 12 пайызға төмендеп отыр. Егер осы қарқын жалғаса берсе, 2017 жылға қарай оның құны 265 долларға түседі. Ал сатылым көлемі 2017 жылға қарай 1,69 миллиардқа өседі деген болжам бар.

Әлемдегі телефон пайдалану­шылардың саны соңғы жылдары күрт өсіп, 6 миллиардқа жеткен. Соңғы деректер бойынша, жер бетінде 7 миллиард адам бар екенін ескерсек, ұялы байланыстың қарқынды дамығанын осы көрсеткіштен-ақ көруге болады.

 

Хош иісті телефондар

Сандық электрониканың бүгінгі дамуына қарағанда, түбінде шынайы сезім мен виртуалды өмірді де шатастырып алатын сияқтымыз. Өнертапқыштар енді хош иістерді, соның ішінде гүлдердің, тағамның  иісін телефон арқылы сезінуге де мүмкіндік туғызып жатыр. Мұндай ғажайыпты әлемнің ең ақылды тұрғындары саналатын жапондар ойлап тапты. Ол үшін  «Scentee» деп аталатын құрылғыны телефоныңызға орнатып алсаңыз болды, қандай бір СМС-хабарлама жібергенде, қалаған иісіңізді қосып жіберуге болады. Сүйіктіңізге раушан гүлінің иісін, әріптесіңізге хош иісті кофенің иісін жіберуге болады. Ал  телефондағы атыс-шабыс ойындарына атылған оқтың, түтіннің иісін сіңіріп қоюға мүмкіндік бар. Хош иістерді таңертеңгілік сағат-оятқышыңызға да орнатып қоя аласыз.

Осындай бір құрылғының бағасы –  шамамен 3.5 евро. Ол 100 рет қолдануға жетеді. Қондырғыны алдымен жапондардың өздері пайдалана бастады. Көп ұзамай әлем елдерінің ақпараттық нарығына да жететін болады.

 

Шаңсорғыш па, ақша сорғыш па?

Электронды технологияның бәрі де адамның тұрмыс-тіршілігін жеңілдету үшін жасалғаны белгілі.  Мысалы, микротолқынды пеш,  шаңсорғыш, кір жуғыш техникалары адамзаттың кәдесіне жарап-ақ тұр. Әсіресе, уақыты тапшы қалалықтар үшін электрондық құрылғылар таптырмас көмекші.  Бірақ осылай екен деп, соны техниканың соңынан ере берудің де қажеті шамалы. Өйткені, күнде жаңарып жатқан дүниені ешкім де қуып жете алмайды. Алайда, жұртшылық электроника әлемінің тың жаңалықтарына елеңдемей тағы отыра алмайды. Елдің осы осал тұсын пайдаланып қалғысы келетін қулар да жеткілікті. Мысалы, қазір Астана қаласында шаңды да соратын, массаж да жасайтын, үйді де жуатын, аллергияны да азайтатын керемет шаңсорғыш шықты. Ол дүкендерде, сауда орталықтарында сатылмайды. Тек жекелеген сатушылардың қолында жүр. Оларды алаяқтар деп айту қиын. Бірақ  тұрғындардың аңғалдығын,  иланғыштығын пайдаланып, әлгі шаңсорғышты сатып жібереді.  Сатқанда көшеде тұрмайды олар. Пәтерлерді аралап жүріп сатады «өнімдерін». Алдымен таныс адамыңның атынан сіздің телефоныңызға хабарласып: «үйіңіздің кілемін, матрастарыңызды тегін тазартып береміз» деп сеніміңізге кіріп алады да үйіңізге жетіп келеді. Оларға есікті қалай ашқаныңызды өзіңіз де байқамай қаласыз. Содан кейін делдалдар бұның америкалық керемет шаңсорғыш екендігін, бір өзі пәленбай қызмет атқаратынын, шаңның бір түйірін қалдырмай тазалайтынын айтып, жарнаманы жасайды-ақ. Арасында шаңсорғышпен үйіңіздің кілемін қағып, матрасыңызды жуып береді. Ең соңында «шаңсорғыш ұнады ма, ұнаса мына қағазға қол қойыңыз» дейді. Әрине, кілеміңізді жуып бергеніне мәз болып, сіз «ұнады» деп қол қоясыз. Осы жерде сатушылар тұтынушының шаңсорғышқа көңілі ауған ұрымтал тұсты қалт жібермей: «қаншаға сатып алар едіңіз? Негізі, мұның бағасы 3-4 мың долларды құрайды. Алсаңыз, арзанға береміз. Әрі жарты миллион теңгені салсаңыз, қалғанын бөліп төлеуге болады»  деп кеңпейілділік танытады. Осылайша, алданып қалған қаншама астаналықтар арамызда жүр.

Шаңсорғыш сатушылар тұрғын­дарға түкке тұрмайтын дүниесін сатып, кемі 500 мыңды қалтаға басуда. Оларға ешқандай заң да жоқ. Себебі, оларды алаяқтар деуге дәлеліңіз жоқ.  Сондықтан, тек өзіңізді-өзіңіз ғана құтқара аласыз.  Олардың сендіре айтқан сөзіне иланып, қақпанға түсіп қалмау керек.  Бұл шаңсорғыш ортанқолды «әріптестерінен» сәл жетілдірілгені рас шығар, бірақ бағасы 10 есеге өсірілгенін естеріңізге ұстаған ләзім. Оның құны әрі кетсе 600 евродан аспайды.

Ескінің бәрі жаман, жаңаның бәрі жақсы емес.  Кез келген электрондық құрылғыны алғанда жаңадан шыққанына емес, сапасына да көңіл бөлген артықтық етпейді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − six =