ШҰҒЫЛАЛЫ ШУАҚ

0 109

IMG_8022

з

з

Мемлекет және қоғам қайраткері
Ербол Шәймерденұлының рухымен сырласу

з

Аға, сіз туралы өткен шақта сөйлеймін деген ой ешқашан келіп көрмепті. Қашан, қай жерде кездессек те жымиып қарсы алатын, шұғылалы шуақты жүзіңіз көз алдымда.

Мен сіздің жазғандарыңызды өзіңізбен таныспай тұрып-ақ оқитынмын. Әрі сіздің қаламыңыздан туған дүниелерге анамның құрметі де ерекше болатын. Сырттай кісілігіңізге, ойлылығыңызға, зерделілігіңізге (әрине, жазғандарыңыз арқылы ғой) сүйсініп отыратын анам өзі танымаса да сыртынан тілеуін тілейтін қазақ азаматының санатына сізді де қосып қойған болатын.

Сізбен таныстығым Астанада басталды. Елордаға ең алғашқы болып қоныс аударған Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Тілдерді дамыту департаментінің директоры екенсіз. Ал ол кезде Астанада тіл мәселесі өте өткір-тін. «Қазақстан» ұлттық арнасының «Астана» студиясының директоры, басшымыз, қазіргі Мәжіліс депутаты Алдан Смайылға мемлекеттік тіл мәселесі бойынша хабар түсіргім келетінін айттым. Алдан аға: «Онда біздің министрлікке барып жолық, хабарды Тіл департаментімен бірлесе түсіргенің дұрыс шығар» деген. Сонымен, департаментке келдім. Онда өзім танитын Ұлықбек аға Есдәулетов отыр екен. Ағамен жолығып, осындай ойым бар екенін айтқанда қолдау танытып, сізге алып барған.

Өз ойымда сізді ірі денелі деп топшылап алғанмын ғой. Ішке кіргенде орныңыздан тұрып, қолымды алып амандастыңыз. Ұсынған орынға отырып жатып, қате топшылауыма еріксіз жымиғам. Сіз менің ұсынысыма өте қызу қолдау білдірдіңіз. Ілезде Ләззат Сүлейменқызын шақырып, мемлекеттік органдарда іс-қағаздарды мемлекеттік тілге көшіру бойынша жүргізілетін тексерулерге мені шақырып отыруды тапсырдыңыз. Және бірге жүріп, бағдарлама түсіруге қолдау көрсету керектігін нықтап айттыңыз. Осылайша біз Ләззат Сүлейменқызымен (қазір Орталық сайлау комиссиясының мүшесі) бірлесе бірнеше хабар әзірлеп, олар эфирден өтті. Бағдарлама көрсетілген соң ризашылығыңызды білдіріп, телефон шалып, әлі де бірлесе жұмыс жасауға шақырдыңыз.

Ол кездегі Астана бүгінгідей емес. Қаланың ажары, экономикалық ахуалы, рухани, мәдени келбеті жұтаң көрінетін. Сіз басқарған департамент сол сүреңсіз кейіптегі қаланың рухани өмірін жандандыруға көп күш жұмсады. Тілді насихаттау мен оның беделін арттыруды алға тартып, қаланың әлсіз рухани тінін бекіте түсу үшін әдемі өнер, жыр кештерін ұйымдастыратынсыздар. Алғашқылардың қатарында Астанаға көшіп келген зиялылар шоғыры сондай кештерде бір-бірімен жолығып, қауқылдасып қалатын. Және ол кезде көпшілігінің отбасы толық қоныс аударып үлгермегендіктен де болар, жұмыстан соң шаршадық демей барлығы бірдей сол кештерді жібермеуге тырысатын. Алыстағы әсем Алматының мәдени өмірін аңсаған жандардың көңілдеріне сіздер осылай себезгілетіп жылы нұр құятынсыздар. Алғашқы күннен астаналықтардың рухани әлемін байытудағы, Елордада мәдени ортаны қалыптастырудағы жасаған жұмыстарыңыздың бұл бір парасы ғана.

Сіз Отаншыл едіңіз. Оныңыз кеуде қақпай-ақ, үнсіз жасаған істеріңізден үнемі көрініп тұратын. Отан алдындағы  перзенттік пейіліңіз өте келісті де кең. Халқымыздың тарихындағы әрбір жақсы іске, әрбір табылған дерекке керемет қуанатынсыз. Мемлекеттік рәміздерге деген құрметіңіз, туған әдебиетке деген сүйіспеншілігіңіз, ойшылдардың артында қалған сөздеріне мән беріп, оған ой қосып отыратын көңіліңіздің төрелігі, өнеріне, жазғандарына қолдау іздеп алдыңызға келген әрбір жасқа жасаған қамқорлығыңыз, кішіпейілдігіңіз бара-бара сізді менің алдымдағы тау тұлғаға айналдырып жіберді.

Қолым қалт еткенде жолай сіздің кабинетіңізге кіріп, амандасып кетуді өзіме міндет санайтынмын. Әр кірген сайын жымиып күліп, орныңыздан тұрып, қолымды алып, амандасып, хатшы қыз Гүлсияға «шәй әкел» дейтінсіз. Шәй ішіп отырып, әдебиет, мәдениет, қоғам жайында көп әңгімелесетінбіз. Сізден шыққан сайын рухани байып, көңілім жайланып, ерекше күйге бөленетінмін. Барған сайын сіздің бойыңыздан марқұм әкеме ұқсастықтарды таба бастадым. Содан бірде:

– Аға, сіз маған әкемді еске түсіресіз, ол кісі де сіз сияқты ешқашан қатты айтпайтын, жұмсақ жымиып, еркелетіп отырып қана жөн көрсетуші еді. Біз үйде төрт қыз, бір ұлмыз. Папам сол жалғыз ұлынан гөрі бізді көбірек еркелететін еді, – дедім.

– Ааа, – деп ақырын жымидыңыз сонда. – Менің 3 қызым бар ғой,  мен де қыздарымды керемет жақсы көремін. Сірә, папаң екеуміз осыдан да ұқсайтын шығармыз.

Бір барғанда сіз мені зайыбыңыз Күләш тәтемен таныстырдыңыз. «Анар ғой, өзіңе айтып жүрген» дегенде, жүзінен жылылық төгілген Күләш тәте бұрыннан таныс адамдардай бауырына тартты. Ал мен сізді тағы бір сондай кеште анаммен таныстырдым. Араларыңыздағы сыйластық өте келісті өріліп кетті. Телефонмен жиі хабарласып, кітаптарыңызға қолтаңба жазып, мамама беріп жіберетінсіз. Ал мамам болса, оны міндетті түрде оқып, пікірін айтып, одан әрі бір-біріңізге нағашылы-жиенді екендіктеріңіз естеріңізге түсіп, әдемі әзілдесіп те қоятынсыздар.

Маған сіздің министрліктегі жұмысыңыздан кетуіңіз қатты батты. Орынсыз, әділетсіз жасалған шешімге жаным ауырды. Артынша мен жұмыс жасайтын «Астана» студиясы да жабылып қалды. Сіз де, мен де сол кездері қиын шақтарды басымыздан өткердік. Бірақ, мен сіздің сол кездері мені ойлап, көмектескіңіз келгенін білдім. Бірнеше адам «Ербол ағаң сені сұрап, біреулермен сөйлесті» деп те айтты. Алайда өзіңіз онсыз да жүдеңкіреп жүргенде қошаметкей болмайын деп хабарласпадым. Барсам, қиналатыныңызды білдім. Кейін барлығы орнына келді ғой.

Аға, кейінгі жылдары сіздің өңіңіз жүдеулеу көрінетін. Бірақ сонда да, артық ас-судан бас тартып, күтініп жүрген шығар деп ойлайтынмын. Сіз ауырады, денсаулығында бір кінәрат бар деген ой кіріп те шықпайтын. Инсульт болып жығылғаныңызды да білмеппін.

Жұмыста отыр едім, әпкем қоңырау шалды. Ойымда ештеңе жоқ, әшейіндегідей сөйлесіп жатырмын. «Сен ештеңе естіген жоқсың ба? Ербол ағаң қайтыс болып кетіпті ғой» дегенде төбемнен жәй түскендей болды.

Жүрегім жылап, жанарым боталап отырып қалдым. Өкініш жанымды жеп, соңғы уақыттарда жұмысбастылықпен хабарласпай кеткенім үшін өзіме өзім кейідім. Амал нешік,  бәрі кеш. Енді Ербол аға жоқ, бұл дүниеден озды деген ой еңсемді көтертпеді. Өзіме өзім келе алмай отырып қалдым. Біраз уақыттан соң «Не отырыс, Күләш тәтеме барайын. Сіңлілеріме әкелерінің өздерін қандай жақсы көргенін айтайын, жандарына сүйеу болайын» деп бекінуге тура келді. Қатты бағалайтын, жақсы көретін, арқа сүйейтін, еркелететін алдыңдағы ағаңды жоғалту қандай қиын еді.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

журналист

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 5 =