Жүйелі жұмыс жалғаса береді

0 54

 

 

WhatsApp Image 2020-12-09 at 18.20.10

Алтай КӨЛГІНОВ,

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі,

Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы

Nur Otan партиясының 2025 жылға дейін есептелген «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы – Елбасы, партия төрағасы ­Нұрсұлтан Назарбаевтың реформалары бағытының жалғасы. Соның ішінде елорданы дамыту жоспары негізгі 13 басым бағытты қамтиды. Партия басқарушылық тәжірибеге және қойылған міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретін маңызды кадрлық ресурстарға ие.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, партия бағдарламасы елдің әлеуметтік ілгерілеуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді, нақты шаралар кешенін ұсынады. Бағдарлама қазақстандық қоғам өмірінің барлық салаларын қамтиды.

Бүгінде елордада партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес түрлі салаларда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір» бағдарламасының ішіне 13 негізгі басым бағыт кірді. Бұл – қолжетімді тұрғын үй, үлестік құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын алаптарды дамыту, қоғамдық кеңістіктер, газдандыру, жолдар, нөсер кәріздері және тазарту құрылыстары, экология, шағын және орта бизнес, бұқаралық спортты дамыту және басқалар.

50 мың әлеуметтік пәтер салынады

Тұрғын үй мәселесі – партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі. Өткен жылы, пандемияға қарамастан, елордада 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, оның 80 пайызы – жеке инвестициялар. Мемлекет басшысы жеңілдікті тұрғын үй көлемін ұлғайту мәселесін ерекше бақылауда ұстап отыр. Мысалы, егер 2018 жылы – 1100 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы 2900 жеңілдікті пәтер салынса, 2020 жылы 7 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салынды. Бұл көрсеткіш биыл 10 мың жеңілдікті пәтерге дейін ұлғайтылды.

Партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында жыл сайын 10 мың әлеуметтік пәтер салу жоспарлануда. 4 жыл ішінде елорда әкімдігі шамамен 40 мың жеңілдікті пәтер салады. Яғни бес жыл ішінде – 2021-2025 жылдар кезеңінде 50 мың әлеуметтік пәтер бой көтереді. Бұдан басқа, 125 тұрғын үй кешені мен 150 лифтіні жөндеу, 300-ден астам отбасыны апатты үйлерден жаңа қауіпсіз тұрғын үй кешендеріне көшіру жоспарлануда.

Елордада Елбасының бас­тамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жалғасатын болады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында елордада «Elorda Jastary» арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама жастарға, соның ішінде тұрғын үй желісі бойынша жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. «Elorda Jastary» бағдарламасында білім беру, жұмыспен қамту, бос уақытты өткізу және т. б. бағыттар қамтылған. Тұрғын үй сертификатының сомасы 1 миллионнан 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. «Шаңырақ» (5-10-20) тұрғын үй сертификатын алушылардың санатын кеңейтуге бастамашылық жасалды.

Созылмалы құрылыстар жөнінде шешім бар

Жаңа әлеуметтік пәтерлер салу, тұрғын үй кешендерін жөндеу және апатты үйлерді сүруден бөлек, проблемалы нысандардың құрылысын аяқтау бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы екі жылда елордада проблемалы құрылыс нысандарының саны екі еседен астам қысқарды. 2019-2020 жылдары елордада 33 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бес мыңнан астам үлескер отбасы көптен күткен пәтерлеріне кірді.

2021 жылы тағы да 7 мыңнан астам отбасы өз баспаналарына кіру бақытына ие болады. Бұл – 57 үй. Оның 24-і бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. 2022-2023 жылдары ұзақ тұрып қалған басқа көпқабатты үйлерді аяқтау жоспарлануда. Әрбір ұзақ құрылыс бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Партияның сайлауалды бағдарламасының бағыттары іс жүзінде барлық азаматтарға қамқорлық көрсетіп, олардың өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызғанын көрсетеді.

maxresdefault

Елорда толығымен газдандырылады

Партияның сайлауалды бағдарламасында қаланы газдандыру бағытына ерекше көңіл бөлінген. Өмір сүру сапасын арттыру үшін қалада газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде: өткен жылыту маусымынан бастап бірқатар тұрғын үй алаптары газға кезең-кезеңімен қосылды.

Елорданы газдандыру – Елбасының стратегиялық жобасы. Ол 2023 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Алматы және Сарыарқа аудандарында 645 км газ тарату желілері салынды. Мәселен, «Көктал-1», «Көктал-2», «Железнодорожный» тұрғын алаптарының, 150 мыңнан астам адам тұратын «Агроқалашықтың» бір бөлігінің тұрғындарында жылыту маусымына қосылу мүмкіндігі өткен жылдан бастап пайда болды.

Осы күзде «Оңтүстік-Шығыс», «Промышленный», «Агроқалашық» (қосылмаған бөлігі) елді мекендері тұрғындары газға қосылу мүмкіндігін алады. Сондай-ақ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «Күйгенжар», «Мичурин», «Интернациональный» елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуде. Оларды жыл соңына дейін газбен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Газдандыру барысы – Мемлекет басшысының бақылауында. Осы бағытта жылу-электр орталықтарын жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде: ағымдағы жылдың соңына дейін қалған су жылыту қазандықтары газға ауыстырылады. 3-ЖЭО бойынша жобаға түзету енгізілді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары, соның ішінде су жылыту қазандығы да қайта жаңғыртылды.

Қаладағы халық санының өсуін ескере отырып, кәріз-тазарту құрылыстарының (КОС-2) үздіксіз жұмыс істеуі және қаланы қосымша ауыз су көлемімен қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды алдын ала дайындау қажет. Осылайша елордада сол жағалауға 17 км су тартқышы бар сорғы-сүзгі стансасы құрылысы бойынша жобаны іске асыру басталды.

Сорғы-сүзгі стансасы қаланың сол жағалауындағы болашақ құрылыс аудандарын және Мыңжылдық аллеясын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл бүкіл қаланың сумен жабдықтау қуатын арттырады.

Нөсер кәріздері және тазартқыш құрылыстары

Қолданыстағы нөсер кәріздерінің қуаты жеткіліксіз екенін ескере отырып, жаңа нөсер кәріздерін салу, коллекторларды кеңейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Алматы ауданында (Ш.Қал­даяқов көшесі) сорғы стансалары бар нөсер коллекторының құрылысы жүргізілуде.

Жаңа теміржол вокзалы ауданы жыл сайын инфра­құрылымға, инженерлік желілерге (су, электр, кәріз және т. б.) жүктеме артып келе жатқан жаңа құрылыстардың ауданына жатады. Мұнда нөсер кәрізінің құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ Ұлы дала даңғылында орналасқан нөсер кәрізінің проблемалы учаскесі аяқталады. Оны 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Шет аймақтар шағын аудандарға айналады

Партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес, тұрғын алаптарды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Елорданың абаттандырылған аудандары мен шет аймақтарының теңсіздігін жою үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қалада 16 тұрғын алап бар. Елорданың әрбір төртінші тұрғыны тұрғын алапта тұрады.

Әр тұрғын алабында бірқатар бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде: газдандыру, әлеуметтік нысандар мен жолдар салу, инженерлік инфрақұрылым, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және басқалар. Осылайша тұрғын алаптарда 13,5 км инженерлік желілер, бес шақырымнан астам кәріз және су құбыры, үш шақырымнан астам нөсер кәрізі және т. б. салынды.

Партияның 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, тұрғын алаптарда тағы 130 км сумен жабдықтау және су бұру желілері, 85 км нөсер кәрізі, 177 км электрмен жабдықтау желілері, 23 км жылумен жабдықтау желілері, 6,5 км телефон желілері және т. б. салынады.

Екі жыл ішінде тұрғын алаптарда 160-тан астам көше, сонымен қатар 400 қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар) салынды. Олардың бір бөлігі тұрғын алаптарда орналасқан. Мысалы, «Көктал-1»-де (Сарыарқа ауданы) жаңа саябақ ашылды (16 гектар). Онда спортпен шұғылдану мен бос уақытты өткізуге арналған үлкен аймақтардан басқа амфитеатр мен ротонда орнатылған, иттерді серуендетуге арналған арнайы алаң және т. б. жабдықталған.

«Өндіріс», «Көктал», «Ильинка», «Железнодорожный» секілді 4 тұрғын алапта дене шынықтыру-сауықтыру кешендері болады. «Мичурин» елді мекенінде алғаш рет мектеп салынды, бұрын оқушылар бейімделген бөлмеде білім алатын еді.

2022 жылы төрт елді мекенде тағы төрт оқу орнын салу жоспарлануда. Сонымен қатар 2022 жылы «Интерна­циональный» тұрғын алабында алғашқы медициналық көмек орталығы салынады, ал 2024 жылға дейін тағы екі отбасылық-денсаулық орталығы «Өндіріс» және «Промышленный» тұрғын алабында бой көтереді.

Партияның 2025 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес, 2,8 мың ҚТҚ контейнерлері мен 200-ге жуық контейнерлік алаң орнатылады.

70-ке жуық мектеп салынады

Сайлауалды бағдарламадағы маңызды бағыттың бірі – білім беруді дамыту. Бұл үшін жаңа мектеп салу, оларды барлық қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандыру маңызды. Халық санының өсуін ескере отырып, жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет.

2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп мектеп салынды. Бұл – 11 оқу орны, соның ішінде бұрын мектептер болмаған тұрғын үй алаптарындағы мектептер, онда балалар бейімделген үй-жайларда оқыды. Бұл үш ауысыммен оқытатын мектептер санын сегізден төртке дейін, ал артық жұмыс істейтін мектептер санын 22-ден 14-ке дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

2021 жылы 15 мектеп салынып, пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 40 мың жаңа оқушы орны ашылды. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге, 2019 жылмен салыстырғанда төрт есеге көп. Келесі жылы 11 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. 5 жылдық кезеңге арналған кешенді жоспар аясында 70-ке жуық мектеп салынады. Бұл процеске жеке инвестициялар да тартылады. Оқу орындарының құрылысымен қатар, қолданыстағы оқу орындарына да тиісті көңіл бөлінеді. 26 білім беру нысаны (мектептер, балабақшалар, колледждер) жөнделді.

Кедергісіз орта және әлеуметтік қолдау

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қамқорлық жасау да партия басымдықтарының бірі. Барлық балалар бірдей мүмкіндіктерге ие болуы керек. Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту үшін жүйелі негізде жағдай жасау маңыз­ды. Өткен жылы елордада БЦП, аутизм, Даун синдромы және т. б. диагноздары бар балаларды оңалтумен айналысатын бірқатар ірі оңалту орталықтары ашылды. Мысалы, «Асыл мирас» жаңа аутизм орталығы (Ш.Уәлиханов көшесі) аутистік спектрдің аурулары бар балаларды 50 пайызға көбірек қамтуға мүмкіндік берді. Бұл жоба Болат Өтемұратов қорымен бірге іске асырылды. Сол үйде тағы бір оңалту орталығы БЦП, аутизм диагнозы және басқа да бірқатар аурулары бар балалармен айналысады.

№1 қалалық балалар ауруханасы базасында Тұңғыш Президент қоры мен «Самұрық-Қазына» қолдауымен өткен жылдың күзінде «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Бұл БЦП диагнозы бар 600-ге жуық баланы жыл сайын қосымша тегін медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді.

Биыл Астана күні қарсаңында көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша, қаланың әртүрлі аудандарында «Үй жанындағы дәрігер» жобасы бойынша 29 нысан ашылды.

Ипподром базасында балалар иппотерапиямен айналыса алатын жабық манеждің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа үйлердің бірінші қабатында балаларға арналған шағын орталықтар, оңалту орталықтары, балабақшалар, «үйдегі дәрігер» және тағы басқалары ашылады. Елорда мектептерінде инклюзивтік қолдау кабинеттері жұмыс істейді.

Нұр-Сұлтан – жайлы қала

Құрылыс салумен қатар, қаланы дамыту «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» даму жоспары аясында экологиялық қағидат бойынша жүргізілуде. Биыл елорданың «жасыл» бел­деуінде, қаланың барлық аудандарында 1 миллионнан астам жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т. б.) отырғызылады. Ағаштар тек саябақ аумақтарында ғана емес, аулаларда, тұрғын алаптарда да отырғызылады.

Сондай-ақ қаладағы көрікті жерлерде жасыл «аралдар» пайда болды. «Астана Опера» маңындағы аумақта – емен бағы, Триатлон паркте – бөртегүл бағы, «Астана Балет» аумағында – жасыл бақ. Осылайша алдағы уақытта бүкіл қала бойынша жасыл «аралдар» көбейеді. Жылдан-жылға экологиялық таза аймақтар құру жөніндегі іс-шаралар көбейеді.

Тұрғындардың уақыт өткізуіне қолайлы жағдай жасау үшін аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Елордада алғаш рет түрлі спорт секциялары, көше тренажерлері, әткеншектер, workout-аймақтар және т. б. орнатылған көпір асты кеңістіктері пайда болды.

Екі жыл ішінде 400 аула мен қоғамдық кеңістіктер (саябақтар, скверлер, бульварлар) абаттандырылды. Алдағы төрт жылда кемінде 550 аула мен қоғамдық кеңістікті қосымша абаттандыру жоспарлануда.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет»

Азаматтардың шағымдары мен қажеттіліктеріне жедел назар аудару үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада халықпен кері байланыс бойынша жұмыс күшейтілді. Қала тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету бойынша жүйелі шаралар қабылдау үшін елорда әкімдігі апта сайын қабылдау жүргізеді.

Тұрғындар көбінесе тұрғын үй, әлеуметтік көмек көрсету, білім алу, жұмысқа орналасу, медициналық көмек және т. б. мәселелерді көтереді. Елордада бұл мақсатта бірқатар орталықтар ашылды.

Мысалы, 2020 жылдың күзінен бастап тұрғын үй саласында қызмет көрсету бойынша бірыңғай орталық жұмыс істейді (Республика даңғылы, 32). Онда сіз тұрғын үй кезегінің нөмірі, әртүрлі тұрғын үй бағдарламаларының тетіктері және т. б. туралы біле аласыз. Ашылған сәттен бастап орталыққа 53 мыңнан астам тұрғын жүгінді.

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында (Бейбітшілік көшесі, 14) «бір терезе» қағидаты бойынша қала тұрғындарына 70-тен астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 25 мыңнан астам тұрғынға көмек пен кеңес берілді.

Сонымен қатар iQala қалалық қызметтер орталығы (Қош­қарбаев, 29) жұмыс істейді, онда тұрғын үй-коммуналдық секторын «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдас­тыру қызметтерін алуға болады. Бұрын қызмет көрсету регламенті болмаған. Тұрғын барлық монополистерді айналып өтіп, әрқайсысымен жеке-жеке келісім жасасып, мезгіл-мезгіл қоңырау шалып, құжаттардың дайын екенін білуі керек еді. Бұл 1 айға созылды. Қазір тұрғындар iqala.kz сайтында өтініш береді. 3-5 күннің ішінде оған құжаттардың дайын екендігі туралы СМС-хабарлама келеді.

Биыл жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды (Гете, 1). Мұнда жастар білім беру, жұмысқа орналасу және т. б. өзекті мәселелер бойынша кеңес ала алады. Мұндай әлеу­меттік орталықтар өздерінің тиімділігі мен қажеттілігін көрсетті. Жалпы алғанда, тек осы жылы ғана аталған орталықтар қалалықтардың 150 мыңға жуық өтінішін өңдеді.

Осылайша Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы еліміздің қазіргі жағдайдағы даму үрдістері мен перспективаларын көрсетеді. Nur Otan – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына белсенді атсалысқан нақты істердің партиясы.

Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев атап өткендей, Қазақстан үшін бетбұрыс болған кезеңдерде нұротандықтар күрделі міндеттерді шеше отырып, әрқашан да ең жауапты учаскелерде болды. Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясы жетекші сая­си күш ретінде елді дамыту процесінде басты біріктіруші рөл атқаратынын атап өтті.

Партияның сайлауалды бағдарламасы Қазақстанның қазіргі жағдайдағы даму үрдістері мен перспективаларын көрсетеді. Онда алдағы бесжылдықтың саяси және әлеуметтік-экономикалық күн тәртібі қалыптасып, оның әрбір жобасы қаржылық және адами ресурстармен күшейтілген.

(«Литер» газетінен алынды, 19.10.2021 ж.)

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − twelve =