2019

0 39

Сабақтастық жолымен елімізде жаңа Президенттің сайлануы, Астана қаласының Нұр-Сұлтан болып қайта аталуы, Жастар жылының айшықтары… 2019 жыл елдің есінде осындай елеулі оқиғалармен қалды. Шындығында, сол жылы ерекше атап өтуге тұрарлық оқиғалар аз болмады. Солардың біршамасын жинақтап көрдік.

Тұңғыш Президент өкілеттігін тоқтатты

2021-10-19_01-06-20

19 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Үндеу жолдап, Президент ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. «Әрбір ұрпақтың атқаратын өз міндеттері бар. Мен және менің замандас­тарым еліміз үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Оның нәтижелері өздеріңізге белгілі. Әлем өзгеріп, жаңа буын келеді. Бұл – табиғи процесс. Олар өз заманының проблемаларын шешетін болады. Сондай-ақ елімізді одан әрі өркендету үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға тиіс» деді Елбасы. Конституция бойынша сайлау өткенге дейін Мемлекет басшысы қызметіне Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев кірісті.

Өзбекстандағы Қазақстан жылы

Сәуір айында Ташкентте Өзбекстандағы Қазақстан жылы ашылды. Оның ашылу салтанатына қос ел Президенттері қатысты. «Бізді тіліміздің бірлігі, дініміз, ортақ тарихымыз бен біртұтас тағдырымыз біріктіреді. Халықтарымыз – Орталық Азиядағы ежелгі әрі ұлы өркениеттің мұрагері. Біз дәстүрімізді, бабаларымыздың құндылықтары мен мәдени-тарихи мұраларын сақтап қалдық. Сонымен қатар, көптеген қиын сынақтарды бас­тан өткердік» деді Қазақстан Президенті ­ Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөйлеген сөзінде.

Астана қаласы Нұр-Сұлтан деп аталды

20 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Астана қаласын Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы Қазақстан Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын Мәжіліс және Сенат депутаттары бірауыздан қолдады. Мемлекет басшысы өз сөзінде Елбасының елеулі еңбегін ескеру керектігін атап өтіп, мұндай ұсынысты Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тұсында да Парламент депутаттары айтқанын еске салды. Сол күні елорда мәслихатының депутаттары да бұл ұсынысты мақұлдады. Ал 23 наурызда Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды.

Жастардың Жол картасы

Елбасы5

Жыл басында «Нұр әлем» сферасында өткен жастар форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылын ресми түрде ашып берді. «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге, сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланыс­ты» деді ол форумдағы сөзінде.

Қазақстанда Жастар жылын өткізудің «Жол картасы» қабылданып, бұл құжатта жастарды әлеуметтік қолдаудың нақты шаралары қарастырылды. Елордада аталмыш картаға 101 жоба енгізілді. Соған сәйкес жастарға байланысты ең өзекті деген 11 бағыт бойынша 600-ден астам шара өткізу жоспарланды. Соның бірі – жұмыс істейтін жастарға баспана беру. Сол жылы бас қалада оларға бес жыл мерзіміне, сатып алу құқығынсыз 1050 жалдамалы пәтер берілді.

Тоқаев жеңіске жетті

9 маусымда өткен кезектен тыс президенттік сайлауда Қасым-
Жомарт Тоқаевқа 6,5 млн қазақстандық немесе сайлаушылардың 70,76 пайызы дауыс беріп, ол Қазақстан Президенті болып сайланды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, жалпы тізімдегі 11 947 995 адамның 77,4 пайызы еліміздегі 9920 және шетелдегі 48 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Сайлау процесіне бақылаушы ретінде әртүрлі шетелдік ұйымдар тарапынан 1013 адам қатысты. Республикалық маңызы бар үш қаланың ішінен Нұр-Сұлтан көш бастап, сайлаушылардың 68,9 пайызы дауыс берген.

Жаңа Президенттің алғашқы жолдауы

2 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жолдады. Онда Президент тәуелсіздік жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару керектігін атап өтті. Бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе алатынымызды айтты. «Заман талабына сай тиімді мемлекет», «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика», «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі», «Қуатты өңірлер – қуатты ел» тарауларында еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындады. Соның ішінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру ортақ міндет екенін атап өтті. Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауды тапсырды.

Бас қалада бас қосты

3 арыс

4-6 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында Азия жазушыларының І форумы өтті. Айтулы жиынның ашылуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, елімізде алғаш өтіп отырған Азия қаламгерлері форумының жұмысына сәттілік тіледі.

– Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әде­биетінің даму көшіне қосылды. Қазақ қаламгерлерінің туындылары арқылы дүние жүзі жұртшылығы ұлттық рухания­тымызды танып білуде. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни екі жарым миллиард оқырманға тарайды. Азия қаламгерлері форумы шы­ғар­машыл қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл ма­ңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн, – деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сол күні елордадағы Абай көшесінің бойынан Қаламгерлер аллеясы ашылды.

Пікірлесу алаңына айналды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. «Ұлттық кеңес мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері елімізді жаңғыр­ту ісіне елеулі үлес қосады деп сенемін. Бұл – өте маңызды міндет» деді бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Халық пен биліктің диалог алаңына айналған кеңес құрамы 42 адамнан жасақталды.

 

7 ақпан – Астана қаласы әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Астана – адалдық алаңы» бірлескен жобасы іске қосылды.

19 наурыз – Қазақстанның Тұңғыш ­Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтату жөнінде үндеуін жариялады. Конституциялық заңдылыққа байланысты Президент міндеті ­Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтті.

23 наурыз – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды.

10 мамыр – Астананың 20 жылдығына орай елорданың шығармашылық ұжымдары «Астанадан ақ тілек» атты мерекелік бағдарламамен ел аймақтарына аттанды.

27 ақпан – Nur Otan партиясының 20 жылдығына арналған съезде партияның «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы қабылданды.

20 наурыз – Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырылды.

16 мамыр – «Шабыттандыратын өркендеу: адамдар, қалалар, экономикалар» тақырыбымен ХІІ Астана экономикалық форумы өтті.

27 мамыр – Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Экология және жасыл экономика көшбасшысы» ұлттық конкурстың «Эко-акимат» номинациясында жеңімпаз атанды.

12 маусым – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті.

24 маусым – Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында алапат жарылыс болды. Үш адам қаза тауып, 70-ке жуық адам зардап шекті.

26 маусым – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың борыш жүктемесін азайту жөніндегі Жарлыққа қол қойды.

9 қазан – Нұр-Сұлтан қаласында Орта Азияда тұңғыш рет «Ақылды қалалар, ақылды дестинациялар» тақырыбымен БҰҰ-ның Бүкіләлемдік туристік ұйымының VІІІ жаһандық саммиті өтті. Жиында тұрақты даму принциптері негізінде қалаларда туризмді дамыту қарқынын үдету мәселелері талқыланды.

26 қараша – «Астана» футбол командасы УЕФА Еуропа лигасы турнирінде атақты «Манчестер Юнайтед» командасын 2:1 есебімен жеңді.

15 желтоқсан – елордада Жазушылар үйі ашылды. Жаңа ғимарат қала әкімдігінің қолдауымен пайдалануға берілді.

28 желтоқсан – Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ апатқа ұшырап, 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесінің қаза болғанына байланысты елімізде аза тұту күні жарияланды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 4 =