Хамза есімін ел танитын кез келді

0 64

Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында тарихқа тағылым, ақталмаған Алаш қайраткерлеріне әділ баға беру туралы бағыт бар. Осыған орай, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың зиялы қауым өкілдерінің ішінде қазақ әдебиетіне жарқ етіп келіп, қаламгерлігін көпке мойындатқан Есенжанов Хамза Ықсанұлының да есімін елге кеңінен танытатын уақыт жетті. Үш кітаптан тұратын «Ақ Жайық» трилогиясы мен «Жүнісовтер трагедиясы» романын жазған кезінде ел: «Қазақ әдебиетіне бұзып-жарып келген бұл кім?» деп таңғалысыпты. Өкінішке қарай, «Халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесіліп, өте ұзақ мерзімге ит жеккенге айдалуы Хамза есімінің туған халқының тарихында кеңінен танылуына кедергі келтірді.

Алашордашылар топырағында туған

Хамза Есенжановтың туып-өскен ортасы Батыс Алашорда тарихымен тікелей байланысты. Ол Жаханша мен Халелдің отаны болған Батыс Қазақстан облысындағы қазіргі Сырым ауданы, бұрынғы Жымпиты уезі Шалқар ауылында дүниеге келген. Азаттық аңсаған ұйымның алғашқы құрылтайы өткен киелі топырақ оның алашшыл, ұлтжанды болып өсуіне ықпал етті. Тағдыр тәлкегімен 10 жасында тұл жетім қалып, құқық қорғау саласында қызмет еткен әкесінің кіші інісінің қолында өседі. Жымпитыда 9-сыныпқа дейін оқиды. Тайыр Жароков, Қажым Жұмалиев сынды мықтылармен бірге бір жылдың төлі Хамза арман қуып Алматыға оқуға келеді. Бастап­қыда мал дәрігері маманы ретінде оқып, кейін қасиетті қара шаңырақ – қазіргі Абай атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Ұсталғанға дейін сол оқу орнын бітіріп, Ленинградта өнер және әдебиет институты аспирантурасында оқиды. Ел астанасында лауазымды қызметтерде істеп, ЖОО-да кафедра басқарады. Қазақ опера және балет театры мен филармонияның директоры қызметін атқарады. Әдебиет­те алдымен жазушы емес ақындығымен белгілі болады. Басына бұлт үйірілмегенде, халқына ерте танылған қаламгер болар еді.

Шоқтығы биік қаламгер

Жазушылыққа бейімін алдымен Мағжан Жұмабаев байқап, Бейімбет Майлин де оның алғашқы қадамына оң баға берген. Ілияс Жансүгіровтің де көзіне түсіп, хатшылығында қызмет еткен. Оның балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі орасан зор. Өлеңдері «Бағылан Барқын» деген бүркеме атпен жарияланып тұрған. М.Қаратаевпен бірге мектепке арналған қазақ әдебиетінің хрестоматиясын жазған. Тарихи шығарма жазуда Хамза Есенжанов М.Әуезов, І.Есенберлин сияқты ХХ ғасырдағы қазақ кеңес әдебиетіндегі алыптармен қатар теңестіріледі. Жас драматургтерді баулуға қосқан үлесі зор. Көптеген публицистикалық аударма еңбектердің авторы ретінде де танымал.

М.Әуезов оның тарихи трилогиясын оқи отырып: «Бұл – еуропалық үлгіде жазылған алғашқы шығарма» деп жоғары бағалады. М.Қаратаев ол туралы: «Қазақ әдебиеті көгінде өзінің межелі биігіне тез-ақ шырқап шыққан тегеурінді талант, үлкен дарын иесі болуымен бірге төңірегін күншуағындай шапағатқа бөлеп тұратын, жүрегінің жылуы мол асыл адам еді» десе, Ә.Нұрпейісов: «Хамзеке – жүрегі жылы, аса мәдениетті, терең білімді, кішіпейіл, қарапайым, мінезі жібектей есілген ғажап адам» деп жазады. Хамза Есенжанов­тың шығармашылығындағы ерекше еңбегі – «Жүнісовтер трагедиясы» атты романы алғаш рет «Жұлдыз» журналында жарық көреді.

Қаламгер, қайраткер ретіндегі ең басты қа­сиеті – еңбектерінің тоқырау кезеңінде жарық көреріне көзі жетпесе де болашаққа сенім арта отырып, ащы шындықты баса жаза білуінде. Мысалы, Батыс Алашорданың көсемдері – Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, халық жауы ретінде атылған қарт заңгер Б.Қаратаев, мал асылдандырудың шебері Ахметше, ел аузында жүрген Құныскерей туралы астарлы болса да ақиқатты жазып, ұлтжандылық, елсүйгіштік қасиеттерді шынайы сипаттаған.

Жалалы жылдарда жігері жасымады

Репрессия басталған 1937 жылы алғашқы лекпен Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин бастаған Алаш азаматтары қуғындалып, атылып кетті. Екінші легіне Мұхтар Әуезовтермен бірге Хамза Есенжанов та ілікті. РСФСР қылмыстық кодексінің №58 бабының бірінші тармағына сәйкес оған «халық жауы» деген жала жабылып, 25 жылға бас бос­тандығынан айырылады. Бұл бап кеңес өкіметі саясатына қарсы үгіт-насихат жүргізгендер үшін қолданылатын. Тағылған айыптың бір тармағы – ұлтшылдық. Сол желеумен 1938 жылы тұтқындалып, Алматыдағы түрмеге қамалады. Өздеріне дейін талай қазақтың зиялылары атылған камерада М.Қаратаев, Х.Өзденбаевпен бірге отырады. Ұзақ жылдар бойы қараңғы қапасқа қамалған тарланбоз түрмеде жатып басқа ұлт өкілдері арасындағы тұтқындардан француз тілін үйреніп, кейін бостандыққа шыққан соң француз қаламгерлерінің еңбектерін және М.Шолоховтың екі томдығын қазақ тіліне аударады. Ол туралы түрмеде бірге болған жазушы досы Хасен Өзденбаев «Слово о Хамзе» атты мақаласында: «Хамза француз шпионы деп саяси тұтқын есебінде қамалған В.Якиманскийден француз тілін меңгерді. Осы тілдің жіктеу, септеу грамматикасын да үйренді» дейді. Түрмеде отырып, ұлттық рухы мұқалмаған Хамза Алаш қайраткері Ә.Бөкейханов әлі ақталмағанына қарамастан 1951 жылы дүниеге келген екінші баласына Әлихан деп ат қояды.

Абақтыда жазылған «Ақ Жайық»

Айдауда жүргенде түрмедегілердің білім деңгейіне байланысты оларды әр түрлі жұмыстарға жегеді екен. Сонда Хамзаны жазу-сызу білгендіктен есепші етіп алған. Яғни оның түрмеде отырып та қағаз бен қаламға қол жеткізуге мүмкіндігі болған. Өзі темекі тартпаса да тұтқындардың темекісінен қалған ұсақ қағаздарға, жалпы қолына қандай қағаз түссе соған, тіпті ағаштың, ақ қайыңның қабығына тезистерін, ойына келген ой орамдарын түсіріп отырған. «Ақ Жайық» трилогиясының негізгі нобайы, тараулары түрмеде жазылған. Босап шыққаннан кейін үйіне бір ескі жастықтың тысын бірге ала келіпті. Өзіне-өзі келгеннен кейін сол тысты сөгіп қарағанда, тілдей-тілдей қағаздар төгіліп түседі. Әр қағаздағы ойын шатастырмас үшін оларды ретімен нөмірлеп қойған екен. Осындай қиындықтармен жазылған еңбек толық аяқталғанда қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық әкеліп, іле-шала трилогияға «Әдебиет пен өнер» саласында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағы беріледі. «Ақ Жайық» – халықтың тағдыры ойыншыққа айналған асыра сілтеу дәуірінің саяси ахуалын бүркемелемей, қаз-қалпында суреттеген, азамат соғысы жылдарына арналған шығарма.

Софияның ерлігі немесе махаббат дастаны

Хамза мен оның жары, сұлу да білімді Софияның махаббат дастаны нағыз шынайы, адал сезім туралы кино түсіруге, өнеге етуге лайықты болар еді. Қызылжар қаласының тумасы София Жақияқызы Тасте­мірова – Мағжан Жұмабаев­тың туған жиен қарындасы. Хамза Есенжановтың тар жол, тайғақ кешуден тұратын қиын тағдырында ауыр сынақтарда сынбай аман қалуына, шығармашылығын дамытуына, ұрпағын өрбітуіне әйелінің қосқан үлесі зор, сол жолдағы еңбегі нағыз жанкештілік еді. Қуғын-сүргін басталған кезде ұлы Эмиль шетінеп кеткенін түрмедегі күйеуінің сағы одан сайын сынбасын деп біраз жылға дейін білдірмей, хат жолдағанда көрші баланың саусақтарын бастырып жібереді екен. Дәрігер бола тұрып, жалғыз ұлымды, текті тұқымның ұрпағын сақтай алмадым деп қатты қынжылады. Өзі өтініш білдіріп, жарының қасында айдауда бірге болуға сұранғанмен, оған басында рұқсат берілмейді. Алматыдағы жауапты жұмысын, аспирантурасын тастап, жолдасына жақындаймын деген оймен солтүстікте медпунт басқарады. Оралдық ақын Айтқали Нәріковтің «Аққу махаббат» атты өлеңінде Хамзасының қасында болуға рұқсат алып, Софияның лагерьге жеткені, сол кезде жарының тек құр сүйегі сүйретіліп, өлі мен тірінің ортасында отырғаны суреттеледі. Сөйтіп ол жанына жеткен жұбайының жағдайын жасап, денсаулығын түзеп, өмірін аман сақтап қалады. Сұлулығына сөз жетпеген ажарлы әйелінің оған деген және өзінің сондай өмірлік жарына деген махаббатының арқасында Хамзаның өмір сүруге деген құлшынысы артады. София «Ақ Жайық» трилогиясының дүниеге келуіне бірден-бір себепші болады.

Есімі оның ардақталса…

Түрмеден шыққаннан кейін 1959 жылы ақталған қаламгер тынбай еңбек етіп, әдебиет әлемінде таңдаулы еңбектер жазып қалдырды. Ол 1974 жылы 66 жасында дүниеден өтті. Х.Есенжанов­тың қазақ кеңес әдебиетін дамытудағы ерен еңбегі жоғары бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Қайтыс болғаннан кейін алты томдық шығармалар жинағы жарық көріп, «Ақ Жайық» романы орыс тіліне аударылды. Көз көргендер Хамза Ықсанұлының «лауреат» атануы, кітаптарының мыңдаған тиражбен шығуы, жаңа пәтер алуы сол кездегі Қазақстан басшысы Д.Қонаевтың арқасы екенін айтады.

1966 жылы білім іздеп Алматыға оқуға барған кезде Хамза Есенжановтың үйіне соғып, София жеңгеміздің берекелі дастарқанынан дәм тату бұйырды. Алғаш көргеннен ерекше ағалық сезімменен жақын тартып кеттім. 2013 жылы Оралда басылып шыққан «Аққу махаббат» атты жинағымда соның бәрі қамтылып, баяндалады. Батыс Қазақстанда біраз қиындықтармен оған екі тас мүсін қойылды, табанды еңбектің арқасында көше аты берілді. Қаражаттың жоқтығы немесе тарихи тағылымның кемшіндігінен бе, әйтеуір осы мәселелер қайта-қайта кейінге қалдырылып келді. Енді оның есімі елордадағы бір көшеге беріліп, танымалдылығы артса екен дейміз. Бұл ұсынысымызды қазіргі елорда әкімі Алтай Көлгіновке де жолдап, Хамза Есенжанов атына көше беруді сұрадық. Көп өмірін жаламенен тар қапаста өткізсе де халқының алдында абыройлы өмір сүрген, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан тұлға есімін ардақтауды бас қаладан бастау туралы оң шешім қабылданады деген сенімдеміз. Қайсар, ұлтжанды болмысы мен туа бітті таланты келер ұрпақтың бойында ізгі қасиеттерді дамытуда маңызды рөл атқаратын Хамза Есенжанов есімі тек бір өңірдің ғана емес, бүкіл елдің тарихында кеңінен насихатталуы керек.

 

Сайлау Сүлейменов,

зерттеуші

Нұр-Сұлтан қаласы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 1 =