Ақмола қазағы көрген алғашқы басылым

«Бостандық туы» газетіне – 100 жыл

0 106

Тура бір ғасыр бұрын, 1920 жылы 22 ақпанда «Кедей сөзі» деген атаумен шыққан газеттің алғашқы санын Алаштың ардақты ұлы Мағжан Жұмабайұлы Омбыда бастырған. Ол газет кейін «Бостандық туы» деген атаумен Қызылжарда шыққан. Әр жылдары «Бостандық туы», «Кеңес ауылы», «Ленин туы», «Солтүстік Қазақстан», «Soltüstik Qazaqstan» деген атаулармен шыққан газетте Смағұл Сәдуақасұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Жанұзақ Жәнібеков, Әлжаппар Әбішев, Сафуан Шаймерденов, Сейілбек Үсенов және тағы басқа Алаш арыстары, қазақ зиялылары, қаламының қуаты мол журналистер қызмет еткен.

2021-10-12 (2)

Оның алдында Қазревком, одан кейін Омбы губкомының атынан шыға бастаған «Кедей сөзінің» 1920 жылғы 7 қарашадағы «Октябрь төңкерісі һәм қазақ еңбекшілері» атты мақалада айтылған ойлар дәл бүгін айтылар сөз-ау деймін. Ұлы даланың бір шетіндегі қазақтан «Төңкеріс деген не?» деп сұрап көріңіз. Газет орыс мемлекетіндегі наразылық, толқулардың себебін, күрестің қалай басталғанын, төңкеріске ұласқанын байыппен түсіндіреді. Тап деген не, олар неге тартысады, жұмысшы мен капиталшы, мұжық пен алпауыт нені бөлісе алмайды? Осылардың сыртында қазақ жұртының жағдайы қалай болмақ деген көп сауалдарға мақала авторы Смағұл Сәдуақасовтың (20 жаста – З. Т.) берген жауабы мынау: «Біз қазақ тұрмысын алсақ, жоғарыда айтылған екі тапқа қазақты бөлерлік еш себеп жоқ. Қазақ тұрмысын жаппай бір түрлі құлданушы да, құлдықта жасаушы да тап жоқ… Қазақты шет халықтар құлданбаса, өз ішінен құлданушылар шыққан жоқ. …Олай болса, қазақ халқының бәрі еңбекшіл». Қазағымның талай асылдары осы шындықты түсінбей, арманда кетті-ау! Тап деді, жау деді, ақыры сол тапшылдық пен жау іздеу өздерінің түбіне жетті. Бұл – ертеңгіге сабақ болсын деген сөзіміз.

Осыдан 100 жыл бұрын газет қазақ халқы үшін Қазан төңкерісінің үлгісін орысқа тон пішкендей етіп ұсынуға болмайтынын айтады. Өйткені бұл қазақ төңкерісті өзі жасаған жоқ, «төңкеріске дейін де, төңкерістен кейінгі үш жылда да теңдікке қол жетпеген. …Отаршылдық жарасы әлі жазылмаған». Ендеше оны тап-тапқа бөліп, атыстырып-шабыстыру обал, көпе-көрнеу қиянат. Публицист Смағұл мұндай әлеуметтік төңкерісті жер сілкінісі сияқты табиғат апатына, зілзалаға теңейді де, өз ойын айқын түсіндіру үшін 1909-1910 жылдары Алматы қаласын қиратқан зілзаланы мысалға келтіреді. «Жерде зілзала болса, жердің асты үстіне келіп, үстіндегі ауыл, шаһар, тау-тас – бәрін де бөріктей ұшырады. Үстіндегі нәрселердің бәрі ойран-ботқа болады».

1920 жылғы желтоқсандағы санында басылған «Теңдік» (Мағжан Жұмабай – З. Т.) деген бас мақаладағы: «Қазақтың үстіндегі қара тұман айығып, жадырап жарқын күн туады. Кемдік кетіп, теңдік жетеді. Құл емес, ұл боламыз» деген тәтті үміт, асыл арманға толы жолдар газет шығарушылардың болашақтан не күткенін анық көрсетсе керек.

Бұл үміттің ақталатын-ақталмайтыны қазақ қаламгерлерін сол кезде-ақ толғантқан. Оған Мағжан Жұмабайдың «Кедей сөзіндегі» «Автономия кімдікі?» деген мақаласы мысал бола алады.

Автономия – қазақ зиялыларының түсінігінде тәуелсіздікке қарай алға басқан маңызды қадам еді. 1917-1918 жылдары Алаш автономиясы жарияланды, Түркістан автономиясы құрылды. Бірақ олардың ғұмыры ұзақ болмады, ақ гвардияшыл казак генералдары Колчагы бар, большевигі бар – қазақтың есесін бермеді, өз алдына мемлекеттігін құрғызбады.

Сөйтіп жүргенде, кеңес өкіметі 1920 жылы 26 тамызда Қазақ автономиялы республикасын құру туралы шешім қабылдады. Қазақтар бұл шешімді большевиктердің «ұлттардың өзін-өзі билеуіне» берген мүмкіндігі деп қабылдады. Іс жүзінде автономияның иесі түсініксіздеу болса да, Мағжан сияқты қаламгерлер газет арқылы халыққа сөз тастап, қазақтың осы мемлекеттік құрылымын нығайтуға атсалысуға шақырды. Осы тұрғыдан қарағанда, Мағжанның мына сөздері ащы да болса шындық еді:

«Большевикті құбыжық көріп, Ресейдің шет-шектері тігісінен сөгіле бастаған кезде, Қазақ автономия­сы деген пікірі жарға ұмтылған толқынның күшімен ғана жарық көрген емес пе еді? Бүгінгі күн автономияны бауырына басып алып, тірі жанды жолатқысы келмей отырған жолдастардың әжептәуір бір тобы кеше «Сайлауға» (1917 жылы Ресей құрылтай жиналысының депутаттығына кандидаттар ұсыну кезеңі туралы сөз болып отыр – З. Т.) өкпелеп, елден безіп, төрелік іздеп кеткен «ерлер» емес пе еді? Алашқа автономияны анық алып беретін мен едім деп, өзін іргелі автономияшыл санайтын мырзалардың көбі 1917 жылы Орынборда, декабрь айында ғана тумап па еді?».

Мағжан ақын өзінің туған халқына деген, қазақ бауырына деген адал ниетін газет оқырмандарына бейнелі сөзбен жеткізе отырып, мақаланың бас тақырыбындағы «Автономия кімдікі?» деген сұраққа мынадай айқын да тұжырымды жауап береді:

«Айлы, күнді, қанды отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әде­биеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар қазақтікі. …Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі. «Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған, Ер қазақтың автономиясы – бұл!».

Газетті Омбы губаткомынан алып, қазақ өкілдігіне беру мәселесі де бірсыпыра әуре-сарсаңмен шешіледі. Құрылтайшысы Қазақ республикасы болып өзгергендіктен, редакция алқасы бұрынғы «Кедей сөзі» атауынан бас тартып, газетті «Бостандық туы» деп шығаратын болады. Сонымен, 1921 жылғы 5 наурыз күні Омбының көркем­өнер мектебінің шеберханасында газеттің жаңа бас тақырыбы цинкке ойылып жазылды.

Бұл арада басылым атауының «Кедей сөзінен» «Бостандық туына» алмастырылуы туралы пікірімізді ортаға салсақ артық болмас. «Кедей сөзі» – белгілі дәрежеде аясы тар ұғым, тұтас халықты бай және кедей деп бөлген таптық ұстанымның жемісі. Ал «Бостандық туы» тұтас қазақ ұлтының отарлық езгіден құтылып, тәуелсіздік, бостандық алғанын, алмаса да сол мақсатқа ұмтылғанын көрсететін жалпы адамзаттық түсінікті бейнелейді.

Осы тұрғысынан газеттің бұлай аталуы қазақ халқының азаттық аңсағанын, өз еркі өз қолына тигенде ғана тарихтан лайықты орын алуға мүмкін деген ізгі ниетті білдіреді. Тиісінше, дәл осы «Бостандық туы» деген атау қазақ даласында таптық жіктелудің жоқ екені туралы «Алаш» партиясының ұстанымына сай келеді.

Омбыдағы Қазақ өкілдігінің атынан, яғни жаңа құрылған Қазақстан Республикасының атынан «Бостандық туы» газетінің тұңғыш саны 1921 жылғы 7 наурыз күні жарыққа шықты. Қазақ өкілдігі баспахананың 8 жұмысшысына жалақы төлеу мәселесін де шешті.

Газеттің осы 4 мың дана болып басылған тұңғыш санында Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешевтің «Қазақ жолдастарға!» деген үндеуі жария­ланды. Газетке қосымша ретінде «Қазақ әйелдеріне!» деген үндеу 1 мың дана болып басылып, әйелдер бөлімінің меңгерушісі Голубеваның атымен, араб әлібімен жеке парақ түрінде таратылды.

Мемлекеттік мұрағат қорында Мағжан Жұмабаевтың «Бостандық туы» газетінің редакция алқасының мүшесі екендігі және арнайы тамақ үлесін алмайтындығы» туралы №727 анықтама-куәлік сақталған. Оның жазылған күні: 1921 жылғы 21 наурыз.

Редакциядағы шығармашылық қызметкерлер міндеттерін өзара былай бөліскен көрінеді:

Радио арқылы материалдар қабылдап, қазақша дайындау: 1) Бірмұхамет Айбасов, Мұратбек Сейітов. 2) Жергілікті хабарлар: Кәкенов пен Фазылов. 3) Қазақстан Орталық атқару комитеті мен Республика халық комиссарлары кеңесінің қаулы-қарарлары мен нұсқаулары, яғни ресми ақпарат Кемеңгеров, Айбасов, Бекмұхамбет Серкебаев (Ермек Серкебаевтың әкесі – З. Т.). 4) Партия жұмысы: Тоқжанов пен Телжанов. 5) Баспаханада әріп теруші, беттеуші және басушы болып мына адамдар істегені туралы мағлұматтар бар: Орақбай Кенжетаев, Әубәкір Смағұл, Хұсайын Серікбаев, Шәкірәт Жылгелдин, Г.Тюков.

19 наурыздағы санында Ақмола және Семей облыстарын Сибревкомның қарамағынан алып, Қазақстанға қосу үшін Үкімет комиссиясы келе жатқаны хабарланды. Ақмола губерниялық ревкомына төраға болып тағайындалған Әбдірахман Әйтиев баспасөз арқылы жас қазақ республикасын нығайту жөніндегі шараларды жария етті.

Газеттің 5-санында жарияланған «Іске сәт!» деген бас мақала Ақмолада билік жүйесін қалыптастырудағы шешімін күткен мәселелерге арналды. Яғни жаңа тұрпатты сот және тәртіп сақтайтын милиция органдарын әуелден дұрыс құру қажеттігіне көңіл аударылды.

Көп ұзамай, 1921 жылы 26 сәуірде, Қазақ автономиясы құрамында Ақмола губерниясы (кейін Қарағанды, Көкшетау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары болып бөлінген аумақ – З. Т.) құрылып, оның орталығы Петропавл қаласы болып белгіленді.

Губревкомға төраға болып Қазақ АССР ішкі істер халық комиссары Әбдірахман Әйтиев тағайындалды. Енді губерниялық «Бостандық туы» газетін Ақмола губерниясының орталығы Петропавлға көшіру мәселесі қозғалады.

1921 жылдың 21 сәуір күні газет редакциясы Омбыдағы өкілдікке хат жолдайды: «Алдағы уақытта газеттің Петропавл қаласына көшуіне байланысты Омбы уезіне жіберілген газет қызметкері Бекмұхамбет Серкебаевты кері шақыруды сұраймыз». Бұл құжат «Бостандық туының» Омбыдан Петропавлға қашан ауысқанын дәлірек көрсетеді.

Екінші бір хатта Петропавл қаласында қазақ газетін шығаруға қатысты қиындықтар баяндалған:

«Петропавл қаласында Ақмола губревкомының ұйымдасуына байланысты онда газет шығару үшін қазақ шрифтілері мүлде жоқ, орыс әріптері де жетіспейді, баспа машиналары аз, қағаз жетімсіз. Сондықтан бұрынғы Ақмола облыс­тық басқармасының баспаханасын әріптерімен, қағазымен және әріп терушілерімен Ақмола губревкомының қарауына бергізуді сұраймыз».

Бұл арада «бұрынғы Ақмола облыстық басқармасы» деген атау­ды түсіндіре кетсек артық болмас. Өйткені Ақмола облысы деген атау­ды көпшілік жұрт нағыз Ақмола қаласымен, қазіргі Нұр-Сұлтанмен шатастырады.

Революциядан бұрын да 1868 жылғы реформаға байланысты Ақмола облысы болған. Оның орталығы – Омбы қаласы. Сонымен бірге Омбы қаласы әрі Дала генерал-губернаторлығының орталығы болған. Ақмола облысын әскери губернатор басқарған. Басқару кеңесі «облыстық басқарма» деп аталған. Ал сөз болып отырған «облыстық басқарманың баспаханасы» 1888 жылдан 1902 жылға дейін «Дала уәлаятының газетін» шығарып тұрған болатын. Газет жабылғаннан кейін бұл баспаханада үкіметтің бұйрық-жарлықтары, циркуляр хаттары, ауылшаруашылық нұсқау­лары қазақ тілінде, арап әлібімен басылып тұрған. Кейін «Кедей сөзі» осы баспаханадан шыққан.

Ал Петропавлда қазақ әріптері жоқ, орысшасының өзі жетіспейді дегенге келетін болсақ, бұл сөздер мұнда бұрын Қызылжарда қазақ басылымдары болмаған дегенді білдірмейді. Петропавлда «Есіл даласы» (1913 жыл, қыркүйек), Көлбай Тоғысовтың (Төлеңгітов) «Үш жүз» газеті (1917 жыл), «Жас азамат» (1918-1919 жылдар) газеті шығып тұрған.

Енді Петропавлдағы баспахананы қалпына келтіру және оның қуатын арттыру жөнінде Қазақ автономия­сы Орталық атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешев 1921 жылғы 27 сәуірде Омбыдағы өкілетті төтенше комиссияға жеделхат соғып, «Петропавлда электробаспа» ашу мәселесін жеделдетуді сұрайды.

1921 жылғы мамырдың 13-і күні Ақмола губревкомының төрағасы Әбдірахман Әйтиев Омбыға жеделхат соғып: «400 пұт газет қағазын, баспаханаға әріп теруге және газет беттеуге керекті түрлі гарт (металл қорытпасы) материалдарын, реглеттер, бабашкалар мен марзандар, әртүрлі квадраттар – 7 пұт материал жіберуді» сұрайды (баспахана заттарының техникалық атаулары).

Бұл құжаттар Қазақстанның солтүстік аймағын түгел қамтыған Ақмола губерниясында, оның орталығы Петропавл қаласында қазақ тілінде газет шығару ісіне Әбдірахман Әйтиевтің зор еңбек сіңіргенін көрсетеді. Ол ана тіліндегі мерзімді баспасөздің мемлекет іргесін нығайтуға, халықтың дербес билікті өз қолына алуына деген сенімін орнықтыруға үлкен көмегі болатынын жақсы білген.

1921 жылғы қыркүйек айында «Бостандық туының» таралымы 2900 дана болғаны, одан кейін де 2500 данадан кемімеген. Қазіргі әкімшілік-аймақтық бөліспен қарағанда, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Қарағанды облыстық газеттерінің және осынау үлкен аймақтағы аудандық, салалық газеттердің тұңғышы және көшбасшысы ретіндегі «Бостандық туы» газетінің еліміздің тарихында алатын орны ерекше.

1922 жылғы 27 сәуір күні губерниялық партия комитеті президиумының қаулысы бойынша «Бостандық туы» газетінің бас редакторлығына бұрын баспасөзде бірқатар уақыт жұмыс істеген Жанұзақ Жәнібеков тағайындалды.

Бір айдан кейін партия комитеті «Бостандық туы» газетінің редакция алқасының құрамын қайта қарап, жауапты редакторлыққа Айтқожинді, алқа мүшелігіне Баржақсин мен Жәнібековті тағайындады.

«Бостандық туының» материалдық базасы оңалып кете алмады. Қазақ қаріптері жетіспеді. Бұл жөнінде газет редакторы Айтқожин партия-кеңес органдарына бірнеше рет мәлімдеді. Ақыры тиісті шешім қабылданып, газет редакциясының жауапты хатшысы Әбдірахман Бегішев Орынбор қаласына баспахана жабдықтарын алуға жіберілді.

Сол күзде губернияда кеңестер сайлауы өтетін болды. Көзі ашық, көкірегі ояу Мағжан бұл науқанның қазақ ауылдарына жақсылық әкелуін тіледі. Тіледі де, сайлаудың мәнісін түсіндіріп, «Бостандық туы» газетіне «Сайлау» деген мақала жазып бас­тырды. Онда қазақ даласында қазір ревком деп аталатын әскери билік орнағанын, бұл биліктің құрамына ешкім сайламаған, жоғарыдан тағайындалған өкілдер кіргенін, демек, олар жергілікті халықтың мұң-мұқтажын білмейтіндігін көрсетті. Осылайша жаңа саясаттан бейхабар отандастарын сайлауға белсене қатысуға, билік құрамына елдің жайын білетін, аузы дуалы, беделді, іскер де адал азаматтарды сайлауға шақырды. Атап айту керек, бұл мақала – өзі қолымен қалыптастырған жергілікті баспасөздегі Мағжанның ең соңғы қолтаңбасы.

Ертеңінде-ақ орыс тілінде шығатын губерниялық «Мир труда» газетінің 1922 жылғы 8 тамыздағы санында губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сабыр Шәріповтің (бүркеншік аты – Рибас) «Қазақ болыстарындағы кеңестер сайлауы» («К выборам Советов в киргизских волостях») деген мақаласы басылды. Тақырыбынан-ақ көрініп тұрғандай, орыс болыстарынан қазақ болыс­тарын жеке бөліп алып, ұлтты кемсіткенін былай қойғанда, бұл нағыз байбалам еді. «Рибастың» ұраны кеңестер құрамына лайықты адамдар сайлау қажет деген сияқты көрінгенмен, басты тезисі «жергілікті билік орындарына бұрынғы алашордашылар сайланып кетпесін!» деп жай жатқан елден жау іздеді. Атап айтқанда, газеттің кімдерді мезгеп, автордың кімдерге нұсқап отырғаны ертеңінде, 9 тамыздағы газетте жарияланған «Алашордашыларға кеңес ұйымдарында орын жоқ!» деген екінші мақаласынан көрінеді. Үзінді мынау:

«Қазақ интеллигенциясының көсемдері, буржуйлар мен кулактардың ұлдары, жалдаптары Жұмабаев, Тілеулин, Мұқышев, Сейітовтер, Итбаев, Тұрлыбаев, Жанайдаров, Нұралин кезінде Бөкейхановтың, Байтұрсынов пен Дулатовтың батасын алып, соңынан еріп, Колчак тұсында жауапты қызметтер атқарды. Біз еңбекші-кедейлер атына мынаны мәлімдейміз: алдағы кеңестер сайлауында бұрынғы алашордашыларға, әсіресе олардың көсемдеріне бірде-бір дауыс берілмесін… Біздің жолымыз олардан бөлек. Оларға дауыс бергендер еңбекшілердің, кеңес өкіметінің жауы саналады…» Осы жаланы көре тұра, Мағжан Қызылжардан жылыстап кетуге мәжбүр болды. Сол кеткеннен Ташкентке барды. Бір жылдан соң оқуды сылтауратып Мәскеуді бетке алды. Онда да тұрақтатпаған соң, соңына қоңырау байланып елге келді. Мағжанның қиын тағдыры осылай басталған.

1926 жылғы 1 мамыр күні 8 бет болып шыққан «Бостандық туында» «Бұжыр» деп қол қойған автордың* «Баспасөз күні» деген мақаласында орыстың жұмысшы баспасөзіне, одан кейін социал-демократиялық «Искра» және «Правда» газеттерінің тарихына шолу жасалады да, қазақ тілінде шыққан газеттерді кезегімен тізіп, әрқайсысына таптық тұрғыдан баға беріледі. Мысалы:

1) «Қазақ» газетінің баспасөз күнінен сыбаға алуға құқы жоқ. 1912-1918 жылдары жалғыз-ақ ұлт қозғалысына көсемдік қылды. Большевиктерге қарсы болды. Шығарушылар: Байтұрсынұлы, Дулатұлы, Бөкейханұлы, т. б.

2) «Сарыарқа», Семейде, 100 процент Алаштың газеті. Кеңес өкіметіне қарсы сөз таратып, қазақтың қалың бұқарасының көзін бояды. Колчакқа намаз оқыды. Жазушылары: Ғаббасов, Бөкейханов, Тұрғанбаев, Әуезов, т. б.

3) «Жас азамат», Қызылжарда, 1917-18-19 жылдарда. Бас жазушылары: Мағжан, Кемеңгеров, Смағұл Сәдуақасұлы, тағы бірнешеулері. Оған тілектес «Алаш» газеті, 1917-1918 жылдар.

4) «Бірлік туы», Ташкент. Басқарушысы: Мұстафа Шоқаев. Қазір шет мемлекеттерде қашып жүр. 18-19 жылы Жетісу-Сырдария елдерінің үстінде ұлы соғыс болғаны бесіктегі балаға мәлім. «Бірлік туы» сол қанды соғыста ақтардың сусыны болып жүрді. Бұл газет 17-жылдары бейтараптау болды да, 18 жылы Қайретдин Болғанбайұлы басқарған соң-ақ большевикке беті теріс қарады…».

*«Баспасөз тарихы» деген осы мақаланы С.Мұқанов өзі жазғанын «Есею жылдары» деген естелік кітабында көрсеткен.

 

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × two =