Әл-ауқатын «Айфонынан» тани ма?

0 43

Жаңа дәуір жастарына қойылар талап жоғары болған сайын олардың талғамы да биік. Бірақ бұл биіктік білім мен өнердің емес, олардың ұстаған телефоны, киген киімінің құнымен өлшенетін кезең туып тұр. Қазір мектеп жасынан бастап-ақ сапасы жоғары қымбат телефондар ұстауға тырысып, қатар құрбысынан қалғысы келмейтін балалар жай Phone емес, iPhone ұстауға әуес. Кемі жарты миллион теңгенің бұйымы жаман болсын ба, бай-бағланның баласы ұстаған әлемдік брендке қызыға қараған әлеуметтік жағдайы төмен отбасының баласы да ата-анасын несиемен қарызға батырып алдыртады. 

«Бір тістелген алманың» суреті бар телефон ұстаған сыныптасының: «Өй, сен әлі сол баяғы андроид ұстап жүрсің бе?» деп кекесінмен мұрнын шүйіре қарауы, айфоны бар оқушының өзге сыныптастарынан бойын бөлек салып, менсінбеуі кейбір балалар үшін жүйкесі көтере алмайтын «психологиялық қысым» дейді біраз ата-ана.

DSC_7076

Жай емес «бай» мектепте бәсеке қатты

Бір-бірінің телефонының ғана емес, киімінің де сапасына, одан қалды демалыста қай шетелге барғанына мән беру, сол тұрғыда сыныптастарын алалау – қарапайым мектептерден гөрі негізінен, атағы жер жаратын беделді мектептерде көп кездеседі екен. «Иә, қазір айфон мәселесі өршіп тұр. Ата-аналар шамасы жетсе де, жетпесе де алып беріп жатыр. Менің қызым оқитын елордадағы аты дардай мектепте байдың балалары өте көп, оларды өз тілінде «мажорики» деп атайды екен. Олардың ұстайтыны, әрине, міндетті түрде айфон екені айдан анық. Қызым да іштей соны қалайтынын, армандайтынын білем, тіпті туған күніне сыйлық етіп бергенімізді де сұрады. Бірақ біз баланың есін алмайық деп кейінге қалдырдық. Мектеп бітіргесін де алып үлгереді деп отырмыз. Оқу орнында бай, кедей деп бөлінетінін де білеміз. Телефон өз алдына, әр демалыс сайын Бали, Мальдивиге, Дубайға барып демалғанын айтып мақтанады екен. Мұны басқа балалар өте ауыр қабылдайды, өйткені әр отбасының жағдайы әртүрлі, осыдан келіп бір бала өзін зор сезінсе, екіншісі қор сезінеді. Менің қызым сияқты ондайға аса мән бермей, бастысы, білім алуға ұмтылатын оқушылар да болады» дейді Жанар Үмітбаева есімді елордалық ана. Ақтаулық бір ата-ана жақында әлеуметтік желідегі жазбасында 1-сынып­қа баратын баласы мектепке айфон ұстап келген сыныптасы туралы айтқан сөздерін жазды. «Анашым, бізде бір қыз бар, ол – крутая» дейді балам, неге ол крутая десем, себебі оның айфоны бар дейді. Содан ол қыз сабағын жақсы оқи ма деп сұрасам, жоқ деп жауап берді деп жазады Әйгерім ­Имашева есімді ана.

Тиімді әрі қолайлы

Ендеше мектептегі оқушы балалардың айфон ұстауы қаншалықты қажет? Қалта телефонының кымбаты түгілі жай түрімен әуестену сабақ үлгеріміне кедергі келтірмей ме? Осы сауалды елордадағы жай мектеп мұғалімдеріне қойып көрдік. Пандемияға дейін оқушылардан сабақ басталар алдында телефондарын жинап алып қоятын, ал қазір керісінше, телефон сабақ үстінде оқу бағдарламасын тереңірек түсінудің таптырмас құралына айналыпты. Олардың сөзінен ұққанымыз, мұнда да айфон ұстайтын оқушылар көп, бірақ олар бір-бірін алаламайды және телефондарын тек сабақ үстінде керек кезде ғана пайдаланады. Соның ішінде ақпараттар мен түрлі күрделі бағдарламалар тез жүктелетін, онлайн сабақ оқуға керек функциялары өте жылдам әрі жетілдірілген, қысқасы, ақпаратқа қолжетімділігі зор айфонның артықшылығы басым.

– Иә, қазір балалардың көбі айфон ұстайды. Оны жасыратын ештеңесі жоқ. Бұл телефонның функцияларының мықтылығы былтыр сабақ онлайн болған кезде қатты байқалды. Ішінде вирус болмайды, ақпаратты тез алуға ыңғайлы. Балалардың айтуына қарағанда, оларға ата-аналары сабақтарыңды жақсы оқысаңдар, айфон алып береміз деп шарт қояды екен. Сөйтіп жақсы оқуға ынталандыру арқылы алып береді. Ал сыныпта жаңартылған білім бағдарламасы бойынша оқу жоспарындағы кей тақырыптарды интернет арқылы іздеу керек болғанда, әрі компьютер әр балаға жетіспегендіктен оқушылардың телефондарын шығарып, қолдануына рұқсат береміз. Бірақ басқа уақытта құрылғыларын пайдалануға тыйым салынады. Егер білікті мұғалім сабақ барысында балаларға тапсырма орындаудан бос уақыт қалдырмаса олардың телефон шұқуға мұршасы болмайды. Ал арт жақта отырып байқатпай қарағысы келгендер болса, бірнеше рет ескерту бергеннен кейін мұғалім телефонын алып қояды, сосын сынып жетекшісіне тапсырады, – дейді елордадағы бір мектептің жоғары сынып мұғалімі Сәуле Қабажаева.

Мақтанатын құндылық осы ма?    

Барлық дүниені байлықпен өлшейтін қазіргі қоғамнан саналы адам жиіркенетін деңгейде. Ізгілікті адамзатқа пайдалы істерден іздейтіндер сондықтан шетелдерге кеткісі келеді, кетіп те жатыр.

– Біздің қазіргі танымал блогерлерді қарасаң, көбі «бездельниктер ғой» негізі. Не жеп, не қойғаны, тойдағы ырду-дырдуын, қандай брендтен киінгенін, тісін қалай жуғанын салып мәз. Ол контент емес қой. Оны «арзан» контент деуге болады. Халықтың бәрі жоғары деңгейде ойлай алмайды. Ең жаманы, солар өскелең ұрпақтың санасын улауға да әсер етуде. Ал шетелдік блогерлерді қараңызшы, тіпті бірнеше белгілі әлеуметтік желі иесі, әлем таныған миллиардер Марк ­Цукербергтің парақшасынан оның тым қарапайым өмір сүретінін көруге болады. Сондықтан мен де балама айфон сияқты қымбат бұйымдарды мектеп кезінде емес, жоғары оқу орнына түсіп, өз қолы өз аузына жеткен кезде алғаны дұрыс деп санаймын, – дейді елордалық жастардың бірі Әсемгүл Жолбасарова.

Айфон авторының өзі неге тыйым салған?

iPhone смартфонын 2007 жылы жасап шығарған авторы, атақты өнертапқыш Стиб Джобс оны өз балаларына ұзақ қолдануға тыйым салған. The New York Times ақпарат құралына берген сұхбатында ол: «Менің балаларым оларды ұзақ пайдаланбайды. Үйде біз олардың айпад, айфон ұстайтын уақытына шектеу қоямыз» дейді.  Қарапайым барлық ата-ана сияқты олар да балаларының жаңа технологияға тәуелді болып қалуынан және оның ішіндегі пайдасы жоқ контентті оқып, уақыт өлтіруінен қорыққан. Зерттеулер көрсеткендей, 10 жасқа дейінгі балалардың жаңа технологияға «әбден тәуелді болып қалу» бейімділігі зор. Сондықтан ғалымдар балаларға күніне екі сағаттан артық смартфон ұстатпау керектігін айтады, кейбірі бұл шектеуді 14 жасқа дейін сақтау керек деп санайды.

Ал біздегі ата-аналардың баласына  тіпті бірінші сыныптан бастап айфон ұстатуы оқушылардың зейінін білімнен басқаға, менмендікке, тәкаппарлыққа, өмір құндылығы байлықта деп түсінуге бұрып жатыр. Қолы жетпеген баланың бойында қыз­ғаныш, дәрменсіздік, сезімі де бой көтеріп, оның психологиясын бұзатыны да рас. Франция 2010 жылдан бастап оқушылардың мектепке гаджет әкелуіне қатаң тыйым салды. Мұндай шектеу Әзербайжан, Грекия, Тәжікстанда да енгізілген. Ұлыбритания мектептерінің әрқайсысы өз бетінше шешім қабылдайды. Ал бізде әзірге білім жүйесінде бір өзгеріс енгізілмейінше, мұғалімнің «тәйт» деуі мен әр ата-ананың сана деңгейіне салдық.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 6 =