11 қар полигоны ашылды

0 21

Қала халқы «Қәрі құданың» былтырғы әлегін ұмытқан жоқ. Елордада жарты ғасырдан астам уақыт бойы жаумаған қар түсіп, Қазақстанның барлық елді мекендерінен қыс басталғалы бері ресми дерек бойынша 11,5 миллион текше метр қар шығарылған болса, соның 5 млн 769 мыңы Нұр-Сұлтан шаһарынан тасымалданыпты (2019 ж. 10 наурыздағы дерек). Бұл – елордадан жарты Қазақстанның қары шығарылды деген сөз. Қардың көптігі сонша, оны коммуналдық қызмет көліктері астана маңындағы полигондарға тасып үлгере алмай қалғаны өз алдына, полигондар қарға лық толып, оны үйетін орын тапшылығы қатты сезілген.

Елорда әкімдігі осыны ескеріп, биыл қар тасымалдайтын 11 полигон ашты. Ол дер кезінде қолға алынған шара болды. Алғашқы қар жауған, 12 қараша күні ғана Нұр-Сұлтан қаласына 7,0 мм қар түсіп (айлық норма 28 мм), табиғат-ана енді бейқамдыққа уақыт қалмағанын, биылғы қыста да коммуналдық қызметтер үшін қармен күрес оңай болмайтынын сездіртті. 12-13 қараша күндері қаладан 30 мың текше метр қар шығарылған.
Ал қарашаның 15-нен 16-на қараған түні 20 мың текше метр қар тасымалданған. Жалпы айтар болсақ, қар аса көп жауған осы үш күнде астанадан полигондарға 100 мың текше метр қар шығарылыпты.
– Қала көшелері қардан қолмен және механикаландырылған әдіспен тазаланады. Көше жолдарында кептеліс туындамас үшін, бірінші кезекте ереже бойынша көлік қозғалысы көп жүретін учаскелер тазартылады. Одан кейін қозғалыс жиілігі орташа аудандар – алаңдар, вокзал маңы аумақтары қардан аршылады. Қар сыпырғыш-жинағыш машиналар мен тракторлар жол үстіндегі қарды шетке ысырып тастайды, оны жұмысшылар қолмен өзі аударатын машиналарға артады. 20-тонналық КамАЗ-дардың қармен екі-ақ минуттың ішінде толтырылатынын білсеңіздер, бұл жұмыстардың қалай қауырт­-қарбалас жасалып жатқанына көз жеткізер едіңіздер, – дейді қала әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков.
Көше жолдарынан кейін екінші кезекте әлеуметтік нысандар аумақтары мен жаяу жүргіншілер жолағы тазартылады.
Қар алғашқы жауған күннен бастап қаланың көлік жүретін бөлігі тайғаққа қарсы материалдармен өңделеді. Бұл жұмыстар да кезең-кезеңмен іске асырылады. Ең алдымен магистральдар мен көшелердің көлік қозғалысы кезінде қауіп-қатері көп учаскелерге ерекше назар аударылады. Мәселен, шұғыл бұрылыстар, көпірлерге көтерілетін және одан түсетін үзіктер, тоннельдер, көше қиылыстары мен қоғамдық көліктердің аялдамаларындағы тежегіш алаңқайлар. Егер қардың жаууы толастамаса, бұл жұмыстар қажетінше әлденеше рет қайталана береді.
Қала ішінен жиналған қар полигондарға тасымалданады. Ол жердің мамандары КамАЗ-дардың келу уақытын, тасымалданған қардың мөлшерін белгілеп отырады. Полигон басындағы арнайы техника қарды тығыздап, оны үйетін орынды үнемдеп пайдаланады. Өйткені алдағы қыста әлі қанша қар жауатыны белгісіз, оның үстіне қарашаның алғашқы қарының мөлшері полигон орындарын шақтап, үнемдеп жұмсамаса болмайтынын көрсетіп берді. Сондықтан полигондарда қар жайылып тасталмайды, тау-тау болып үйіліп жинақталады.
Астана қысы алты айға ұласып, ақтүтек бораны жиі айналып соғатын Арқа төсінде орналасқандықтан болар, Нұр-Сұлтан қаласында қар тазалау ісі екі ауысыммен аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат бойы үзілмейді. Кешкі және түнгі уақыттарда жұмыс қарқыны тіпті үдей түседі. Өйткені үйілген қар қанша болса да таңертең жұрт жұмысқа шыққанда жолдар тазаланып, көшелер аршылып, қаланың қоғамдық өміріне кедергісін тигізбеуі тиіс.
Қала көшелеріне қар тазалау үшін күн сайын 1 мыңнан астам техника және 1,5 мың жол жұмысшылары шығады. Полигондардың жұмысын бақылау үшін оларда фото және бейнекамералар орнатылған. Қарды тығыздауға арналған көтергіш техника жеткілікті.
Жақында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қаланың коммуналдық паркінің қысқа даярлығын тексергенде биыл бұл кәсіпорын жаңадан 125 бірлік арнайы техникамен және 100 бірлік жабдықтармен толықтырылатынын айтты. Былтыр бұдан бөлек қысқы 165 арнайы техника сатып алынды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × two =