«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

11 мәдени мұра – ЮНЕСКО тізімінде

0 12

Қазақтың ұлттық биі «Ортеке» ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізіледі. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Министрлік мәліметінше, сарапшылардан құралған комиссия ұлттық биді ЮНЕСКО-ның тізіміне қосу ұсынысын 2019 жылы жасаған.

a0977e0de7ec56675445ffccb2a7bd14

«Қандай да бір мұраны аталған ұйымның тізіміне енгізу үшін қатысушы ел бірқатар талаптарды орындауы керек. Ең алдымен, мемлекет таныстыру бейнеролигін ағылшын және француз тілдерінде түсіріп ЮНЕСКО-ның бас штабына ұсыныс жолдайды. Материалдық емес мәдени мұраны сақтау жөніндегі үкіметаралық комитет мүшелері ұсынысты қарастырып, шешімді дауыс беру арқылы қабылдайды. Мәселен, біз «Ортеке» биін Үкімет­аралық комитет қарауына 2019 жылы ұсындық. Дегенмен оны ЮНЕСКО тарапынан ілгерілету процесі биыл ғана басталды» деп мәлім етті министрліктің баспасөз қызметі.

Қазақтың этномузыка және этнотеатр саласындағы зерттеу­лерінде «Ортеке» өнері туралы деректер аз. Дегенмен кейбір ғалымдардың еңбектерінде «Ортекенің» 3 мың жылдан астам уақыт бұрын пайда болғаны көрсетілген. Белгілі музыкатанушы ғалым Ахмет Жұбанов
қазақтың қуыршақ театры өз бастауын осы өнерден алатынын атап өткен. Сонымен қатар бұл туралы ғалым Әлкей Марғұланның, белгілі күйші және зерттеуші Абдулхамит Райымбергеновтің, Мұрат Өскембаевтың  жазбаларында кездеседі. Бұдан  басқа «Ортеке» ежелгі қолданбалы өнер шеберлерінің еңбектеріне арқау болған. Оған дәлел – Тамғалы, Ешкіөлмес, Күлжабасы сияқты ең көне ескерткіштерде бейнеленген петроглифтер. Осыларды ескере келе, аталған өнер ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұрасының тізіміне енгізуге нақты лайық деп есептелді.

Ведомство 2013 жылдан бастап Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларының ұлттық тізімін жасау, оны ЮНЕСКО-ға енгізу жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы уақытқа дейін қазақ халқының 11 мәдени мұрасы ұйымның тізіміне кірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды