Платформа жұмысымен танысып көрді

Qazvolunteer.kz еріктілердің бірыңғай ақпараттық платформасы не үшін қажет және ол қалай жұмыс істейді? Елорда Инфо тілшісі онлайн платформа жұмысымен танысып көрді

0 29

Qazvolunteer.kz платформасын «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ грантының қолдауымен әзірледі. Жобаның ресми тұсаукесері 2019 жылғы 29 сәуірде Орталық коммуникациялар қызметінде өтті.

Qazvolunteer.kz – бұл көмек іздеушілер мен көмек берушілер арасындағы байланыстырушы көпір. Бұл алаңда білім мен тәжірибе алмасуға, еріктілермен өзара араласуға, идеялармен бөлісуге, еріктілік туралы жаңалықтарды білуге, арнайы кітапхананы пайдалануға, еріктілік бағыттары бойынша Қазақстанның барлық аймағында жобалар табуға, сондай-ақ шетелде мүмкіндіктер табуға болады. Волонтерлік ұйымдар тізімі әрі еріктілердің хикаялары да бар. Есептер әрі байланысу жолдары да қамтылған. «Біргеміз» арнайы айдарымен де танысуға болады. Онда салалық волонтерлікті дамыту үшін 7 жалпыұлттық жоба жарияланған. Олар «Білім», «Саулық», «Сабақтастық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Үміт» деп аталады. Аталған жобалар туралы қысқаша мәліметтер жария етілген. Платформа ұйымдарға лайықты үміткерлерді іздеуде де мүмкіндік ашады. Ұйым еріктінің қажетті параметрлерін сипаттап, іс-шараға қатысудың артықшылықтарын көрсете алады. Бұған қоса волонтер болғысы келетіндер сайттағы оң жақтағы жоғарыдағы қызыл түймені басып, өзі туралы мәліметтерді енгізіп, тіркеле алады. Яғни, бұл қадам барынша жеңілдетілген, еш жерге барып, құжат тапсырып, артық жүгірудің қажеті жоқ. Көптеген ел еріктілер паспортын енгізуге тырысты, бірақ бұл жүйе тиімсіз болып шықты және уақыт өте келе жойылып кетті. Қазақстандық волонтерлер ешқандай құжат рәсімдемегенімен Qazvolunteer.kz бірыңғай платформасында сауалнама мәліметтерін толтыру барысында ерікті түйіндемесін жасауға болады. Әр ұйым қатысушылар тізімін алдын ала жасайды әрі әр ерікті мәртебесін растайды. Волонтерлер жоба аяқталған соң сертификаттар алады. Қазір сайтта 48435 ерікті тіркелген. Олардың тізімі, үздіктердің суреттері басты бетте жарияланған. Сондай-ақ 3 323 ұйым мен 1 023 жоба тіркелген екен. Платформа үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді.

«Qazvolunteer.kz – волонтерлер мен еріктілер бастамалары туралы ақпарат тарататын бірыңғай портал. Платформаның функциялары әрі артықшылықтарына келсек, онда бүкіл ел бойынша жобалар және волонтерлер ұйымдарын көруге болатын карта орналасқан. Яғни, сіз Қазақстанның әр аймағында жүзеге асып жатқан әрі аяқталған еріктілік жобаларын көре аласыз. Бұнымен қатар сайтта тренингтер өткізуге болады. Бұл – біз үшін басым бағыт. Платформаның болашағы өте зор. Ол алдағы уақытта волонтерлікті дамытатын ауқымды әрі мықты онлайн алаңға айналуы тиіс», – дейді «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 3 =