Кәсіп игерген нәсіпсіз қалмайды

0 385

«Кәсібің – нәсібің» деген ұғым заманымыздың негізгі қағидасы, даусыз өмір заңы. Нарық кезеңінде төрт жыл оқыған дипломын сандыққа салып қойып, бірнеше айда жаңа кәсіпті игеріп, ісін дөңгелетіп отырғандар көп. Яғни кәсіптік-техникалық білімнің болашағы жарық. Біз бүгін кәсіби білім саласындағы сарапшы, «Talap» коммерциялық емес АҚ президентінің кеңесшісі, Білім және ғылым министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі, ғылым саласына еңбегі сіңген ардагер Қадырбек БӨРІКБЕКОВПЕН сұранысқа сай мамандықтар мен саладағы өзгерістер жайлы сөйлестік.Еуропа елдерінде кәсіптік білім тегін

– Елімізде кәсіптік білім тегін беріле ме? Кәсіптік-техникалық білім саласының өткеніне де тоқтала кетсеңіз…
– Өркениетті елдерде кәсіптік білімге жататын білікті жұмысшы және орта буын техникалық мамандарын дайындау тегін. Ал бізде ақылысы да бар, тегіні де бар. Еуропа елдерінде Германиядан бастап біраз мемлекеттерде адамды әлеуметтік қорғаудың негізгі түрлерінің бірі – әр бір азаматқа білікті кәсіби білімді тегін беру. Ал өз халқын әлеуметтік қорғау Үкіметтің негізгі борыштарының бірі. Өйткені мамандығы бар адам жұмыссыз қалмайды. Ол жұмысын табады, нанын табады, отбасын асырайды. Мемлекетке де осындай азаматтар керек. Сондықтан Еуропа елдерінің бәрі де кәсіптік-техникалық білім беруді мемлекеттің қаржысы арқылы жүргізеді. Бүгінде елімізде жұмысшы және орта буын кәсіби техникалық мамандықтарда 450 мыңға жуық жас білім алады. Жылына 140-150 мыңдай жас оқуға қабылданады. Елімізде әрбір үшінші студент ақылы бөлімде оқиды. Кезінде Елбасы «Кәсіптік білім Қазақстан азаматтары үшін тегін болу керек» деп айтты. Бұл жерде кәсіптік білім дегеніміз жұмысшы және техникалық мамандықтар. Халықаралық еңбек ұйымының тұжырымдамасы бойынша жалпы кәсіби жұмыс түрлері 3-ке бөлінеді: басқару жұмыстары, техникалық және қызмет көрсету. Басқару жұмысына қажетті мамандарды жоғары білім саласы дайындайды.
Жалпы кез келген елде, мектеп бітіруші түлектердің бәрі кәсіби техникалық білімге емес, жоғары білімге барғысы келеді. Кез келген қоғамда адамдар өз балаларының жоғары білім алғанын қалайды және қолдайды. Бұл заңды құбылыс. Сондықтан әрбір елдің мемлекет басшылары кәсіптік техникалық мамандарды дайындауға үлкен көңіл бөліп, жастарды техникалық және халыққа қызмет көрсету саласына бағыттау кешенді жұмыстарын жүргізеді.

Тапсырыс аз, сұраныс көп

– Қадырбек Қозыбайұлы, жаңа сөзіңізде айтып кеттіңіз, кезінде Елбасы кәсіптік білімді тегін болу керек деді. Мемлекет тарапынан да кәсіптік-техникалық оқу орындарында оқитын студенттерге шәкіртақы мен жатақхана беріліп, айтарлықтай көмек жасалып жатыр. Ал жастардың бұл салаға келуі қаншалықты деңгейде?
– Жылда мемлекеттік тапсырыс бойынша берілетін бір орынға орта есеппен 2-3 талапкерден, ал кейбір мамандықтарға бір орынға 10-15 адамнан конкурсқа түседі. Осындай жағадайды естіп, біліп отырып жастар бұл салаға келгісі келмейді деп айта алмаймын.
Жоғары білімдегідей колледждерге оқуға түсу үшін жылына үш рет конкурстық тест болмайды. Неге жоғары білімге оқуға қабылдауға үш ретке дейін конкурстық байқау жүреді? Өйткені жоғары оқу орнына қабылдау талаптарына сай жастардың білімі жоқ болғаны. Бұл жағдай өз кезегінде еліміздегі орта білім сапасының деңгейінің қал-жағдайын көрсетеді. Ал колледждерге мемлекеттік тапсырыспен берілген орындар толығымен қыркүйек айында толып қалады. Сондықтан мемлекеттік тапсырысқа іліге алмағандар ақылы оқиды.
2016 жылы Елбасы «Кәсіптік білім алғысы келген әрбір қазақстандық тегін мамандық игеруге құқылы» дегенімен іс жүзінде жылда жергілікті бюджеттен қарастырылатын мемлекеттік тапсырыс көлеміне байланысты барлық азамат кәсіптік білімді тегін ала алмайтын болып шығады. Өйткені бізде мемлекеттік тапсырыстың көлемі жеткіліксіз. Дүниежүзілік үрдісте мемлекет есебінен жоғары білімді 1 азаматқа, кәсіптік білімді 3 азаматқа беру сияқты еңбек ресурстарын дамыту саясатын қолданады. Сонда біреуі басшы жұмысты ұйымдастырып айлық алса, ал қарамағындағы үш кісі негізгі жұмысты орындап, кәсіпорынға түсетін табыс қорын жасайды. Қазіргі кезде бізде бәрі керісінше. 1 адам негізгі жұмысты істейді, ал 3 адам оның жұмыс істеу­ін бақылайды, басқарады. Қарап тұрсаң бір адамның жұмысынан түскен табыс қорынан қосымша 3 адам айлық алады. Сондықтан жұмысшылардың айлығының көлемі төмен болады. Осыны түсінетін жоғары білікті жұмысшы адамдар кәсіпорындарда тұрақтамайды. Ал Кеңес үкіметі кезінде білікті жұмысшы мамандар бір кәсіпорнында 10-15 жыл тұрақты істейтін. Ол кезде қатардағы 4 жұмысшыға 1 басшы байланысы сақталатын және жұмысшылардың айлық табыстары жақсы болатын.
Астанамыз қарқынды салынып жатқан жылдары, әртүрлі құрылыс техникаларын жүргізетін кадрларды дайындайтын осы қалада бірде-­бір оқу орны болмады. Сол кезде құрылыс компаниялары мұнаралы крандарды басқарып жүргізетін қажетті машинистерді Ресейден мамандар шақырып оқытты. Өйт­кені Целиноград қаласы кезінде құрылыс, машина жасаушыларды, автомеханикалық, политехникалық мамандықтарын дайындайтын 4 техникум, дәнекерлеуші, әрлеу­шілер, сантехниктер, токарлар, автокрановщиктер сияқты білікті жұмысшылар дайындайтын арнайы 2 техникалық лицей болған. Қазір олар жоқ. Бәрін біріктіріп бір ғана политехникалық колледж жасалды. Ел астанасы Ақмолаға көшкен кезде Алматыдан келген мекемелер қаладағы бір-бір кәсіптік білім беретін оқу орындарының (лицейлер мен техникумдардың) ғимараттарын иемденіп, кіріп алған болатын. Ел астанасы көшіп келгелі 20 жылдан асып кетседе, қаладағы халық саны 300 мыңнан 1млн 184 мыңға өссе де ол оқу орындары қайта ашылған жоқ. 2003-2004 жылдары мемлекеттік қаражат есебінен жоспарланған 3 кәсіби техникалық оқу орнының бүгінгі күнге дейін біреуі салынбады. Иә, балабақша, мектеп жыл сайын салынып жатыр. Бұл түсінікті, өйткені бірінші кезектегі сұраныс сол. Бірақ елордада тәуелсіздік алғаннан бері тек бір ғана заманауи колледж ашылыпты, олда болса Елбасының тапсырмасымен «Қазақмыс» корпорациясы есебінен салынған болатын. Нұр-Сұлтан қаласына еліміздің барлық өңірлерінен мектеп бітірген, қолында мамандығы жоқ жастар көптеп келіп жатыр. Олар осында жұмысқа тұрғысы келеді. Жұмысқа тұру үшін, оларда Қазақстан азаматы ретінде тегін кәсіптік білім мен біліктілік алғысы келеді. Ал оларды мамандыққа оқытатын заманауи колледждер жоқ. Қалалық бюджеттің қаражаты жетіспей жатыр деп уәж айтуға болады. Осы жағдайды жанжақты ойластыратын, күн тәртібіне қоятын уақыт жеткен сияқты, келешекте ел астанасы үшін үлкен мәселеге айналмауына ешкім кепілдік бере алмас.
Сонау 1997-1998 жылдары сол кездегі техникумдар мен кәсіптік техникалық оқу орындарына орналасқан республикалық басқару орындары (министрліктер мен комитеттер) егеменді еліміздің 30 жылдығына қарсы Нұр-Сұлтан қаласына бір-бірден замануи кәсіби оқу орындарын салып берсе деген ұсыныс айтар едім.

Мамандықтың жаманы жоқ

– Пандемия кәсіби техникалық білім саласына қаншалықты әсерін тигізді?
– Қазір пандемия кезінде барлығы виртуалды деп, оқу жылын экранның арғы-бергі жағында отырып, аяқтап шығып жатырмыз. Компьютермен қашықтан жұмыс істеу бір басқа, өндіріске, зауытқа барып қолмен жұмыс істеп, кәсіби машықтану бір басқа. Өткенде бір саясаткер танысым «қай жерде сантехник дайындайды, сантехникке зар болдық қой» дейді. Кезінде кәсіптік білім саласында еңбек жолымды бастаған кезде сантехниктерді дайындайтын топқа сабақ бердім. Сонда алдымда 24 бала отырады ішінде бір қазақтың баласы болмады. Өйткені қазақ балалары үшін бұл мамандық беделсіз мамандықтар қатарынан көрінетін. Байқап қарасаңыз, бұл мамандық беделді мамандықтар қатарында болмасада, қоғамға, әсіресе, қала тұрығындарына өте қажет мамандық, күнделікті табысы тұрақты кәсіп. Үйде кішкене су тамшылап, ағып тұрған жерді бір-екі бұрап, жөндеп 3-5 мың тенгені алып кетеді. Ал қазір қазақтың балалары да осы мамандыққа келіп жатыр. Бірде үйге сантехник шақырсақ, астында арнайы машинасы, заманауи қажетті құрал саймандары бар, таза киінген өзіміздің қазақ жігіттері келіп тұр. Қалай бұл салаға мамандыққа келдіңдер деп сұрадым. Олар: «Басында Қызылорда қаласынан келіп құрылыста істедік. Олар бірде ақшамызды береді, бірде бермейді. Кейде таныстардан қарыз алатын да күндеріміз болды. Ал қасымызда сантехник болып жұмыс істейтін жігіттің ақшасыз күндері болмайтын. Қарап тұрсақ, жалақысы ең тұрақты кәсіп осы екен. Інімді шақырып, осы мамандықты оқып үйреніп, сантехникалық қызмет көрсететін жеке кәсіп ашып алдық. Қазір үйіміз де, мамандыққа сай арнайы екі түрлі көлігіміз де бар» дейді. Көшенің ортасындағы құбырлар жататын құдықтарға да түспейді, сыртта тұрып компьютермен бәрін көріп, жасап тұр. Менің айтарым, қандай мамандық болса да, жаманы жоқ. Көзін тапсаң, білікті маман болсаң жерде қалмайсың. Мұны жастарға түсіндіру мектеп қабырғасынан басталу керек. Ата-аналар да бұрынғыдай жоғары білімге ұмтылмай, ертең баласына нан тауып беретін саланы таңдауына көмектесе білуі қажет. Иә, ешкім қызын да, ұлын да жұмысшы мамандығына оқытқысы келмейді. Дегенмен қазір ақшаны, күнделікті халыққа қызмет көрсететін біліктілігі жоғары шаштараздар, сантехниктер мен дәнекерлеуші сияқты мамандар тұрақты табады.
– Сонда жастарды техникалық білімге қалай қызықтыру керек деп ойлайсыз?
– Кәсіби білім саласында жүріп, көптеген елдердің кәсіпке баулу және оқыту тәжірибелерін зерделеп таныстық. Бірде Германияда кәсіптік білім беретін «Кәсіби техникалық оқу орталығы» атты бір мекемеде болдым. Содан 3-4 жыл өткеннен кейін сол кәсіптік оқу орны атын «Кәсіби техникалық колледж» деп өзгертіпті. Біраз жылдардан кейін бір топ делегация болып барғанымызда ертең сіздерді жоғары білікті мамандар дайындайтын «Кәсіби академияға» алып барамыз деді. Ішімнен «арнайы ғылыми-мамандарды, профессорлар мен академиктерді дайындайтын бір мықты жоғарғы оқу орны шығар» деп ойладым. Барсақ баяғы сол кәсіптік техникалық оқу орталығы. Содан «Неге атын өзгерте бердіңіздер?» деп сұрадым. Олар «Мұны жастарды кәсіби техникалық мамандықтарға тарту үшін жасадық. Жоғары білікті жұмысшы маман шынымен де өз кәсібінің, мамандығының академигі, профессоры деп айтуға лайықты емес пе?» дейді. Аты мәртебеге ие оқу орнында оқып жүрген студенттің әке-шешесі ұялмай, балам академияда оқып жатыр деп айта алады. Біздің елімізде де кезінде кәсіптік оқу орындарының атын колледж деп өзгертуге мен мұрындық болғанмын. Бастапқыда көбісі қарсы болды. Қазір қарап тұрсам, сол кезде жасаған қадамымыз дұрыс болыпты. Сондықтан көп нәрсе кәсіптік білімнің қажеттілігін ел басшыларына, көпшілік, халық арасында түсіндіруге, насихаттауға байланысты.
Мен кей кезде оқушы жастармен кездесулерде жастарға «Жоғарғы білім алғанда не істейсіңдер? Жұмыс таба аласыңдар ма?» дейтінмін. Ол кезде осы қалада өзіміз де көріп жүрген жағадай – күнде таңертең құрылыстың жанында жұмыссыз жастар үймелеп тұратын. Өйткені сол жылдары жастарды қызықтырып «Халықаралық құқық», «Халықаралық экономика», «Халықаралық қатынас» сияқты мамандықтарға негізінен ақылы оқыттық. Ал шын мәнінде аталмыш салаға қандай мамандарға қандай көлемде қажеттілігі мүлде есепке алынбады. Ал бүгінгі таңда жастар кәсіптік-техникалық білімге барса, жұмыссыз қалмайды. Мысалы елордада сонау кеңес заманынан келе жатқан транспорт және коммуникация колледжі бар. Кешегі теміржол техникумы. Оны бітірген жастарды теміржол мекемелері тұрақты жұмысқа шақырады.
Тағы бір айта кететін өзекті мәселе, біздің негізгі заңдарымызда жоғарғы білімді маманды тек қана республикалық бюджеттен дайындау туралы нормалар бар. Бірақ қазір әрбір өңірдегі әкімшілік «әкім гранты» деп қаржы бөледі. Неге бөледі? Оданда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы өздеріне керекті маманға тапсырыс бермей ме? Мұның бәрі құр атақ пен арзан абырой жинап қалу үшін. 2000 жылдар басында бір әкім бастап, қалғандары біртіндеп қостап, жаппай осы науқанға салынды да кетті. Егер жергілікті салалық кәсіпорындарда мамандарға деген сұраныстар болатын болса, жергілікті облыстық әкімдіктер салалық министрліктермен бірлесіп, республикалық қаражаттан бөлінетін мемлекеттік тапсырысқа қажеттілік көлемін айқындап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Білім және ғылым министрлігіне тапсырыс беруге болады ғой. Ал жергілікті бюджеттің қаражатын білікті жұмысшы және орта буын мамандықтарға оқытудың қол жетімділігін жақсартуға жұмсаса өңірдің, жалпы еліміздің еңбек ресурстары, адами капитал дұрыс дамитын еді.

Біліктілікті басқаша бағалауымыз қажет

– Жұмыс берушілер тарапынан кәсіптік білімі бар мамандарға сұраныс қаншалықты?
– Бүгінгі таңда тек қана мекемелер мен кәсіпорындардың мамандарға деген сұранысына сәйкес жастарды оқытып дайындайтын болсақ, оқу орындарының басым бөлігін жабу керек. Өйткені бізде соншалықты көп бос тұрған жұмыс орындары жоқ. Әлемдік тәжірибеде адамдардың біліктілігін дамыту негізінде, бірінші кезекте жеке адамның қажеттіліктері тұрады. Екінші кезекте өндірістің, экономиканың қажеттіліктері. Біліктілігі бар адамдарға барлық уақытта жұмыс табылады. Ал біліктілікті беру, оны бағалау күрделі жұмыс. Оның тәртібін, шартын біз дұрыс белгілей де, жүзеге асыра алмай да отырмыз. Оқу орындары маманды өзі оқытып, өздері емтихан алып, мамандығын да, біліктілігін де дипломмен қосып беріп отыр.
Өркениетті, экономикасы дамыған елдерде мамандыққа арналған бағдарламалармен оқып, академиялық арнайы білім алу тәртібі бір басқа, ал жұмысқа тұру үшін біліктілік тестін тапсырып, сертификат алу мүлдем басқа. Менің ойымша, біз барлық салаға біліктілік сертификатын алу жүйесін енгізсек, оқу орындарының білім сапасын қамтамасыз етуге жауапкершілігі артар еді. Мысал ретінде Оңтүстік Кореяны алып қарайық. Өткен ғасырдың 60 жылдарына дейін экономикасы тұралап жатқан мемлекеттердің бірі болатын. Қалай олар білім жүйесін реформалап, білім сапасын тәуелсіз бағалау және біліктілікті анықтайтын арнайы орталықтар ашты, солай елдегі білікті мамандардың, сапалы кадрлардың қатары артып, өндірісі дамып шыға келді. Өйткені біліктілігі жоғары мамандары бар елдің, халыққа қызмет көрсету деңгейі де, жасаған жұмыстары мен шығаратын өнімдерінің сапасы да, жоғары болатыны сөзсіз.

Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + 14 =