Әлеуметтік сауалдар – басты назарда

0 13

Елордада Nur Otan партиясы филиалы жанындағы жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.Отырыста жол картасы аясында иппотерапиямен айналысуға арналған ат спорты манежі кешені құрылысы, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды заманауи техникалық құралдармен және арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.
– Кешен ұлттық спорт түрлерін дамытуға, сондай-ақ мүгедек балаларды оңалтуға ықпал етеді. Бүгінде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сәйкес диспансерлік есепте «балалардың церебралды сал ауруы» диагнозы бар 1605 бала және аутистік спектрдің бұзылуы бар 586 бала тұр. Оларды оңалтудың тиімді әдістерінің бірі – иппотерапия. Көптеген ата-аналар қалада осындай нысан пайда болғаны үшін алғыс айтуда. Нысан қала ішінде орналасқан. Балаларды тасымалдау үшін автобус сатып алуды жоспарлап отырмыз. Негізінен, кешен құрылысы қазан айында аяқталуы тиіс, – деді Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов.
Кешенде 20-ға жуық жылқы болады, қажет болған жағдайда олардың санын арттырамыз дейді атқамінерлер. Ал Nur Otan партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сақтаған Сәдуақасов нысанды белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін атап өтті.– Құрылыс барысын тұрақты бақылауға алу қажет. Қоғамдық кеңестің мүшелері де бұл процесті қадағалап отыруы керек. Бізде оңалтуды қажет ететін балалар бар. Жобаның маңызын ескере отырып, белгіленген мерзімде пайдалануға беруіміз қажет, – деді Сақтаған Сәдуақасов.
Сондай-ақ Қоғамдық кеңестің мүшелері басқа да бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына ерекше қажеттіліктері бар 14253 адам жеке оңалту құралдарын алуға өтініш білдірсе, оның 10120-сы қалауына қол жеткізіп отыр.
– Қаражатты «Қазпошта» жеткізеді. Қажетті қаражатты барлығы жыл соңына дейін алады. Біздің қызметкерлер басқармада да, «Жанұя» отбасын қолдау орталығында да өтінім алуға көмектеседі, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Илья Скуб.
Сонымен қатар И.Скуб Жол картасының 27438 жаңа жұмыс орнын құру, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 200 ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге гранттар беру және «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 900 маманды жұмысқа орналастыру жөнінде айтып берді.
Спикердің айтуынша, газ қосуға біржолғы әлеуметтік көмек зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен көпбалалы отбасыларға беріледі. Әлеуметтік көмектің мөлшері – 90 АЕК немесе 262530 теңге.
– Қазіргі уақытта әлеуметтік көмек алуға 70 отбасы өтінім берген. Оның ішінде 59 отбасыға тиісті қаражат төленді. Тағы 100 отбасын қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 4 =