Сабақтастық салтанаты

0 46

Осыдан екі жыл бұрын ел тағдырына, мемлекет мүддесіне қатысты елеулі уақиға болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, билікті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды.

Осылайша Қазақ­станда билік алмасқан кезде аумалы-­төкпелі жағдай орын алуы мүмкін деген күдіктің де күлі көкке ұшып, елімізде билік бейбіт жолмен ауысты. Биліктегі бұл ауыс-түйіс тек Қазақстан халқы үшін ғана емес, тұтас Орталық Азияның бейбіт дамуы үшін де аса маңызды тағдыршешті шешім болды. Елбасы өз орнын сеніп тапсырған пайымы бөлек, парасатты басшы Қасым-Жомарт Тоқаев та елдің үмітінен, Елбасының сенімінен шықты. Елімізде Ата Заң бойынша сайлау өткізіліп, халықтың өз таңдауын жасауына мүмкіндік берілді. Нәтижесінде 71 пайыз дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев елдің екінші Президенті болып сайланды.

 Қазақстанның 30 жылға жуық даму барысын Нұрсұлтан Назарбаевсыз елестету мүмкін емес. Еліміз егемендік алғаннан бастап, жас мемлекеттің қабыр­ғасын қатайтып, іргесін бекемдеуге Нұрсұлтан Әбішұлы бар ақыл-парасатын, зейін-зердесін жұмсады. Әсіресе Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауына, бейбіт дамуына елеулі еңбек сіңірді. Соның арқасында бізбен бірге тәуелсіздік алған кейбір елдер бір-біріне қару сілтеп, қан төгісіп жатқанда, жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұратын байтақ елдің іргесі тыныш, халқы берекелі болды.
Жас Қазақстанның сол кездегі бүкіл әлемді таңғалдырған әрі сүйіндірген батыл, дұрыс шешімі еліміздің Кеңес Одағынан мұраға қалған ядролық қаруынан өз еркімен бас тартуы болды. Қазақстанның ядролық арсеналы Батыс елдерін ғана қызықтырып қойған жоқ. Араб әлемі де оқтұмсықтарды сатып алуға ниетін білдірді. «Ядролық қаруды сақтап қал, шығынын біз төлейік» деп жақындық танытқан мұсылман мемлекеттері де болды. Алайда ядролық қарудың Қазақстанға, тіпті бүкіл адамзатқа жақсылық әкелмейтінін дәп басып түсінген Елбасы 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жер-жаһанды жаппай қырып-жою қаруларынан азат етуге бағытталған маңызды қадам болды.
Қазақстан тәуелсіздік алған мезгілде қазақ жеріндегі халқымыздың үлесі 40 пайызды ғана құрайтын. Ол кезде кейбір этникалық топтардың саны мол, десі де басым еді. «Елге ел қосылса – құт» деп білген халқымыздың қасиетті қағидасын ұстанған Н.Назарбаев 1991 жылы 1 желтоқсан күні Қазақстан тарихындағы тұңғыш рет бүкілхалықтық сайлауда Президент болып сайланғаннан кейін араға бір ай салып, яғни 1991 жылдың 31 желтоқсаны күні қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, алыстағы ағайындарды атажұртына шақырды. «Қазақ қайда жүрсе де бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан! Атамекеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына дейін қасиетті қазақ жері» деп үнемі айтатын Елбасы «алыстағы ағайынға ақ тілек» ретінде шетелдегі 5 миллион қазақты тарихи отанына шақыр­ды. Міне, соның нәтижесінде 30 жылда 1 миллион 701 мың қандасымыз Отанына оралды. Қазақ халқының үлесі де 30 жылда бір еселеніп, 80 пайыздан асып жығылды. Әрине, сол кезде билік тізгінін басқа басшы ұстаса да, шетелдегі қандастарды шақыру Қазақстанның ішкі саясатының күн тәртібінен қалмайтын да шығар, алайда Н.Назарбаев сияқты батыл әрі сондай қысқа мерзім ішінде дүниедегі қазақтың басын бір жерге қосып, ұлт тағдырына саятын келелі кеңес өткізу екінің бірінің қолынан келуі екіталай еді. Сондықтан да шетелдегі қазақтар болсын, әлде атажұртқа ірге көмген қандастар болсын – бәрі Назарбаевты Ұлы көштің ұйытқысы ретінде бағалайды.
1992 жылдың қыркүйегінде Алматыда Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайы өтіп, оған әлемнің 33 мемлекетінен 800-ден астам өкіл қатысты. Құрылтайда Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Оның төрағалығына Н.Назарбаев сайланды. Елбасы төрағалық еткен қауымдастықтың ұйымдастыруымен одан кейін де Дүние жүзі қазақтарының 4 кезек (алғашқы құрылтаймен 5 кезек) құрылтайы өткізіліп, әлемдегі қазақтардың тағдырына саятын мәселелер де үзбей талқыланып отырды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің шекарасын заң жүзінде шегендеп кеткені де қазақ ұлты үшін өте қайырлы іс болды. Қазақстанмен шекараласатын Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей сынды 5 мемлекетпен ұзақ уақыт келіссөз жүргізіп, ел іргесін халықаралық деңгейде бекемдеп алғанымыз – Қазақстанның ең үлкен жетістігі. Ол – біздің жеріміз бүтін, еліміз аман болуының маңызды кепілі.
Әрине, Елбасының 30 жылда еткен еңбегін бір мақалада түгел тізіп, түгендеп шығу мүмкін емес. Біз тек бастыларын ғана атап отырмыз. Нағын айтқанда, Қазақстанның әлемдік деңгейде танылуында да Елбасының ерен еңбегі алдымен есімізге түседі. Мәселен, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) және Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) құрылуы, ЕҚЫҰ саммитінің елордада өтуі, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде енуі және оған төрағалық етуі, елордада ЭКСПО-2017 көрмесінің өтуі де бір жағынан Қазақстанның жер-жаһанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ерекше көңіл бөлетінінің айғағы болса, екінші жақтан, елім деген Елбасының ұлт қамын, Отанымыздың болашағын бәрінен биік қоятынын білдірсе керек.
Елбасының сеніміне ие болған, Тұңғыш Президенттің ел басқарудағы таңдаулы тәжірибесіне қанық Қасым-Жомарт Тоқаев та Мемлекет басшысы міндетіне кіріскеннен бастап салиқалы сабақтастықты жалғап, «халықшыл Президент, халық үніне құлақ асатын мемлекет» құратынын әу бастан-ақ аңғартты. Бұл – билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнатудың тиімді тәсілі. Осы тұжырымдаманы жүзеге асыру барысында әділетті мемлекет ұстанымы негізге алынғаны байқалды. Мәселен, осы бағыттағы жұмыстар нәтижесінде тұрмыс жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға арнайы әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды; әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтардың несиесі кешірілді. Кадр саясаты жетілдіріліп, ғылым мен білімді, денсаулық сақтауды дамытуға ерекше ден қойылды. Жұртты алаңдатқан «шетелдіктерге жер сату» мәселесіне де нүкте қойып, «жер шетелдіктерге сатылмайды» деп ашық ұстанымын білдірді. Сыртқы саясат жағында көрші елдермен «істік те, төстік те күймейтін» сындарлы саясат жүргізіп, халықаралық жағдай аумалы-төкпелі кезеңде әлемдік саясатта тепе-теңдікті сақтай білді. Атап айтқанда, Елбасы айқындаған көпвекторлы саясат қағидасын ұстана отырып, стратегиялық серіктес елдер – Ресей, Қытай, АҚШ, Орталық Азия мемлекеттерімен, Еуропалық Одақ, Азия және Таяу Шығыс мемлекеттерімен тең, достық қарым-қатынасты, сонымен қатар БҰҰ, ТМД, ЕАЭО, ШЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК секілді халықаралық ұйымдармен байланысты нығайтуға ден қойды.
Биыл жыл басынан бастап Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етеді. Осыған орай, Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшыларына жолдаған үндеуінде бірқатар маңызды мәселені көтеріп, ұйымның алдағы 5 жылдағы бағытын айқындап берді. Мәселен, былтыр Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің онлайн отырысында 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы құжатты қабылдау идеясын қолдай отырып, стратегияның кейбір бөлімдерін қайта талқылап, əлі де пысықтай түсу керек деп Қазақстанның тұрғысын түсіндіре білді.
Пандемия кезінде карантин себебінен табысынан айырылып қалған отандастарымызға да Қ.Тоқаев билігі үлкен көмек жасады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының пәрменімен дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ең бірінші жұмыссыз қалған адамдарға 42500 теңге мөлшерінде төлем жасалды. Бұл көмек 4,2 миллион адамды қамтыды. 1 миллиондай мұқтаж отбасы азық-түлікпен жəне қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Қиындыққа тап болған кәсіпкерлер үшін салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеу мерзімі ұзартылды. 700 мыңнан аса компания мен кəсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды. Мұндай жеңілдікті іргемізге ірі ел Қытайда да өз халқына жасаған жоқ.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының бастамасымен адам құқығын қорғау, əйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық, адам саудасы, мал ұрлығы, браконьерлік, көлікті мас күйде жүргізу сынды қылмыстарға қарсы заңнамалар қатаңдады, жайылымды ұтымды пайдалану, бейбіт шеруге рұқсат ету сынды халық аса назар аударып отырған түйіндер төңірегінде де жұртқа жағымды шешімдер жасалды.
Білім мен ғылымды, медицина саласын дамытуға үлкен басымдық беріліп отыр. Осыған байланысты алдағы уақытта білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе өседі. Ал дəрігерлердің жалақысы кезең-кезеңмен өсіп, 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе көбейту жоспарланған.
Қысқасы, тәуелсіз Қазақстанның іргесін бекемдеп, билік жүйе­сінің негізін қалаған, әлемге танымал саяси қайраткер, Елбасының сенімді серігі әрі лайықты ізбасары екендігін сөзімен де, ісімен де айғақтаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өткен екі жылда елдің сенімінен шығып, өз қабілет-қарымын аңғарта білді. Бастамасы жақсы елдің болашағы да баянды деген осы.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 1 =