«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

100 жастағы майдангерді құттықтады

0 160

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов соғыс ардагері Александр Торкинді 100 жылдық мерейтойымен және алдағы Жеңіс күнімен құттықтады.

Қала басшысы ардагерге соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі үшін алғыс айтып, оған зор денсаулық пен амандық тіледі.
«Біріншіден, бұл – ұмытылмас күн. Бұл – үлкен іс! Мен Жеңіс күні сынды ұлы мерекелердің болға­ны­на қуаныштымын. Барлық қазақ­стандықтарға ашық аспан мен отбасыларыңызға амандық тілеймін!» деді ҰОС ардагері.
Александр Торкин 1919 жылы 29 сәуірде Пензен облысындағы Владыкино ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. 20 жасқа дейін екі арнайы білім алып, педагог ретінде жұмыс істеп үлгерген. 1939 жылдан 1945 жылдың тамыз айына дейін Қарулы Күштер қатарында болса, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы майданына қатысып, Мәскеуден Кенигсбергке дейінгі жолды жүріп өтті. Әскерден кейін белсенді жұмысқа кіріскен ол жоғары білім алып, 17 жылдан аса әртүрлі ведомстволарда басшылық лауазымдарда қызмет істеген. 1945 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚазКСР Әділет министрлігінің әртүрлі басқарушы бекеттерінде, ал 1956-1962 жылдары Ақмола облыстық сотының төрағасы, 20 жыл «Целинэлектросетьстрой» трест басқарушысының орынбасары қызметін атқарды.
Ардагер бүгінде екі ұлы мен қызынан он жеті немере, шөбере сүйіп отыр. «Қызыл Жұлдыз» ордені, 1-ші және 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордені, «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», «Польшаны азат еткені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен, ҚазКСР Әділет Министрлігінің құрмет төсбелгілерімен марапатталған.
Сондай-ақ қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов бастаған депутаттар да ардагердің шаңырағында болып, Александр Торкинді қос мерекесімен құттықтап қайтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды