«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

100 млн теңге зиян келген

0 433

Астанада ботаникалық бақтың құрылысына бөлінген 100 млн теңгені ұрлаған 11 адам сотталды. Қылмыс жасаған кәсіпкерлер мен полицейлерді сот әртүрлі жазаға кесті.

«Кеңесу бөлмесінде бір қорытындыға келген сот күдікті адамдардың алдын ала сыбайласып, аса ірі көлемде инерттік материалдарды ұрлады деген шешім шығарды» деді үкімді жариялаған Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыс­тық істер жөніндегі соттың судьясы Айжан Шаяхметова.
Сотталғандардың арасында 1 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылған Қазым Байрамов, Қайрат Хасанов, Рамиль Кондолов, Батабек Қазин және Аджар Зейналов бар. Табиғат қорғау полициясының инспекторлары Әлфараби Жорабеков пен Нұрдәулет Пернешов пара алғаны және қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін «полиция капитаны» деген шенінен айырылды. Балғазы Іңкәрбек пен Арғын Ахмет қызметтік арамдығы үшін «полиция кіші сержанты» және «полиция аға сержанты» шенінен айырылды. Ал тағайындалған жазасын өтеген Аслан Алхан мен Серік Айтуаровты сот залынан бостандыққа шығарды.
«Гурбан Зейналов қысқа мерзімге жазаға кесілді. Өйткені қылмыстық істі тергеу органы ешқандай себепсіз жауапкершіліктен қашуға мүмкіндік берген. Оған қазір іздеу жарияланды. 22 сәуірде Зейналов ешбір кедергісіз Қазақстан шекарасынан өтіп кеткен» деп түсіндірді судья. Сондай-ақ, Айжан Шаяхметова Астана қаласының прокурорына «Астана-Зеленстрой» АҚ басшылығының ұрлыққа қатысы бар-жоғына назар аудару үшін арнайы қаулы шығарды. Прокуратура бір айдың ішінде қолданылған шаралар жөнінде ақпарат беруі тиіс. Соттың ақпараты бойынша ақша жымқыру нәтижесінде іс жүзінде мемлекетке 359 млн теңге емес, 100 млн теңге зиян келген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды