«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«100 кітап»: Миллиондардың санасына түскен сәуле

0 635

Алдағы қыркүйек айынан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарында жаңа пәндер пайда болып, олардың оқу жүйесі ғылым-білімнің жаңа жетістіктерімен байытылмақ. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жұмыстың алғашқы кезеңінде аударылған 18 оқулық еліміздің 110 жоғары оқу орнына таратылды.

Өркениет пен дамуды бетке алған кез келген елде қолға алынатын іс-шараның бәрі нақты қажеттіліктен туындауы шарт. Еліміздегі ғылым-білімнің, барлық сала мамандарының әлеуетін арттыру мақсатындағы жұмыстармен айналысу үшін құрылған «Ұлттық аударма бюросы» осы ұстаныммен жұмыс істейді. Яғни, ел азаматтары, әсіресе, студенттер мен шәкірттер өздері қажет деп тапқан кітапты аударма бюросына ұсына алады. Ал аударылатын 100 кітапқа олардың қайсысы енетінін сарапшылар анықтайды.

КІТАПТАР ҚАЛАЙ ТАҢДАП АЛЫНЫП ЖАТЫР?

Бүгінге дейінгі жұмыс кезеңінде бюроға жоғары оқу орындары ұстаздары тарапынан 800-ге жуық кітап түпнұсқасы ұсынылыпты. Арнайы құрылған комиссия мүшелері солардың ішінен 100 оқулықты іріктеп алған. Аударма бюросындағы жоба жетекшісі Назгүл Қожабектің айтуынша, бұл кітаптар бірнеше талап бойынша сараланыпты. Атап айтқанда, кітап бұрын-соңды орыс тіліне аударылмағаны, яғни қазақ қоғамына әлі жетпегені, ол заман талабына сай, сұранысқа ие болғаны, сондай-ақ, халықаралық үздік оқу орындарында оқытуға бекітілгені басты критерийлер қатарында қарастырылған. Кітаптың қаншалықты сұранысқа ие екенін анықтау амалы ретінде оның түпнұсқасы кем дегенде үш мәрте баспадан шығарылған болуын алғышарт етіп алыпты. Мысалы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Самажан Ынтықбайұлы ғылыми редакторлық жасаған Рикки У.Гриффиннің «Менеджмент» атты кітабы 12 рет басылған. Біздің аудармашылар бұл оқулықтың соңғы – он екінші басылымын аударып басқан. Осы тұста айта кетер жайт, кітаптың бірнеше рет басылғаны да оның өміршең, заман үніне жауап бере алатын еңбек екенін айқындай алады. Дәл осы «Менеджмент» кітабы, мәселен, екі миллион данамен әлемнің көптеген елдеріне таралған. Жалпы алғанда, «100 кітап» жобасымен әлемнің 42 елінде 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 миллионнан асқан еңбектер қазақ тіліне аударылып отыр.

БҰЛ ОҚУЛЫҚТАР ҒЫЛЫМДЫ ҒАНА ЕМЕС, ҚОҒАМДЫ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН

Сонымен, сәуір айында «100 кітап» жобасының алғашқы 18 кітабы көпшілікке таныстырылса, таяуда бұл кітаптар әр оқу орнына кем дегенде 50-60-тан, тіпті кейбіреулеріне 100-200 данадан таратылды. Коммерциялық мақсатта шығарылмағандықтан, бұл кітаптар сатылымға түспейді. Қоғамды жаңашылдыққа бастап, елдің ой-өрісін дамыту, ғылым көкжиегін кеңету, әртүрлі сала мамандарының әлеуетін арттыру мақсатында қолға алынғандықтан, бұлардың бәрі қарапайым, мүмкіндігінше түсінікті тілде аударылған. Қазіргі кезде электронды нұсқасы
әзірленіп, жалпы көпшіліктің пайдалануына ұсынылуда. Сонымен бірге, видеолекциялар да жасалып жатыр екен. Жоба жетекшісі Назгүл Қожабектің айтуынша, әр кітап бойынша кемі 20 минуттан 25 видеолекция ұйымдастырылып, аударма бюросының сайтына салынбақшы. Яғни, бұл лекциялар да жалпыға ашық, қолжетімді болып, ел игілікке қызмет етеді. Аударма жұмыстарының алғашқы кезеңінде жарық көрген 18 кітаптың 16-сы ағылшын тілінен, біреуі француз тілінен, енді біреуі орыс тілінен аударылған екен. Орыс тіліндегі кітап маңыздылығына қарай таңдалған. Ол – Светлана Терминасованың «Тіл және мәдениет аралық коммуникация» кітабы. Кітаптар оқулық ретінде ғана емес, өзін-өзі дамытқысы келген азаматтар үшін де өте маңызды екенін айттық. Мәселен, біз қазіргі таңда бетпе-бет келіп, шешімін таба алмай жүрген кейбір мәселелердің жауабын осы аударылған кітаптардан табуға болады. Солардың бірі – психология саласына қатысты кітаптар. Жалпы психология саласы XIX ғасырдан бастап жеке пәнге айналған екен. Өйткені екінші дүние жүзі лік соғыстан кейін көптеген адамдардың психикалық ауытқуға ұшырауы мүмкін болғандықтан, ғалымдар қоғамда психологиялық көмекке қажеттілік туатынын болжап, осы саланы дамытуға күш салған. Ал дәл қазіргі уақытта, интернетті жиі қолданатындар мен қолданбайтындар, интернетті ақыл-ойды, білімді дамытатын құрал ретінде мақсатты пайдала натындар мен тек қана көңіл көтеру, демалыс құралы ретінде қолданатындар арасында психологиялық айырмашылық жер мен көктей алшақтаған заманда, адамдар арасындағы көзқарас, рухани дүние, ақылой, интеллект деңгейі «ала-құла» күйге түсіп, рухани ықпалдастық әлсіреген кезде мұндай кітаптарға қажеттілік тіптен арта түсетіні түсінікті. Сондықтан да, осы салаға қатысты кітаптарды таңдағанда мамандар мүмкіндігінше тиімді шешім қабылдауға тырысыпты. Нәтижесінде, Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы», Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз», «Әлеуметтік психологияға кіріспе» кітаптары осы бағыттағы еңбектері қазақ тілінде жарық көрді. Осы саладағы кітаптарды аударып, өңдеген Есей Жеңісұлы бізде психологияның әлеуметтік психология, интернет психология деген салалары тым аз зерттелгенін айтыпты. Демек, біз бүгінге дейін өзімізге түсініксіз болып келген кейбір мәселелердің жауабын дәл осы кітаптардан табатынымыз анық.

ҒЫЛЫМИ КІТАПТАР ТЕРМИНСІЗ БОЛМАЙДЫ

Елбасы өз сөзінде «100 кітап» бастамасы қазақ терминологиясына өзіндік үлесін қосатынын айтып өткен. Бұл сөздің дұрыстығын қазірге дейінгі жұмыс тәжірибесі дәлелдеп отыр. Бұл жұмыстармен қазіргі кезде еліміздегі әлеуеті жоғары, мықты мамандар айналысып жатқанына күмән жоқ. Кітаптың түпнұсқадан аударылып, қазақ тілінде оқырманға жеткенге дейінгі жұмысы да өте тиімді жүйеленген. Алдымен аударма жұмысымен аудармашылар емес, сала мамандары айналысады екен. Одан соң кітап ғылыми редактордың, көркемдік редактордың, шығарушы редактордың – жалпы осындай үш-төрт тұлғаның қолынан өтеді. Сондай-ақ, kitap.kz сайтында жарияланып, қоғам назарына ұсынылады. Осы оқылымнан кейін сын-ескертпелер бойынша мәтін тағы да пысықталып, баспаға жіберіледі. Ғылыми кітаптардың терминге бай болып келетіні түсінікті. Бұл тұрғыда, жоба жетекшісі Назгүл Қожабек: «Ағылшын тіліндегі терминдер орыс тілінің фонетикалық дыбысталуына сәйкестендіріліп қазақ тіліне енді. Қазір көбінесе ол терминдерге жұрнақ жалғау арқылы қазақыландырдық. Мысалы, объективті, эксклюзивті, абсолютті деген терминдер. Менің ұстанымым, мысалы, «абсолют» сөзін қалдыру, мысалы, «абсолют шама», «абсолют өлшем». Ешқандай жалғау, жұрнақ қоспасақ. Орысшадан өтіп келген жасанды қазақша сөз емес, халықаралық сөз ретінде қалады. Мысалы, «объективті пікір» дейді, мен оны объектив пікір деп халықаралық нұсқасында қалдырамын» депті бір сұхбатында. Сонымен қатар, Назгүл кейбір сөздерді қазақшалағанда жұрнақты орынсыз жалғай беретінімізді сынға алып, қазақ тіліне қате күйінде сіңіп кеткен кейбір сөздерді жөнге келтіруге тырысып жатқанын айтыпты. «Менің бір мақсатым, жөнсіз сөздерді тілімізден ақырындап ығыстырып, тазалап алу» депті. Айта кетер бір жайт, алғашқы 18 оқулықты аудару барысында 3000-ға жуық термин пайдаланылған екен. Оның ішінде қолданыста жүрген терминдер де бар. Ал жаңадан енген термин сөздер – жан-жақты талдау мен талқылаудан кейін іріктеліп алынған сөздер. Ұлттық аударма бюросы алда осы жаңа терминдерді жинастырып, бөлек сөздік құрастырып шығаруды мақсат етіп отыр екен. Ол, әрине, қазақ тілінің редакторларына, тіл мамандарына таптырмас көмекші құрал болар еді. Белгілі ғалым Шерубай Құрманбайұлы кітаптарды аудару кезіндегі терминология мәселесі туралы: «Кітаптарды аударғанда бірінші рет қолданысқа енген терминдердің аудармасын дәл беру басты қиындық болды. Қолданыста бар, орныққан терминдерді және халықаралық терминдерді сол қалпында қалдырдық. Ал жаңа терминдерді біз кең талқыға салып, қолданысқа тез ену жағын да ойластырдық. Тағы бір айта кететін жайт, түпнұсқадағы халықаралық жер-су атаулары, философтар мен ғалымдардың есімдері бізде өзгеше аталып келді. Мысалы үшін Сократ, Декарт деп бір ғасырға жуық орысша аудармасына үйренгенбіз. Бұл мәселені талқылай келе, үйреншікті атаулар мен есімдерді сол қалпында қалдыруды жөн көрдік. Болашақта латын әрпіне көшкен кезде өзіндік бір ғылыми негізде түпнұсқада көрсетілген атауға жақындатып беруді шешу керек деп ойлаймын» дейді.

СӨЗ СОҢЫ

Ұлттық аударма бюросы шығарған 18 оқулықты дайындауға 200-ден астам маман қатысқан. Олай болатыны өте көлемді, тілі ауыр кітаптар үш-төрт аударма шыға бөлініп берілген екен. Қазіргі кезде жұмыстың екінші кезеңіне көшкен аудармашылар мен редакторлар 30 кітап бойынша жұмыс жасауда. Ол кітаптар да қоғамның, ғылымның әртүрлі саласын қамтиды. Жалпы Ұлттық аударма бюросы 30 кітапты биылғы жылы аударып, басып шығаратын болса, 100 кітаптың тең жартысы осы бір жылда дайын болады деген сөз. Құдай сәтін салса, келесі жылы қалған 52 кітап бойынша жұмыс жүргізіліп, екі жылда қазақ тіліндегі кітаптар қоры мол қазынамен толығатын болып отыр.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды