10 тамыз – Абай күні

0 183

БҰЛ – РӘМІЗДІ КҮН

Абай күні – көп мерекенің бірі емес, әрі халық­тық, әрі елдік мәні бар меже. Әлем үшін белгілі ұлттың аты мен тұлғасы тұтастанып кетеді. Біз­дің Абай – сондай! Бірақ «мата даңқымен бөз өтеді» дегендей, ақын есіміне құр малданғаннан гөрі, еңбегін оқып, шын абайшыл болғанымыз жөн.

Абайшыл болу» деген не? Ол – елге адал болу, білім-ғылымға ұмтылу, заман ахуалын хатқа түсіре алу немесе шығармашы­лықты қадірлеу. Біздіңше, сонша қиын талап емес. Тырысса, мұны екі адамның бірі орындай алады. Әлемде 17 миллион, елімізде 12 миллион қазақ өмір сүрсе, Абай мен ұлт өлеңін алқалаушылардың саны кемі 6-8 миллион болмай ма? Бұл аз сан емес. Оның арғы жағында тіл, мәде­ниет, руханият тұр.
Ұлт тағдыры бұрын да, қазір де күрделі. Абай сөзі еске түседі:
Жақынға еріп, мал салмай,
Жауды көріп, жан салмай,
Қайдан ғана біледі
Ауыр менен жеңілдің
Арасымен өтерді?…
Ақын айтқан жақын да, жау да өзгерген жоқ. Оның бірі – қандасымыздың яки жұрттың нәпсісі мен құлқыны болса, екіншісі – жан-жағымыздың яки әлем ашкөздерінің нәпсісі мен құлқыны.
Алаш зиялылары Абайды – «отаршылдыққа шалынған бірінші құрбан» санаған. Отаршылдықты бүгінгі гуманизм тілінде «жаһандық кесапат, бүліншілік» деп түсініңіз.
«Абай күнінің» рәмізді болатын себебі: бұл – осы замандағы теперіш пен зорлық-зомбылыққа, аярлық пен надандыққа қарсы тұрған Қазақ елінің немесе Қазақстанның үні. Әрине, оны тек поэзия форматында айту міндетті емес. Мұның мәні мен мазмұны маңызды.
Ендігі кезекте Абай күні­нің тұжырымдамасын қалыптастырып, дамыту, оны жалаң науқаншылдыққа айналдырмау – бәріміздің мойнымыздағы іс. Осы жолда халқымызға сана, ыждағат, ынсап, сабыр берсін!

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы
ЕҰУ проректоры,

ҰҒА академигі

 

ҰЛТТЫҢ  ТӨЛҚҰЖАТЫ

Абай – қазақ ұлтының төлқұжатына айналған тұлға. Үкіметтің 10 тамызды «Абай күні» деп мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне атау­лы күн ретінде белгілеуі – ерекше жаңалық. Руханиятымыз үшін айрықша оқиға. Мәселен, көрші Ресейде Пушкин күні, Өзбекстанда Науаи күнінің тойлануы – әлемдік мәдени кеңістікке белгілі еді. Осы секілді мысалдар көбірек келтіруге де болады.

Өз басым Үкімет Қау­лысын жақсы қабылдадым. Себебі, қазіргі таңда абайтану ғылымындағы ой-пікір, тұжырым биологиялық тұрғыда «қартайып» кетті. Абайтанушы ғалымдарымыздың алды – тоқсан, ең жас дегені – елу бесте. Сондықтан да Абай Құнанбайұлының тұлғасы мен шығармашылығын зерттеу, зерделеу мәселесі жаңа көзқарас негізінде қайта қарастырылуы шарт. Кеңестік билік кезеңінде идео­логиялық цензураға ұшыраған тарихи тұлғалар мен оқиғалар өте көп. Олар – Қазақ елін азаттық пен дербестікке бастаған оқығандар. Міне, сол оқығандардың бәрі Абай тұлғасын ұлттық культке айналдыру мұратын қолдаған, ақын туралы тұшымды ой жаз­ған, өшпес із қалдыр­ған-ды. Анығында, біз сол арыстардың көбін білмейміз де. Шаң басқан архив қоймаларындағы абайтануға қатысы бар құжаттарды ғылыми айналымға шығарсақ, Абай тұлғасын ең алғаш болып насихаттаған арыстар туралы жаза бастасақ, көкжиегіміз кеңейеді. Тарихи санамыз жаңғырып, «Абай мен Алаш» тақырыбын біртұтас елдік идея деп ұғуымызға жол ашылады.
Абайтану ғылымында шешілмеген түйткіл жеткілікті. Аса маңыздысы – хакімнің шығармашылық мұрасына толық текстология жасалуы, академия­лық жинағының даярлануы.
Енді жыл сайын Абай күнін ұлықтау арқылы жасөспірімдер мен қоғам өкілдерінің санасына ақын болмысын дәріптеп, оларды ізгілікке, адалдық пен әділдікке шақырамыз. Бұл – жауапкершілігі мол тәуелсіздігіміздің беріктігіне қызмет ететін рухани миссия.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
әдебиеттанушы-
ғалым

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − five =