10 мың отбасы баспаналы болады

0 99

Қала әкімдігі тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне айрықша назар аударады. Биыл кезекте тұрғандарға арнап 10 мың пәтерлі тұрғын үйлер салынады.Әлеуметтік пәтерлерді ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар, жетім балалар, толық емес отбасылар, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, зейнеткерлер, ҰОС қатысушылары сияқты санатқа жататындар ала алады. Сонымен қатар баспана кезегінде тұрған Отбасы банкінің (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) салымшылары осы тұрғын үйлерден пәтер ала алады. Әкімдік тарапынан жастар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылардың баспана мәселесін шешуге басымдық беріледі. Олардың алды пәтер кілтіне келесі айда қол жеткізбек.
Сонымен қатар, биыл Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы да жалғасын табады. Бағдарлама аясында жыл соңына дейін тағы мыңнан астам жас баспаналы болады. Жыл басында 350 елордалық жас отбасы қоныс тойын тойлаған еді.
Сондай-ақ биылдан бастап жастар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасы (әлеуметтік несиелеу) іске қосылады.
Қазақстандық тұрғын үй компаниясы желісі бойынша тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың да санаты кеңейтілді. Енді бұл бағдарламаға медицина қызметкерлері, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері қатыса алады. Баспанаға мұқтаждарға арналған тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 миллион теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Сәйкесінше тұрғын үй сертификатын алушылардың санаты да кеңейтілді.
Жалпы бас қалада 2018 жылы – 1800 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер салынса, 2020 жылы 7 мың жеңілдікті пәтер пайдалануға берілді. Ал биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордадағы қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайып, әлеуметтік пәтер саны 10 мыңға жетті.
Осылайша соңғы үш жылдың ішінде әлеуметтік тұрғын үй салу көрсеткіші 5,5 есеге өсті.
Қаладағы көппәтерлі тұрғын үй кешендерін жөндеу, ескі және апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау да маңызды мәселе саналады. Өткен жылы елордада 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жөнделді. Соңғы екі жылда апатты жағдайдағы ескі үйлерден 400-ден астам отбасы көшірілді. Биыл тағы да 200-ден астам отбасын көшіру және олар үшін жайлы, ал ең бастысы, өмір сүру үшін қауіпсіз жағдай жасау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ үлестік құрылыс нысандарын аяқтау жұмыстары жалғасуда. 1,5 жыл ішінде «сақалды» құрылыс нысандарының саны екі еседен астам азайды. Биыл 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқталып, 7 мыңнан астам үлескер көптен күткен пәтерлеріне қол жеткізбек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =