1 Наурыз – Алғыс айту күні!

0 180

Геннадий ШИПОВСКИХ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұл күн ең алғаш Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тойлана бастаған еді. Аз уақыт ішінде ел көлемінде қарқын алып, ерекше үрдіске айналды. Менің де қасиет қонған Қазақ еліне, қастерлі Отаныма айтар алғысым шексіз! Шын мәнінде, қазақ – ерекше алғысқа лайық халық. Себебі қазақтар қиын-қыстау заманда осы мекенге жер аударылған түрлі этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алып, қолдау көрсетті. Сондықтан ата-бабаларымыздың өмірін сақтап қалған Қазақ еліне, қазақ жұртына мың да бір алғыс айтамын!
«Тәрбие – тал бесіктен басталады» дейді. Расымен, біздің барлық жеңістеріміз бен жетістіктеріміз ата-анамызбен, олардың берген тәлім-тәрбиесімен тікелей байланысты. Сол себепті, мен бүгін білім алуыма, тіл үйренуіме, патриот болып қалыптасуыма барлық жағдайды жасаған ата-анама айрықша алғыс білдіргім келеді.
Біз үшін ұстаздың орны қашанда биік тұрады. Адамның тұлға ретінде қалыптасу жолында ұстаздың рөлі ерекше. Балабақша, мектеп, университеттегі ұстаздардан бөлек, өмір жолыңда кездесіп, жол көрсетіп, жөн сілтейтін ұстаздардың болатыны белгілі. Сондықтан осындай парасатты, әділ, ұлттық мүдде үшін адал еңбегімен танылған барша ұстаздарыма алғысымды білдіремін.
Құрметті бауырлар, ардақты ағайындар «Алғыс айту» күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, тек қана қуанышты күндеріміз көп болсын!

ЖАҚСЫЛЫҚ ІЗІ ӨШПЕЙДІ

Владислав ТЕН,
«LINGVA TEN» тіл орталығының директоры,
қазақ тілі онлайн мектебінің негізін қалаушы:

– Көктемнің бірінші күнімен тұспа-тұс келетін алғыс айту күні – мен үшін ерекше күн. Осыған орай, қазақ халқына корей халқының атынан шын жүректен айтар алғысым шексіз.
Біздің ата-бабаларымыз 1937 жылы депортацияға ұшырап, қазақ жеріне еріксіз қоныс аударғанда, жергілікті халық соңғы нанымен бөлісіп, ажалдан құтқарып, көмек берді. Сол кезде қазақ халқы ата-бабаларымызға қол ұшын бермегенде, мен де бұл дүниеге келмес едім және осы алғысымды дәл қазір жазып отыр­мас едім. Қазақ жері – корейлер үшін киелі әрі қасиетті жер. Қазақты сүймеген адам қазақ тілін үйрене алмайды. Мен қазақ тілін өзім ғана үйреніп қоймай қысқа уақыт ішінде өзгелерге де үйретіп жүрмін. Маған тек тіл емес, жалпы қазақ халқының өзі, салт-дәстүрі, әдеби шығармалары да қызық. Кейде өзіме: «Неге мен қазақ тілін дамыту үшін осынша жанымды аямай жұмыс істеп жүрмін?» деп сұрақ қоямын. Сол сұрағыма өзім жауап таптым. Алла тағала мені Қазақстанға ата-бабаларымның атынан алғыс айту үшін жіберген сияқты. Сол қиын кезде менің ата-бабама көмек берген қазақ халқына деген құрметімді әрқашанда бірінші орынға қоямын.
Қазақ халқының ең жақсы қасиеттерінің бірі – басқа этностарды құрметтей білуінде. Мысалы, корей халқы туралы үнемі «еңбекқор» деп айтады. Бұл – біз үшін мақтаныш. Қазақ елі үшін оның жан-жақты дамуына жан аямай еңбек етуге дайынмын.

АЛҒЫСТЫҢ АРТЫҚТЫҒЫ ЖОҚ

Наргизам Махмутова,
Қазақстан ұйғырлары мәдени орталығы
республикалық филиалы жастар қанатының жетекшісі:

– 1 наурыз – біз үшін қос мереке. Ең бірінші бұл күні Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылса, екіншіден, бұл күн – 130-дан астам этносты бір шаңырақ астында жинап отырған қазақ халқына ерекше ризашылығымызды білдіретін күн.
Алғыс айту күні – қазақ халқының дархандығы мен даналығын көрсететін айтулы күн. Бүгінде бұл мерекенің кең ауқымды мән-мағынасы бар. Қазақстандықтар осы күні бір-біріне, әкеге, анаға, ағаға, әпкеге, ініге, ұстазға, елге, өмірге өз ризашылығын білдіреді, құрмет көрсетеді. Мен өз тарапымнан айтулы мереке қарсаңында еліме, жақындарыма алғыс айтқым келеді.
Жалпыхалықтық мереке – алғыс айту күні қарсаңында баршаңызды бір-біріңізге жылы лебіз білдіріп, алғыс айтуға шақырамын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + three =