1,6 миллион адам коммуналдық көмек алады

0 10

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қаласының Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов республика бойынша 1,6 миллион адам коммуналдық өтемақы алуы мүмкін екенін айтты.Әлемді есеңгіреткен атышулы індетке қарсы елімізде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланды. Осыған орай, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтен карантин енгізген елді мекендер тұрғындарының коммуналдық төлемдерін жеңілдету туралы тапсырма берген болатын. Сол себепті жақында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коммуналдық қызмет шығындарын өтеу ережесін бекітті.
Барлық құзырлы мемлекеттік органдар мамандарының қатысуымен өткен талқылау барысында коммуналдық өтемақы алатын әлеуметтік топ санаттары белгіленді. Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша осал топтың өкілдерін анықтау кезінде астана әкімдігінің ұсынысы ескерілді. Оған І, ІІ, ІІІ топ мүгедектері, көпбалалы отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері және оларға теңестірілген жандар, қызмет бабында қаза тапқан адамдардың отбасылары, ең төменгі зейнетақы алатындар және АӘК алатын азаматтар енді.
Коммуналдық қызмет шығындары үшін өтемақы сәуір және мамыр айлары үшін беріледі, ол әр айға 15 мың теңгеден есептелді. Ол үшін мұқтаж отбасылар әкімдікке өтініш жіберулері қажет, төлем соның негізінде жасалады.
– Бекітілген санат топтарына жататын азаматар колл-орталық немесе ақпараттық жүйелер арқылы өтініш жолдауларына болады. Өтініш айтушы өздерінің әлеуметтік мәртебесін, ЖСН нөмірін және дербес шотын ауызша айтса жеткілікті. Ақпарат бере алмайтын немесе уақытша әлдебір жағдайларға байланысты мәлімет жеткізу қиындық тудырып отырған жандар болуы мүмкін. Ондай жағдайда оның жақындары, таныстары, әйтпесе құзырлы мекемелердің өкілдері сол кісінің атынан өтініш айтып, қажетті ақпаратты бере алады. Ол үшін ешқандай куәландыратын құжат талап етілмейді, – деді Б.Шаханов.
Бұдан кейін әкімдік келіп түскен деректердің бәрін егжей-тегжейлі тексеріп, оның бекітілген талапқа сай екендігін анықтайды. Өтініш мақұлданған жағдайда, 15 мың теңге әлгі адамның дербес шотына аударылады. Қазіргі күні өтініштер қабылданып жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =