051 қалаға қажет қызметі

0 81

Елорда тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігін алақандағыдай біліп отыратын­ бірден-бір мекеме – «051 қызметі». Жұртшылық  жарығы сөнсе, суы үзілсе, жылу жүйесінен жік шықса, бірден осы қызметтің телефон нөмірін тереді. Арыз-шағымдарын айтып, араша сұрайды. Күндіз-түні тыным таппай, қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етуге еңбек етіп жүрген ақпараттық-диспетчерлік қызметінің бір күндік жұмысына біз де куә болып қайтқан едік. 

Жүктеме де, жауапкершілік те үлкен

«051 қызметін» күллі қала тірші­лі­гінің айнасы дерсің. Астананың қай түкпірінде қандай апат болғаны, кімнің пәтерінде су аққаны, қай үйге жылу дұрыс берілмей жатқандығы – бәрі-бәрі осы қызметтің дерек қорына келіп түседі. Тұрғындардың дамылсыз соққан телефон қоңы­рау­ла­рын көргенде, «мына жұрт «051 қызметі» болмаса, қайтер еді?» деген ой еріксіз оралады.
Елорданың «051 қызметі» 2001­ жылы құрылған. Тұрғындар тір­ші­лі­гін­де қандай да бір түйткіл туындай қалған жағдайда тиісті мекемелерді тезірек хабардар ету­ мақ­са­тында пай­да­ болған. Ал­ға­шын­да ақпараттық-дис­пет­черлік қыз­мет­тің телефон нөмірі 051 бол­ған. Атауы да осыған байланыс­ты­ болса керек. Қазір қалалық не­ме­се ұялы телефоннан «109» са­нын терсеңіз, осы қызметтің дис­пет­чер­лік-кезекшілік бөліміне келіп тү­сесіз.
…Сейфуллин көшесі, 22-үйде ор­на­лас­қан «051 қызметінің» меке­ме­сі­не кел­дік. Алдымен бастығына кіріп, әң­­гі­­ме­­ле­сіп шығатын әдетіміз. Мұрат Сә­кен­ұлы өзінде екен. Ол аталмыш жұ­мыс­тың қыр-сыры ту­ра­­лы кеңінен әң­гі­ме­леп берді.
Бүгінде мұнда 27 адам жұмыс істейді екен.­ Оның 16-сы – диспетчер. Қала қауырт өсіп келеді. Осыған байланыс­ты­ «051 қызметіне» түсетін жүктеме де,­ жауапкершілік те көбейген. Ал қа­зір­гі құрам Астанадай үлкен шаһарға аз­дық етеді. Сондықтан тағы төрт дис­пет­­чер алу жоспарда бар.
– Халық пен олардың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты ұйымдардың арасына көпір болу, елдің тілек-арызын тиісті жеріне жеткізу – мекемеміздің басты мін­де­ті. Бізге келіп түскен ха­бар­ла­ма­лар­дың­ ешқайсысы жер­де­ қал­май­ды. Түгелі тіркеліп, әрқайсысын тиісті ме­кеменің құзырына тапсырамыз. Жағдай түзелмейінше, мәселе де күн тәртібінен түспейді, – дейді Мұрат Аманчиев.
«051 қызметіне» соғылған әр теле­фон­ қоңырауына айрықша ма­ңыз бе­рі­леді. Ешқайсысы еске­ру­сіз қал­май­ды. Диспетчерлер ке­ліп­ түскен сау­ал­дарды сана­ты­на қарай іріктеп, қала­ның тір­ші­лі­гін­ қамтамасыз етуге жауапты ма­ман­дар­дың қарауына, аудан әкім­дік­те­ріне жібереді. Тіпті кейбір мә­се­ле­лер қалалық әкімдік дең­гей­ін­­де де шешіліп жатады. Телефон ар­қы­лы қойылған бір сұрақтың өзі қан­ша­ма сала мамандарын аяғынан тік­ тұр­ғы­затынын тұрғындардың өзі біле ме екен? «Астана су арнасы», «Астана-Теплотранзит», «Қалалық электр желілері», «Қа­лалық жарық», одан қалса, басқар­ма­лар, қажет болса, аудан, қала әкімдіктері…
«051 қызметінің» дерек қо­рын­дағы мәліметтер қала тір­ші­лі­­гі­нің қандай деңгейде екендігін ай­ғақтайтын көр­сет­кіш­ іс­пет­ті. Осы дәйектердің не­гі­зін­де кезеңдік, жыл­дық мониторингтер­ жүр­гізіледі екен.
– Мысалы, қай ПИК-тің жұмысын ширату керек, қай салаға ерекше қадағалауға алу керек екендігіне сараптама жүргіземіз. Бұл келесі жолы осындай мәселе қайталанбасын деген ниеттен туған шаруа, – дейді мекеме бастығы.
«Мәселенің шешілуіне өзіміз де мүдделіміз»
«051 қызметіне» тәулігіне 500-ден 3 мыңға дейін сұрақтар келіп түседі екен. Олар коммунал­дық­ ша­руа­­шы­лық-тұрмыстық мәселе­лерді­ қа­да­ғалап, осыған байланыс­ты­­ ту­­ын­­да­ған түйткілдерді тиісті ме­ке­­ме­­лерге жеткізуді қамтамасыз ете­­ді. Алайда өздерінің мін­де­­ті­не жата бермейтін, қала тірші­лі­­гі­не қатысы аз сауалдарға да жауап беруге мәжбүр. Кей кезде қиын­дық­қа тап болып, жанұшырған өзге өңірлердің тұрғындары қайда хабарласарын білмей, елорданың осы «051 қызметін» іздеп табады. Өзгенің мәселесін өзінікіндей көретін елордалық диспетчерлер де бәлсініп жатпайды. Қолма-қол тиісті мекемеге хабарласып, мәселесін шешіп беруге көмектеседі. Айталық, жақында ғана Ақмола облысы аума­ғын­дағы үлкен күре жолда көп кө­лік соқтығысып, қар астында қалған. Көмек сұраған азаматтарға қолұшын беруге асыққан «051 қызметі» сол маңайға жақын Есіл ауданы әкімдігіне шығып, мәселенің мән-жайын баяндаған. Олар бірден атқа қонып, көмекке барған.
Осыған ұқсас жағдайлар бұл қыз­мет­тің тарихында талай жазылған.
Өздері тікелей жауап бере­тін­ сан-салалы сауалдар аздай,­ кей­де диспетчерлер телефон­ анық­та­ма­сы­ қызметін да атқарады. Бұ­рын­ қаламызда «09» деген ан­ық­­та­ма қызметі болғаны белгілі. «Қа­зақ­те­леком» АҚ-ның бұл қызмет түрі бүгінде «11801» болып өзгерген. Шамасы, жұртшылық «109» -ды осы анықтама қызметімен шатастыратын болса керек (әлде төрт саннан тұратын анықтама нөмірін теріп жатуды қиынсына ма?). Бірақ «біздің міндетіміз емес» деп қабақ шытқан қыздар жоқ. Жөн сілтеп, қолда бар мәліметімен бөлісіп отырады.
– Телефон анықтамаларына байланысты түскен сұрақтарды бұрын біз тіркеген емеспіз. Соның өзінде былтыр 20 мыңға жуық сауалдарға жауап бердік. Ал биылдан бастап, анықтама төңірегіндегі сауалдарды да тіркеуге алуды жөн санап отырмыз. Өйткені күндіз-түні телефонға жауап беруден босамайтын қыздардың еңбегі бұл. Ал келіп түскен хабарламалардың бірін қалдырмай, түгендей бастап ек, тек биылғы қаңтар айының өзінде сауалдар 20 мыңға жуықтады, – дейді Мұрат Аманчиев.
Мекеме басшысы­ бір апта ішінде қалада тіркелген үлкенді-кішілі апатты жағдайлар мен оның шешілу деңгейі жөнінде және қанша арыз-шағым келіп түскені турасында әр дүйсенбі сайын қала әкімінің орынбасарына есеп береді. Сондықтан тұрғындар мәселесінің оңтайлы ше­ші­луіне «051 қызметінің» өздері де мүдделі.

«Апатты жөндемейміз, ақпаратты жеткіземіз»

«051 қызметі» – шағын ғана ұжым. Қызметтің негізгі салмағы дис­петчер қыздарға түседі. Олар ауы­сым бойынша таңертеңгі сағат 9.00­-ден ертеңгі сағат 9.00-ге дейін жұ­мыс істейді. «051 қызметі» тыңдап тұр!» деп жұртшылықтың теле­фон­ қоңырауларын қабыл­дай­тын­ қыз­мет­кер­лер осы.

Біз барған күні диспетчерлік бөлімде Самал Қосмағамбетова, Гүлнәр Асқарбекова, Жания Түлекеева, Айгүл Юсупова деген­ төрт қыз кезекшілікте отыр ек­ен.­ Төртеуінің де бізге қарауға мұр­ша­лары жоқ. Алдындағы телефон қоңырауларына жауап беріп әбігер.
Көзіміз қабырғада ілініп тұрған мониторға түсті. Бізді ертіп жүрген ақпараттық-талдау бөлімінің мең­ге­ру­­ші­сі Ниязбек Хамзиннің ай­туын­ша, бұл диспетчерлердің жұ­мы­сын жеңілдету үшін жасалған «051 қызметінің» ақпараттық жүйесі екен. Мұндай бағдарлама диспетчерлердің уақытын үнемдеп, аз мезетте көп ақпарат алуға мүм­кін­дік жасайтын көрінеді.
Экранның бетінде әр диспет­чер­дің­ аты-жөні көрсетіліп, қабылдаған хабарламаларының саны, уақыты, қысқаша түсініктемесі беріліпті. Әр сауалдың тұсында түрлі түс­тер­ге боялған белгілер тұр. Нияз­бек­тің түсіндіруінше, жасыл бел­гі – келіп түскен хабарлама бой­ын­­ша іс-шаралар жасалып, мә­се­ле­ шешілгенін білдіреді. Қызыл-сары түс – сауалдардың әлі тиісті мекемеге жете қоймағанын айғақ­та­са,­ көкшіл түс – хабарлама жібе­ріл­ге­нін, енді оның орындалуы бақылауға алынғанын көрсетеді. Бұл ақпараттық жүйенің жұмыс сапасын жақсартуға да тиімді кө­рі­неді.
Байқаймын, экрандағы хабарла­ма­лардың саны санаулы секундтар сайын өзгеріп отырады. Таңертеңгі сағат 9.00-ден сағат 11.06 минутқа дейін төрт диспетчер 108 қоңырау қабылдап үлгеріпті. Бұл диспетчер бөлімінің саябыр тапқан кезі саналады. Әйтпесе, бірер сағаттың ішінде мыңдаған хабарлама­ қабылдайтын кез­дер болады екен.
– Әсіресе, жылу беру маусымы бас­талған алғашқы сәтте телефон дамыл таппайды, – дейді диспетчерлердің жетекшісі Самал Қосмағамбетова. – Бұл маусымнан да өттік. Енді алда көктемгі су тасқыны кезеңі келе жатыр. Осы мезгілде бір мұрнымыздан шаншыламыз.
– Жұмыстарыңыз қандай? Былай қарасаңыз, телефонға жауап беріп қана отыру айтарлықтай ауыр шаруа емес секілді…
– Әрине, сізге солай көрінуі мүмкін. Әйтпесе, халықпен жұмыс істеу оңай емес. Ол үшін жүйкең темірдей болу қажет. Кейде мә­се­ле­нің мәнісін түсін­дірейін десең, өрекпіп, дес бермей кетеді. Істің байыбына бармай жатып, дауыс көтеріп, дөрекі сөздерімен дөңайбат көрсететіндер бар. Олар ұрысты екен деп біз айғайламаймыз ғой. Жүрегімізге қанша ауыр тисе де, жұмысымыз сондай болғандықтан үнсіз көніп отыра береміз. Тіпті бізді ауызбен жұмыстан шығарып та тастап жатады күнде, – деп күлді Самал. Сөйткенше болған жоқ, оның алдындағы телефон шыр ете түсті. Ар жақтағы дауыс:
– Мына адам жүретін жердегі қарды неге тазаламайсыздар?
– Аты-жөніңізді, байланыс теле­фон­­да­рыңызды айтыңызшы?
– Жүкенова – фамилиям. Жетісу көшесі, 10.
– Жақсы, хабарламаңыз қабыл­дан­ды. Қазір тиісті жерге жеткіземіз сөзіңізді.
Самал бірден Сарыарқа ау­да­ны­ әкім­ді­гінің абаттандыру мәсе­ле­сімен айналысатын бөліміне хабар­ласып, мән-жайды ескертті. Диспетчердің айтуынша, адамдар кейде өз аулаларындағы қарды сырт­қа шығарып тастауға ерінеді. «Бір көшенің тұрғындары үздік-создық жүрмей, бір уақытта қарын тазалап тастаса ғой. Онда ком­му­налдық қызметтер бір үйдің қарын күреу үшін алдында тазалаған көшені қай­тад­ан тазалап жүрмес еді…». Самал­­дың сөзін телефон даусы­ бөлді. Тұтқаның ар жағындағы кіш­ке­не бала­ның дауысы:
– Түстен кейін сабақ бола ма?
– Әрине, болады. Күн жылы ғой. Таңертең оқитын балалар да барды. Самал қанша жылы сөйлесе де әлгі балаға сабаққа баратыны ұнамай қалды ғой деймін:
– Жарайд-д онда, – деді көңілсіз үнмен. Томсырая қалғаны даусынан білініп-ақ тұр. Диспетчерлер айтады: «осы сабақтың болатын-болмайтыны жөнінде таң атпай сағат 5-тен бастап хабарласатындары бар. Ал бізге бұл жөніндегі ақпарат таңғы сағат 6-дан кейін келіп түсе­ді».­ Тағы телефон шырыл­дады:
– Ау, халайық, біз газсыз отырмыз…
– Қайдан хабарласып тұрсыз?
– Тәуелсіздік даңғылы, 24-­үй­ден.­
– Жақсы, шағымыңыз қабыл­дан­ды.­ Бізден жауап күтіңіз. Диспетчер тұтқаны қоймай тұрып, бірден газ қызметі «104-ке» телефон соғып, хабарламаны жеткізді. Сонда дей­мін­-ау, жұртшылық неге сол газ қыз­ме­ті­не өздері хабарласа салмайды? Біз­дің­ше, қаладағы коммуналдық ша­руа­шылық кәсіпорындардың бар­лы­ғын­да халықтың арыз-шағы­мын қабылдайтын бөлімдер, телефондар бар. Соған қарамастан, жұртшылық «051 қызметіне» ха­бар­ласуға құмар. Мысалы, «Құ­дық­­тардан су атқылап жатыр», «Жа­­рық­­сыз отырмыз» деген сау­ал­дармен тікелей айналысатын мекемелер бар емес пе? Әлде көп санды қиынсынып, тегін үш санды тере салғанды жөн көре ме екен?!
… Бірін қойса, екіншісі шырылдап жатқан телефондармен жарысып,­ біз де өз сұрағымызды қойып үл­ге­ріп­ жатырмыз.
Самалдың осы қызметке келге­ні­не­ тоғыз айдай болыпты.
– Қызметке кіріскен алғашқы күндері жұмыстан тыс уақытта да телефон дауысы құлағымнан кетпей, дыңылдап жүрді. Кейін үйреніп кеттім.
– Байқаймын, телефон шалушылар тым көп екен. Кей­бі­реу­лер­ ерігіп те отырып хабарласа бере­тін шығар?
– Ондайлар бар енді. Тіпті ұзақ­-со­нар әңгіме айтып, телефон желі­сі­не­ «мініп» алатындар да бар.
– Ондай кезде не істейсіңдер?
– Оларға өзінен басқа да хабарласушылар бар екенін сыпайы түрде түсіндіруге тырысамыз.
– Жалған ақпарлар келіп түсе­тін­ кездер бола ма?
– Бірде маған біреу хабарласып, «Бомба» деді де тұтқаны қоя сал­ды. Басқа ештеңе деген жоқ. Қор­қып кеттім. Бір ауыз сөздің өзі қан­шама адамды дүрліктіргенін көр­се­ңіз­ ғой. Абырой болғанда, әлгі ақпар жалған болып шықты.
«051 қызметіне» халықтың хабарласпайтын мәселесі жоқ екен: «Жарық сөніп қалды», «Қоқыс неге тазартылмайды?», «Құдықтан су кетіп жатыр…», «Машинам ом­бы­ қарға тұрып қалды…», «Үйім­нің­ төбесінен су ағып тұр…», «Пә­те­рім­дегі кәріз құбыры бітеліп қал­ды..», «Үйім салқын, жылу аз беріліп тұр…» , «Көшенің жарығы жанбай тұр…»,«Лифтіде қамалып қалдық…», «Есігім құлыпталып қалды. Аша алмай жатырмын…». Ол ол ма, «қаңғыбас иттер жүр, неге атпайсыздар?..», «Жедел жәр­дем­ге хабарласа алмай жатырмын… Қосып жіберіңіз», «Аялдамада тұрғаныма бірсыпыра уақыт. Неге автобус келмей жатыр?…», «Аялдаманың тұсы неге тайғақ, құлап қала жаздадым…». Қыл аяғы, Жол полициясы ауа райына байланысты қаланың сыртына шығатын жолды жауып тастаса да «051 қыз­ме­ті» оның қашан ашылатынын айтуы керек.
Диспетчерлер дамылсыз келіп жат­қан сұрақтардың ешқайсысын жау­ап­сыз қалдырған жоқ. Дереу тиісті мекемелерді хабардар етіп жатыр. Кем-кетіктің себеп-салдарын анық­тап­ алғаннан кейін қайтадан әлгі ша­ғым­ тү­сір­ген азаматтармен тілдесіп, мәсе­ле­нің себеп-салдарын түсіндіреді.
Қаланың жарық, желілері мен су құбырларында әлсін-әлсін жос­пар­лы­­ жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұ­ра­­тыны белгілі. Мұндай ақпарат жұрт­­шы­лық­қа алдын ала хабарланады. «051 қызметіне» де ақпарат бір күн бұрын келіп түседі. Осы жөндеу жұмыстары кезінде жарық немесе су беру уақытша тоқтатылатыны түсінікті. Осы аз мезетке шыдамай, «051 қызметіне» әлденеше рет телефон соғып үлгеретіндер бар екен.
«Халық әлі күнге дейін «051 қыз­метін» апаттық жағдайды ретке келтіретін мекеме деп түсінеді, – дейді диспетчерлер. – «Неғып отырсыздар, сіздер әлі жөндеуге шықпағансыздар ма? Оқиға орнына қашан барасыздар?» деп бізді жерден алып жерге салатындар бар.­ Шынтуайтында, біз апатты жөн­де­мейміз, сол туралы ақпаратты тиіс­ті орынға жеткіземіз», –дейді осы қызметте жүргеніне алты жыл­ бол­ған­ диспетчер Гүлнәр Асқарбекова.
Біз барған күні бір тәулік ішінде 502 хабарлама келіп түсті. Олардың басым көпшілігі шешіліп, тек 144-і келесі ауысымның бақылауына қал­ды­рылды.
Ал биылғы жылдың қаңтар айында ­«051 қызметіне» коммуналдық-тұрмыстық сипаттағы – 1 788, ал­ ақ­па­рат­тық-анықтамалық бағытын­да­ғы 19 029 сауал келіп түскен.

Ешқандай сұрақ ескерусіз қалмайды

Диспетчерлік-кезекшілік бөлім­ге­ ке­ліп­ түсетін сұрақтардың бір­сыпы­ра­сы шешімін тапқанша, бақылауға алынатынын жоғарыда айтып өттік. Осы мәселелермен тереңдеп айналысып, түбіне жеткізетін – «051 қызметінің» ақпараттық-талдау бөлімі.
Осында бөлім меңгерушісі Ниязбек­ Хамзиннен басқа төрт сарапшы маман­ жұмыс істейді. Барлығы жастар.­ Әрқайсысының өзіне жүктелген мін­деті бар. Арай­лым деген қызметкер жылу мә­се­ле­ле­ріне қатысты келіп түскен арыз-шағыммен айналысса, Қарлығаш ашық қалған құдықтар туралы сау­ал­дар­ды өңдеуге ден қояды. Ал Мұхтар – лифт шаруашылығы жө­нін­­де­гі, Әйгерім қоқыс, қар тазалау жөніндегі сұрақтарды тиісті жерге жеткізіп, шешілуін қадағалайды. Ең бастысы, бірде-бір сұрақ ескерусіз, аяқсыз қалмайды.
– Біз коммуналдық шаруашылық мәселелеріне бай­ла­нысты келіп түс­кен­ сауалдардың барлығын сүзгіден өткізіп, бірнеше санатқа бөлеміз. Содан кейін әрқайсысымыз өзімізге тиесілі мәселелерге жауап беретін ме­ке­мелерге шығып, мәселенің қа­лай болып жатқанын, қашан ше­ші­ле­тінін қадағалаймыз, – дейді Ниязбек Үкіметұлы.
Ақпараттық-талдау бөлімі келіп түскен күллі сұрақ­тарды жіктеп-жіліктеп, қай көшеге, қандай тұрғын үйге, қай салаға көбірек көңіл аудару керектігіне мониторинг жасап, аудан әкімдіктеріне ақпарат беріп отырады. Олар өздері жасаған тұжырымдарымен қосып, тиісті шараларды жасайды.
Жұмыстарын үнемі жетілдіріп отыруды жөн көретін мамандар қандай жағдайда да шалт қимылдап, тиісті мекемелерге жедел ақпарат беруге әрқашан дайын отырады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + twelve =