«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Зуқа батырдың есімі ұлықталды

0 106

Биыл дін қайраткері әрі саяси күрескер Зуқа батыр Сәбитұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Алаш идеясы жолында жанын пида еткен батыр бабамыздың мерейтойы өзінің кіндік қаны тамған қазақ даласында ғана емес Түркия, Германия, Англия, Австрия, Қытай, Моңғолия, Ресей секілді әлемнің 11 мемлекетінде өз деңгейінде аталып өтіліп жатыр.

ERM_8722

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Тәуелсіздік жəне Зуқа батыр» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Сондай-ақ, мерекелік арнайы концерт ұйымдастырылды. Бұл конференцияға ҚР Парламент Сенатының депутаттары, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ, елімізге белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және АҚШ, Түркия, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз елінен келген ғалымдар қатысып, Зуқа батырдың өмірі мен өнегелі өмірі жайында ойларымен бөлісті.

ERM_8808

«Биыл еліміздің жеке ел болып, Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толып отыр. Осы атаулы датамен еліміз ғана емес жырақта жүрген барлық қазақ баласын Алаш идеясының астына біріктіріп, ұлт-азаттық көтеріліске бастаған қаһармандарымыздың бірі Зуқа қажы Сәбитұлының 150 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Бұл жай ғана сәйкестік болмаса керек. Өйткені, Кеңес одағының құрылу қарсаңындағы ұлт азаттық күрес пен Алтайдағы азаттық жолындағы көтерілістер бір-бірімен қабысып жатыр», – дейді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың проректоры Дихан Қамзабекұлы.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтың айтуынша батырдың 150 жылдығына орай ұйымдастырылатын шаралар жыл соңына дейін жалғасады. «Бір жылға жоспарланған мерейтойдың шымылдығы Түркияда басталды. Қаңтар айында Түркия қазақтары батырдың рухына арнап ас беріп, құран-хатым түсірді. Австрия, Англия, Германия, Ресей мемлекеттерінде де осындай шаралар болды. Кейін Алматыда жалғасын тауып, батыр ұрпақтары және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен наурыз мерекесі тойланды. Сәуірде Алматыда халықаралық деңгейде ақындар айтысы өтсе, мамыр айында футболдан әлемдік деңгейдегі турнир болды. Оған 8 елден 26 команда қатысты. Екі кітаптың тұсауы кесілді. Алдағы уақытта Түркияда еуропа қазақтарының кіші құрылтай өтеді. Сонда да еске алу шаралары өтетін болады. Алматыда қаласында Зуқа қажының 150 жылдығына арналған мәдениет және музыка фестивалі өтеді. Осы фестивальмен шарамызды қорытындылаймыз ба деп отырмыз», – дейді Талғат Мамашев.

ERM_8709

Шара соңында «Мәңгілік ел арманы және Зуқа батыр Сәбитұлының өмірі мен күресі» атты арнайы көрме ұйымдастырылып, «Мəңгілік ел жəне Зуқа батыр» атты шығармашылық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. «Проза» жəне «Поэзия», «Үздік əн» аталымдары бойынша жеңімпаздар деп танылған қатысушыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

ERM_8704

Зуқа батыр Сәбитұлы – 1866 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданының Кендірлік деген жерінде дүниеге келген. Қазақ, ұйғыр, дүңген, моңғол, араб, парсы, орыс, қытай түрік қатарлы тоғыз жұрттың тілін білген сауатты адам болған. Кеңес одағынан қуғын-сүргінге ұшырап, соғыс пен ашаршылықтан қашқан көптеген азаматтардың Зуқаны паналағаны белгілі. Өзінен пана сұрап келгендердің барлығын жат көрмей дініне, тіліне қарамай қанатына алып, бодандық езгісінде қалып қойған қазақтарды аумалы-төкпелі заманның алуан түрлі апатынан қорғап, үстем өкіметтің өктемдігінен қызғыштай қорып, қажет кезінде қарсы тұрып, әлеуметтік теңсіздіктермен өмірінің соңына дейін бел шешпей, аттан түспей аяусыз күрескен қайраткер, қолбасшы тұлға, қайсар батыр. 1920 жылдары кеңес үкіметінің ызғарынан ығысып Алаш Орда үкіметінің азаматтары да осы Зуха батырдың шарапатын көреді. Жетім-жесір, қорлық көргендерді қасынан табылған Зуқаның жеке армиясы болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Бұл армия сол кездегі Шығыс Түркістандағы Қытайдың үкімет армиясын бірнеше рет ойсырата жеңіліске ұшыратты. Сонымен қатар, 1921 жылы Алтайға басып кірген патша генаралы атақты Бакичевтің армиясының жолын кескенін тарихи деректерден байқауға болады.

Батырдың зираты Алтай аймағы, Көктоғай ауданы, Белқұдық деген жерде жатыр.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды