«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Зұлмат жылдар жаңғырығы

0 33

«Үлкен террордың» басталуы ресми түрде 1937 жылдың 5 тамызы деп есептеледі. Бұл – «антисоветтік элементтерді» құрту туралы бұйрыққа қол қойылған күні. Осыған орай саяси бюроның арнайы шешімімен әр республика бойынша репрессиялануға тиісті адам басына лимит белгіленді. Жергілікті партия органдары мен НКВД басқармалары ол шешімді өте өлермендікпен орындап жатты. Тіпті көпшілік аймақтардан «өлім лимитін» өсіріп белгілеп беруін сұраған хаттар үздіксіз ағылды. Қанды конвейер сақылдап жүре берді – «ерекше үштік» ешқандай сотсыз, тергеу-­тексеріссіз кез келген жанды ату жазасына кесіп немесе абақтыға жаба салатын болды.

ҚУҒЫН-СҮРГІН

Әрине, қызыл жендеттердің Кеңес халқына жасаған зұлымдығы сөзсіз орасан, бірақ оның қасіретін тарихи шындықты бұрмалау арқылы жеткізу дұрыс емес. «Темір перде» ысырылғаннан бері осы тақырыпта қалам сілтегендердің көбі қуғын-сүргінге ұшырағандардың санын 10 млн-нан 20 млн аралығында деп жүр. Орыс жұрты «пайғамбар» көретін Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГ» атты кітабында (1973 ж.) тек 1937-1938 жылдары ғана ГУЛАГ лагерлерінде 681. 692 адам ату жазасына кесілді деген. Яғни, күніне 1000 (!) адамға «өлім үкімі» шығарылыпты-мыс. Бірақ мұның бәрі – ешқандай дәлелсіз, дәйексіз айтыла салған бос сөз. Өкінішке қарай, осы тектес асырасілтеушілік басқа авторларда да кездеседі.
Осы мақаланы жазу барысында Карлаг мұражайынан (Саяси қуғын-сүргіндерді есте сақтау мұражайы, Қарағанды обл.-авт) Н.Хрущевтің атына жазылған құжаттың көшірмесін тауып алдық. Оның түпнұсқасы КСРО-ның Октябрь төңкерісі атн. Орталық Мемлекеттік Мұрағатында сақталған. Құжат 1954 жылдың 1 ақпаны күнімен мөрленген. Онда былай дейді:
«1 февраля 1954 г.
Секретарю ЦК КПСС товарищу Хрущеву Н.С.
В связи с поступающими в ЦК КПСС сигналами от ряда лиц о незаконном осуждении за контрреволюционные преступления в прошлые годы Коллегией ОГПУ, тройками НКВД, Особым совещанием, Военной коллегией, судами и военными трибуналами и в соответствии с вашим указанием о необходимости пересмотреть дела на лиц, осужденных за контрреволюционные преступления и ныне содержащихся в лагерях и тюрьмах, докладываем: за время с 1921 года по настоящее время (1954 жылға дейін-авт.) за контрреволюционные преступления было осуждено 3.777.380 человек, в том числе к ВМН (ату жазасына кесілгені-авт.) – 642.980 человек, к содержанию в лагерях и тюрьмах на срок от 25 лет и ниже – 2.369.220, в ссылку и высылку – 765.180 человек.
Генеральный прокурор Р.Руденко
Министр внутренних дел ­С.Круглов
Министр юстиции К.Горшенин.»…

Жоғарыдағы құжатта көрсетілгендей, зұлмат жылдары саяси айыппен репрессияға ұшырағандардың жалпы саны – 3.777.380 адам. Сондай-ақ Ресей Ғылым Академиясы КСРО тарихы институтының аға ғылыми қызмет­кері, тарих ғылымдарының кандидаты В.Земсковтың кестесінде де құрбандар саны осыған қарайлас – 3,8 млн адам. Репрессия тақырыбын зерттеп жүрген тарихшылар – А.Кокурина, Н.Петрова, Л.Ивашова, А.Емелина, И.Пыхалов, т.б. сол кездердегі КСРО мемлекеттік басқару органдары мен басқа да жергілікті атқарушы органдарының құжаттарына сүйеніп жазған еңбектерінде осы деңгейлес санды атайды. Әрине, ептеген ауытқушылықтар бар. Бірақ, оның бәрі бір қатардағы цифр, мүлдем 10-15, әйтпесе 20 млн емес. Ал 1998 жылғы «Мемориал» сайтында берілген ақпараттық анықтамада нақ осы есептің дұрыстығы айтылады. Сол заманында бас еркінен айыру орындарында бір мезетте тұтқында отырған жандардың саны ешқашан 2 млн 760 мың адамнан асып көрген жоқ. Аталған құжатта 1921-1954 жылдар аралығында 642.980 адам ату жазасына кесілді делінген. (Айта кетейік, бұл есепке әскери тұтқындар – неміс, жапон, т.б. әскери тұтқындары мен жер аударылған халықтар саны кірмейді-авт.).
Кеңестік жүйенің іргетасы жаппай қуғын-сүргін үрдісінде құрылды. Жоғарғы мемлекеттік биліктегі Ежов, Берия немесе Голощекин ғана емес, тұтас басқарушылық аппарат, жергілікті атқарушы билік пен НКВД органдары күн сайын, сағат сайын «халық жауларын» әшкерелеудің бәсеке-сайы­сына түсті. Өз халқына қарсы дәл осындай қастандық саясатын ұстану адамзат тарихының ешбір заманында, ешбір мемлекетінде болмаған шығар?!
Қуғын-сүргін саясаты 20-50 жылдар аралығында бірде бәсең­сіп, бірде үдеп, еш тоқтаусыз жүрді. Кеңес басшылары жаппай репрессиялау, оның ішінде Одақ көлемінде тұтастай лагерлер жүйе­сін орнату қоғамдағы жұмысшы-шаруа­лардың позиция­сын нығай­та түседі деп білді. Қазан төңкерісі­­нен кейін жұмысшы-шаруалар тобы қоғамның жетекші күші ретінде алдыңғы қатарға шығарылды.

Егер ГУЛАГ лагерлері мен түрмелерінде жалпы саны 4 млн-ға жуық сотталғандар отырса, олардың 1 миллионнан астамы (Д.Шаймұханов, С.Шаймұханова «Карлаг», 19-бет) Карлагтан (Қарағанды лагерлер басқармасы) өткен.

Кеңестер Одағы аумағында ГУЛАГ жүйесінде 61 лагерь болған, Карлаг – соның ішіндегі ең ірісінің бірі. 1953 жылдың желтоқсан айындағы есебінде контрреволюция­лық ­қылмысы үшін (саяси айыппен) ГУЛАГ лагерлерінде қамауда болған 474 950 сотталушының 57 989-і Қазақстанда отырған (оның 56 423-сы Қарағанды облысында).
«Мемориал» сайтында ГУЛАГ лагерлері мен түрмелерінде тұтқында болған түрлі ұлт өкілдерінің саны берілген. Қазақтар: 1939 ж. – 17123 адам, 1940 ж. – 20166 адам, 1941 ж. – 19185 адам, 1942 ж. – 19703 адам, 1943 ж. –14888 адам, 1944 ж. – 11453 адам, 1945 ж. – 12321 адам, 1946 ж. – 7822 адам, 1947 ж. – 8115 адам, 1948 ж. – 25906 адам, 1949 ж. – 12554 адам, 1950 ж. – 13352 адам. Өкі­нішке қарай, бұл кесте 1939-1950 жыл аралығындағы ауқымды ғана қамтиды. Бірақ, осының өзінен-ақ халқымыздың қаншама аяулы ұл-қыздары ­зорлық-зомбылықтың қасіретін шеккенін көреміз.
Қызыл қырғын, ең алдымен, ұлт қаймақтарының, оқығандарының басына түскені белгілі. Мәселен, 1934-1941 жылдары жалпы сотталғандардың ішінде жоғары білімді азаматтардың үлесі үш есе, орта арнаулы білімділердің үлесі екі есе көп болған.

КАРЛАГ АУҚЫМЫ

1929 жылы Кеңестер Одағында еңбекпен түзету лагерлер жүйесін кеңейту туралы жоспар жасалынды. 1930 жылы 7 сәуірде лагерлер жөнінде арнайы ереже қабылданды. 20-30 жылдары КСРО аумағында Магаданда, Воркутада, Колымада, Сібірде, Оралда, Қазақстанда және басқа да аймақтарда лагерлер пайда болды.
Карлаг 1931 жылы 19 желтоқсанда құрылды. Карлаг басқармасы ­тікелей Мәскеудегі ОГПУ-ге (НКВД) қарасты ГУЛАГ-қа ғана бағынды. Оған республикалық, облыстық органдардың ешқандай ықпалы жүрмейтін. Ол мемлекет ішіндегі жеке мемлекет еді. Дұрысырақ айтсақ, мемлекет ішіндегі құл иеленуші мемлекет сипатында ұйымдастырылған. ГУЛАГ жүйесіндегі тәртіп сотталғандарды қорлап, тұқыртып, жәбірлеп, адамдық ар-намысын таптап, ерік-жігерін мұқалтып ұстау­ға бағындырылған. Карлаг лагерлерінде де айна-қатесіз осы тәртіп орнатылды. Оның өз нақты өкіметі, көлік құралдары, өз пош­та және телеграф байланысы болды. Лагердің аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай 300 км және шығыстан батысқа қарай 200 км-ге созылып жатты. Бұл тұтас Франция­ның территория­сына тең. Карлагтың мұнан басқа 2 бөлімі болды: орталықтан 350 км жатқан Ақмола және 650 км жатқан Балқаш бөлімшелері. Карлагтың негізгі шаруашы­лық орындары Қарағанды және Ақмола облыстарының аумағында орналасты.
1953 жылдары Карлагтың 26 бөлімі, 192 лагерлік нүктелері бар еді. Әр бөлімдер өз алдына учаскелер, нүктелер, фермалар деп аталатын шаруашылық бөлімшелерге бөлінді. Лагерде 106 мал шаруа­шылық фермалары, 7 бақша­лық учаскелер мен 10 жер жырту шаруа­шылықтары болды.
Карлаг Орталық Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан көмір-металлургиялық өнеркәсіптері – Қарағанды көмір бассейнін, Жезқазған және Балқаш мыс қорыту комбинаттарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақ­сатында ұйымдастырылды. Сонымен бірге, осы өнеркәсіп салаларын құру және дамыту үшін арзан жұмыс қолы керек болды. Міне, сотталғандар мен депортацияланған халықтың басым бөлігін Орталық Қазақстан аумағына қоныстандырудың басты себептердің бірі де – осы.
Уақыт өте Карлагқа этаппен келушілердің қатары өскен са­йын, олардың үстінен бақылау да күшейді. Карлаг мұражайында көшірмесі сақталған Қарағанды қалкомы ВКП(б)-ның 1932 жыл 7 мамырдағы бюро отырысының хаттама жазбасында облыс аумағында ОГПУ әскери дивизионын құру туралы айта келіп, былай дейді: «…Қарағанды мен оның жақын маңындағы аймақтарда Карлаг тұтқындарынан құралған 65000 мың арнайы қоныстанушылар тұратындықтан… Қарағандыға тез арада ОГПУ әскери дивизионын көшіру қажет…». Осы жерде мына мәліметті келтіре кеткен де жөн: ГУЛАГ-та 1940 жыл 1 қаңтарда орташа есеппен 16 сотталушыға 1 жасауылдан келсе, 1954 жылдың 1 сәуіріндегі есеп бойынша 9 сотталушыға 1 жасауылдан келген. Осы жылы барлық лагерлер мен колониялардағы күзет қызметіндегілердің саны – 148049.

ЕРЕКШЕ ҚАТАЛ ЛАГЕРЛЕР

Бүкіл Одақ аумағын ұзынынан да, көлденеңінен де шырмаған  ГУЛАГ лагерлерінің қайсының болсын тұрмысы адам төзгісіз болғанмен, режимнің қаталдығы, тұрмыстың ауырлығы, жазалау әдістерінің аяусыздығы жағынан олардың бәрінен өткен сорақы тоғыз «ерекше лагерь» болды. Бұл лагерлер (түрмелер) КСРО Министрлер Кеңесінің 1948 жыл 21 ақпан күнгі №416-159 бұйрығымен құрылды. Мұнда шетел шпиондары, диверсанттар, террористер, троцкишілер, оңшылдар, меньшевиктер, эсерлер, анархис­тер, ұлтшылдар, ақ ­эмигранттар, антисоветтік ұйымдар мен топтарға қатысушылар деп айыпталған барлық тұтқындарды жинап ұстады. Ерекше лагерь тұтқындары ең ауыр жұмыстарға жегілді. Мұнда өзгелеріне қара­ғанда өлім-жітім айрықша көп болды. Осындай лагердің екеуі Қазақстанда орналасты – Спасск (40 мыңнан астам адам), Степлаг (20 мыңнан астам адам). Жалпы Одақ бойынша тоғыз ерекше ­лагерлерде 244128 тұтқын ұсталған.

Дәулет АСАУОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды