«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Зиярат орнында әдепсіз сөйлегені несі?

Айтпайын-ақ деп едім...

0 131

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2 қыркүйектегі халыққа Жолдауында туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым салуға, ең алдымен жол салуға және білікті кадрлар даярлауға назар аудару қажеттілігін айтты. Шынында да, кадр таңдауда біз әлі күнге немқұрайдылыққа жол беріп отырмыз. Осыған бірер мысал келтірейін.

Жуырда отбасыммен бірге Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне зиярат еттік. Музей-кешенді аралап жүргенімізде білікті кадрларға қатысты қынжыларлық жайттарға тап болдым.
Біріншіден, музейдің кейбір қызметкерлері бізге және өзге келушілерге дөрекі сөйледі. Тайқазан тұрған ортаңғы үлкен залға кіреберісте тұрған күзетшілер мен бақылаушылардың ішкі мәдениетіне көңілім толмады. Бір қазақ әйелі (музей қызметкері) шаршаған кішкентай ұлымның тастың үстіне, тіпті жерге отырмауын талап етіп, маған жекіп сөйледі. Мұндай қызметкерлерді жұмысқа қабылдайтын кезде белгілі бір ішкі әдебі, санасы, мәдениеті бірінші орынға қойылуы керек. Себебі олар қасиетті зиярат орнында халықпен жұмыс істейді. Зиярат орнында әдепсіз сөйлеп, ұрдажық мінез танытқан жандарға тіпті не дерімді білмедім.
Музейден шығып бара жатқанымызда мавзолейдің жанынан салынып жатқан еңселі кесенені көрдік. Менің жұбайым: «Мына кесене Айша бибі анамыздікі ме? Оған да кіріп, зиярат етуімізге бола ма?» деп сұрады. Кіреберісте тұрған әкімші әйел: «Әй, ол көріп тұрғандарың кесене емес, мола ғой! Рәбия бегімнің моласы. Ол Айша бибіден де круче ғой! Соны да білмейсіңдер ме?» деп дүрсе қоя жауап қатты. Музей қызметкерлерінің базарда тұратын, әдепсіз сөйлейтін алыпсатар әйелдерден ешқандай айырмасы жоқ.
Екіншіден, музейде бейнетаспаға түсіруге тыйым салынған. Күзетші бейнетаспаға түсіріп жүргендерге айқайлаумен болды. Сонда шетелден келген туристер де ештеңе түсіре алмаса, еліне барғанда не көрсетеді? Бейнежазбаның өзі – насихаттаудың бір жолы. Ол сауда үйінен немесе базардан бейнежазба түсіріп отырған жоқ қой. Өз басым АҚШ-та болғанымда кез келген музейде бейнежазба түсіруге тыйым салынғанын көрмедім. Осы жағын ойланып, дамыған елдердің үздік тәжірибесін неге үлгі етпейміз?
Қ.Тоқаевтың білікті кадр даярлауға ең алдымен көңіл бөлуіміз керек дегені осыдан шығар?! Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев осы мәселеге көңіл бөлсе нұр үстіне нұр болар еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды