«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жырға ғашық жүрек

0 45

Жазушы мен ақын дүниеден өтсе де, артында сөзі қалады. Ақмола облысының Қорғалжын ауданынан түлеп ұшқан Смағұл Рахымбек өмірі де өнегемен өрнектелген еді.

Астана төріндегі Ұлттық акаде­миялық кітапханада өткен жазда мезгілсіз дүниеден озған, бүкіл саналы ғұмырын баспасөз са­ла­сына арнаған журналист, ақын, жазушы және аудармашы Смағұл Рахымбектің «Жырларым ме­нің сөйлесін» атты кітабының тұ­саукесері өтті. Бұл жи­наққа ақынның әр жылдарда жаз­ған таңдаулы өлеңдері енгізілген. Сонымен қатар эпилог ретінде қа­лам­гер ағамыздың жары Әлия Рахым­бекованың «Менің мақсатым – Сма­ғұлдың арманын жүзеге асыру» деп бастаған естелігі берілген. Онда өмірлік серігінің елін, ұлтын, туған жерін қалай сүйгені, шығармашылық жұмысы, қаламгер әріптестерімен қарым-қатынасы жайында баяндалыпты.
Қазақ әдебиеті мен поэзиясына, ұлттық журналистика саласына өзіндік үлес қосқан талантты азаматтың есімін еске түсіруге, жаңа жинағының тұсаукесерінде Алдан Смайыл, Айбатыр Сейтақ, Ерлан Бекқожин, Махат Садық, Амангелді Жұмабек, Бәдуан Имаш­ұлы, Күләш Молдахметова, Мұрат­бек Тоқтағазин сынды бірге қызмет істеген қаламгерлер замандастары естеліктерін айтып, жырларын оқып, игі пейілдерін білдірді. Сондай-ақ қорғалжындық тілеуқор ағайындары да ақжарма тілектерін жеткізді.
Иә, ендігі жерде өмірге, жырға ғашық болып өткен ақынның өзі болмаса да, оның көзіндей болып қалған ақжолтай, өршіл өлеңдері сөйлей беретініне, көсемсөздері мен әңгімелері өскелең ұрпаққа өнеге болатынына бек сенімдіміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды