«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жылжымайтын мүлікті бизнес мақсатында қолдану үшін тұрғын үй қорынан қалай шығаруға болады?

Керек кеңес

0 23

Біздің кеңесшілер – Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Антон Максимов және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» филиалының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша PR менеджері Айнұр Жақанова.

 

1-қадам.  Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына барып осы үйде қайта өңдеу жұмыстарын жүргізуге бола ма, сондай-ақ электр, байланыс желілері, құбырлар, автокөлік жолдары, басқа да ғимараттар бар екенін көрсететін қызыл сызық өтпей ме, басқа да меншік иелеріне зияны тимей ме, соны біліп алғаныңыз жөн.

2 -қадам. Сейсмологтың қорытындысын, топографиялық түсірілім және сәулеттік жобалау жұмысын (АПЗ) алу керек. Егер Сәулет басқармасы осы түйткілді мәселеге оң шешімін берсе, пәтерді сатып алуға шешім қабылдауға болады. Одан кейін сейсмологиялық құрылыс жөніндегі аттестациядан өткен маманнан құрастырылымның жағдайы (конструкция) және қайта жобалау мүмкіндіктері туралы сараптамалық қорытындыны алу керек. Жобалауға байланысты топографиялық түсірілімді және СЖЖ-ны (АПЗ) алуға тапсырыс беріп, құжат өткізуді де қабаттасып жүргізген жөн. Өйткені топографиялық түсірілім берілген күннен бастап белгілі бір мерзім алты айға беріледі. Сондықтан жер учаскесіне құқық беретін құжатты реттеу үшін құрылыс жұмысы біткеннен кейін қайтадан тапсырыс бересіз. СЖЖ-ны сәулет органдарында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» фронт-кеңселерінен немесе электронды үкіметтен алуға болады.

3-қадам. Көршілер келісімін алу керек. Пәтерге, орын жайға нақты ынтызары бар ғана пәтер иелерінің нотариалды куәландырылған келісімін алу керек. Бірақ кей жағдайларда көппәтерлі тұрғын үй органдарының жарғысына қарамастан, меншік иелерінің 70 пайызының келісімі қажет болуы мүмкін.

4-қадам.  Жобаға тапсырыс беріп, сәулет органдарымен келісу керек. Жобаға тәуелсіз сараптама жүргізіп, мердігерді анықтап, авторлық және техникалық бақылаумен келісімшартқа отыру. Нысанның қайта өңдеу жобасын (қайта жабдықтау, жаңадан жоспарлау) лицензиясы бар мекемелер мен мамандардан алған дұрыс. Дайын жұмыс жоспары сәулет органдарымен келісіліп, тәуелсіз сараптаманы өту керек. Мердігер, яғни құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін бригада да лицензиясы болуы шарт. Авторлық және техникалық бақылау құрылыс жұмыстары біткеннен кейін сапалы орындалғаны жөнінде декларацияға қол қояды.

5-қадам.  Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасын хабардар етіп, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу. Жобалық-сметалық құжаттар келісіліп, тәуелсіз сараптама және сәулет органдары оң қорытынды беріп, мердігер анықталып, құжат жинау кезеңі аяқталса, орын жайды қайта өңдеу жұмысына кірісуге болады. Құрылыс басталар сәтте elicense.kz тіркеліп, Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жұмыстың басталғаны жөнінде хабар беріледі. Хабар алынғаны жөнінде талон алғаннан кейін барып жұмысқа кірісесіз.

6-қадам.  Пайдалануға қабылдау актісін рәсімдейсіз. Қабылдау үдерісі тапсырыс берушімен, мердігермен, техникалық және авторлық бақылаумен жүзеге асады.

7-қадам.  Жер үлесін сатып алу. Тұрғын үй қорынан шығару жұмысының қорытынды кезеңі меншікке немесе жалға сатып алу. Ол үшін меншік иесі құжат топтамаларын апарып қалалық әкімшілікке арыз жазуы тиіс. Бұл жерде сіз меншікке орын жайдан шаршы метр аласыз, жанама құрылыс салуға емес. Көбісі мәселенің осы арасын шатастырып алып жатады. Онсыз тұрғын емес орын жайларды тіркеу құқын ала алмайсыз. Ал заң бойынша тұрғын жай иелері жерді сатып алуға құқы жоқ. Сіз әділет органдарында тұрғын жай емес деп тіркелгенге дейін ол пәтер тұрғын жай ретінде тіркеуде тұрады. Кей жағдайда меншік иелері құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп, пайдалануға берілгеннен кейін барлық кезең бітті деп ойлайды. Нәтижесінде өзінің мүлкіне өкім ете алмай қалады. Кей жағдайларда сәулет органдарының қалауына қарай қайта өңдеуге СЖЖ-ны учаскені сатып немесе жалға алғаннан кейін береді.

8-қадам.  Нысанды меншікке алу құқығын тіркеу туралы барлық құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыру керек. Өтінішіңіз Сәулет басқармасына және Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына, содан кейін Жылжымайтын мүлік басқармасына түседі. Соңында «меншік иесі тіркелді» деген белгісі бар пайдалануға қабылдау актісін қолына алады.

Сарапшылар осы аталған кезеңдердің барлығын өтуге кеңес береді. Әйтпесе сізге айыппұл салынуы мүмкін. Құжат жинау көп уақытты алып қолбайлау болатынына қарамастан, болашақта заң алдында мәселе туындамас үшін осы қадамдарды бұлжытпай орындағаныңыз абзал.

Бейбіт ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды