«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жылы аялдама – жолаушыға пана

0 15

Бүгінде әлем астаналарының бәріне жылдың суық мезгілі келіп жетті. Солардың орталық және солтүстік белдеудегі елдерінің бәріне қар түсіп, күн суытып жатыр. Бірақ бұл жұрттың көше бойларындағы белсенділіктерін тыйып, жылы орыннан шықпай отыруларын насихаттауға ерік бермейді. Қазір жаһанның көптеген елдерінде мұндай суық уақыттарда да ашық аспан астындағы түрлі қоғамдық жерлерді бұрынғысынша белсене пайдалану үрдісі қалыптасып келеді.Жаһанның солтүстік белдеуіндегі елдер арасында адамға қалыпты жағдай жасаудың бұдан да басқа дамыған түрлері қолданысқа алынған. Мысалы, Хельсинки, Стокгольм, Осло, Рейкьявик секілді елдің орталығы саналатын қалалар мен Канаданың бірқатар елді мекендерінде аялдамалардағы орындықтың өзі жылытып қойылады. Жақында тап осындай орындықтар Мәскеуде де пайда болды. Бұл үшін орындықтың өн бойына әртүрлі жолдармен жылу беріліп тұрады. Сондықтан оларда жылдың ең суық мезгілінің өзінде сол жылылық сақталып тұрады. Мұндай орындықтар аталған қалаларда тіпті аялдама емес, көше мен парктердің де кез келген жерлерінде бола береді.
Ал арнайы жылы аялдамалар соғу бүгінде ешкімге таңсық емес. Мұндай игі дәстүр біздің елордада да бар. Қазір қалада мұндай аялдамалар қатары көбейе түскен. Шаһар басшысы А.Көлгінов таяуда осындай аялдамалар жайымен танысып, нақты тапсырмалар берді. Бірқатар осындай аялдамалардың павильондары Еуропа қалаларындағы үлгімен үш сектордан тұратын етіп жасалуда. Олар ашық және жабық залдардан және сауда үшін бөлінген сектордан тұрады. Ашық залдан автобус бағыттары кестелері мен көліктің тоқтағанын көріп тұруға болады. Бұған қосымша, еркін Wi-Fi орнату жағы да қарастырылуда.Жалпы, әлемде мұндай аялдамалар салу жағынан Ресейдің алдына түсетін ел жоқ. Бұл елдің терістік бөлігіндегі ірі қалалардың барлығында осындай жабық жылы аялдамалар бар. Ал бізде қазір елордадан бөлек, Павлодар мен Атырау да жылы павильондар салуға әрекет етіп жатыр.
Жылы павильондардың екі негізгі түрі бар. Оның біріншісінің алдыңғы жағы ашық келеді де, табаны мен төбесінен жылу ұрып тұрады. Екіншісі, біздің сөз етіп отыр­ғанымыздай, түгел қымтаулы, яғни жан-жағынан жабылған шыны қабырғалы болады. Бірақ бұлардың да алуан мазмұнда жетілдірілген түрлері кездеседі. Айталық, Новосібір қаласы мен Толмачёво селосының қиылысқан жерінде тұрған жылы аялдама кішігірім станса немесе бекет ­сияқты. Модернді стильдегі бұл тұрақта жылы кондиционері бар күту залы, маршруттағы автобус жүргізушілері үшін тегін демалыс бөлмесі, душ бөлмесі, шағын ас бөлмесі және әжетхана орналасқан. Кемінде 40 адамға лайықтанып жасалған күту залының ішкі жағында үш қатарлы керемет орындықтар, кофе мен снек-автоматтары қо­йылған. Бұдан бөлек, мүгедектер үшін арнайы тегін әжетхана да жасалған. Тап осындай аялдамалар Мәскеуде эксперимент ретінде 2014 жылдан қойыла бастаған. Бірден көпшіліктің көңілінен шыққан мұндай нысандар саны сосын біртіндеп көбейе берген. Қазіргі таңда Кремльді қалада осы тектес 28 аялдама бар көрінеді.Мұзды тоңның үстінде тұрған Исландия елі әлемдегі ең суық өңірлердің бірі болып саналады. Ол Атлант мұхитының солтүстік қапталына орналасқан. Бұл жерде жаздың өзінде ауаның температурасы 20 градус жылылықтан анда-санда ғана бір асады. Соған қарамастан, Рейкьявикте қыс мезгілінде көшеде тіршіліктің қазаны тоқтаусыз қызу қайнап жатады. Исландия астанасының тұрғындары мен қонақтары бұл уақытта көшеде серуендеп жүріп, суықтан қатып қаламын-ау деп әсте қорықпайды. Бұған оның көшелері мен аялдамаларындағы жылы орындар ғана емес, сол жол табандары мен тротуарларының астынан ыстық сумен жылытылып тұратыны себеп. Осының арқасында бұл жерлердің бәрінен жылылық лебі есіп тұрады. Ал Хельсинки 1998 жылдан бері аялдамалармен бірге тротуарларды да электр қуатының күшімен жылы ұстап келеді. Мұндай жылу тіпті көшелердегі жолдардың табандарынан да өтеді. Соның нәтижесінде оларда мұз қатып, тайғақ болу деректері тіркелген емес. Мұндай аялдамалар мен тротуарлар Жапонияның теріскей бетіндегі ірі қалалардың бәрін де қамтыған.
Соңғы жылдары әлемнің бірқатар қалаларының жолдары бойына Bubbles атты күмбездер кешенін тұрғызу да қолға алынып жатыр. Ол жолдардың бойларын түгел жауып тастауға бағыт ұстайды. Оларда сондықтан аялдамаларға тән орындықтардан бөлек, түрлі сауда, қызмет көрсету орындары орналасады. Бұлар бір көшенің бойын түгелге жуық қамтып, олардағы аялдамалардың бәрін өзінің аясына алады. Orproject студиясы жасаған архитектуралық атауы Bubbles аталатын бұл жоба көше бойында тұрған адамдарды күннің ыстығынан да, жауын-шашын мен соққан желден де қорғап тұратын болады.
Әлемнің әртүрлі мемлекеттері жолаушыларға жағдай жасау жағынан қазір бір-бірімен жарысқа түсіп кеткен сияқты. Сондықтан жыл сайын біз сондай үрдістердің жаңа түрін естіп тұратын болдық. Бұл – жақсы үрдіс. Енді соны біздің еліміздің ірі қалаларындағы басшылар да қаперлеріне алып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.

Расул АЙТҚОЖА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды