«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жылы аялдама салынса…

0 14

Қысы қытымыр, жазы аптап климатты қалада тұрғындар үшін ең қажет дүние – жылы аялдамалар салу ісін қала басшылығы қолға алғалы да бірнеше жылдың жүзі болды. Олардың санының көбейіп келе жатқаны тұрғындарды, әсіресе қарттарды қуантады. Алып қаланың барлық көшесіндегі автобус аялдамаларына жылы тұрақ салу бүгінгі таңда мүмкін емес екені де түсінікті.

Сондықтан әрбір жылы аялдаманың әуелгі кезекте халықтың көп жүретін, әлденеше бағыттың автобустары тоғысатын, қала берді 20-30 минут күтуге тура келетін жиілігі алыс бағыттағы автобустар тоқтайтын нүктелерге салынуының маңызы зор екені белгілі. Мәселен, қарттарымыздың көп баратын жерлері – қаладағы емханалар, диагноз, оңалту орталықтары, халыққа қызмет көрсету орындары, т.б. Осындай маңызды нысандарға жақын аялдамаларды жылы тұрақпен қамтамасыз етуге баса назар аударылса, көпшілікке жасалатын қамқорлықтың бір парасы болары анық.
Күн сайын өсіп, қанатын кеңге жайып келе жатқан қаламызда кешегі алыс көрінетін Назарбаев университеті аялдамасы «ЭКСПО-17» көрмесінен кейін ірі орталыққа айналды. Мұнда, мыңдаған студенттерінен сырт, «ЭКСПО-17» қалашығындағы түрлі көрмелер, дүкен, дая­шылық орындарын аралайтын тұрғындар мен шетелдік қонақтар күнделікті сабылып жатады. Адамдар көптеп тамашалайтын «Бәйтеректен» ке­йінгі екінші нысан «ЭКСПО-17» көрмесінің шар ғимаратын аралау әркімге таңсық. Мұның сыртында Назарбаев университетінің маңы тоғыз жолдың торабына айналды. Бұрынғы әуежай, ғарыш орталығы, қалалық №2 аурухана сияқты кешенді орталықтар бағытына қатынайтын онға тарта бағыттағы автобус­тардың сыртында қала маңындағы Қабанбай, Қосшы, Тайтөбе ауылдарына, «Лесная поляна» ықшам ауданына қатынайтын №301, 302, 303, 308, 320 сияқты бес бағыттың автобус жаңадан ашылды. Тек Қосшы ауылы мен «Лесная поляна» ықшам ауданында қалада қызмет істейтін адамның көптігін қала құрамына кірген үлкен ауыл – Қараөткелге қатынайтын автобустардың санымен, жиілігімен салыстыру арқылы-ақ аңғаруға болады. Осы бағытқа қатынайтын автобустардың барлығы Назарбаев университеті аялдамасы арқылы өтеді. Міне, осындай Нұр-Сұлтан қаласы десе алдымен ойға оралатын жылы аялдама түгіл, gps таблосы, тіпті жолдың оң қапталындағы аялдамада отыратын орындық та жоқ. Көрме, дүкен аралап, табандарынан таусылып келген адамдар автобустың келуін тікесінен тік тұрып күтеді. Оның үстіне, жоғарыда аталған түрлі бағытқа жүретін автобустардың кейбірінің интервалы тым ұзақ. Тіпті №302, 308, 320 бағытындағы автобустарды сағаттап күтуге тура келеді. Ендеше кез келген аялдамаға салынып жатқан жылы тұрақты Назарбаев университеті алдына неге салмасқа, gps таблосын неге орнатпасқа?! Осы Қабанбай батыр даңғылындағы Назарбаев университеті алдына жылы аялдама салынса, басшылықтың, даяшылық, қызмет көрсету орындарының халықтың тұрмыс жағдайымен санасуының бір дәлелі болар еді.

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ,
Қосшы ауылының тұрғыны

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды