ЖЫЛУ ЖҮЙЕСІН ҚАЛАЙ ЖАҢҒЫРТАМЫЗ?

Кеше Елордада «Астана-Энергия» АҚ өндіретін жылу энергиясына шекті тариф және тарифтік сметаны ұзақ мерзімге бекіту мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Елімізде табиғи монополия субъектілерін бес жылдық ұзақмерзімді тарифке көшіретін жаңа ереже 2015 жылдан бастап енгізілген болатын. ҚР Ұлттық эконо­мика министрлігінің мәлі­метіне сенсек, жаңа тариф саясатының артық­шы­лық­тары көп. Атап айт­сақ, баға­ның біртіндеп өсуі халыққа ауыртпалық түсір­мейді, инвесторлар тариф­тің өсуін алдын ала болжай алады әрі арнайы инвес­тициялық бағдарлама аясында қамтамасыз етуші компа­нияның негізгі мүлкі жөндеуден өткізіліп, өнді­рісті модернизациялауға мүмкіндік туады. Осыған сүйене отырып, «Астана-
Энергия» АҚ 2018-2022 жылдар аралығында шекті тариф мөлшерін қосымша құн салығын қоса есептегенде 1926 теңге/Гкал-дан 2247 теңге/Гкалға дейін біртіндеп өсіруді ұсынып отыр.
Жиында алғашқы боп сөз алған «Астана-Энергия» басқарма төрағасы Еркеғали Есенжолов:
– Астанада жылу қуаты өндірісіне шекті тариф пен тарифтік смета соңғы рет 2013 жылдың қарашасында орта мерзімге, яғни 2014-2016 жылдарға бекітілген болатын. Ол 2015 жылы құзыретті органның бұйрығымен бір жылға ұзартылды. Айталық, дәл сол жылы 1484 теңге/Гкал тарифі күшіне ену керек болатын, бірақ оның уақыты 2016 жылғы 1 қаңтар мен 1 желтоқсан арасына шегерілді. Бұл баға биылғы тоғыз айда да солай сақталып келді. 2016 жылдың қорытындысына сәйкес «Астана-Энергия» АҚ инвестициялық жобаны орындай алмағандықтан, Энергетика басқармасының бекітуімен тариф 1 қазаннан бастап гигакалорисына 1745 теңгеден боп бекітілді, – дейді.
Бір ескерерлігі, елордада жылу қуаты өндірісінің өзіндік бағасы республика бойынша ең төменгілердің қатарында. Астанамен салыстырғанда жылу тек еліміздің төрт аймағында – Ақтау, Ақтөбе, Атырау және Қарағандыда ғана арзан. Соның салдарынан «Астана-Энергия» АҚ кей кезде еш пайда көрмей жұмыс істейтіні де жасырын емес. Есенжол Темірғалиұлының айтуынша, кәсіпорын 2014-2015 жылдары екі жыл қатарынан 1,7 млрд және 1,5 млрд теңге көлемінде шығынға батқан. Өйткені өндіріске кететін шығынның, мәселен, мазут, көмір, тасымалға кететін жанар-жағармай, теміржол тарифы, тағы да басқа көптеген қосалқы қызметтердің барлығы уақыт өткен сайын қымбаттауда. Оған қоса, жылу жүйесіне жыл сайын жаңа ғимараттар қосылып жатыр. «Астана-Жылутранзит» мекемесіне түскен өтініштер негізінде 2020 жылға қарай елордада жылу энергиясына қажеттілік 6953381 Гкалға дейін өсуі мүмкін деп болжанып отыр. Осынау жүктемеге төтеп беру үшін «Астана Энергия» АҚ жылу орталықтарын және
тарату жүйелерін жаңғыртуға ауқымды әрі жүйелі инвестиция құю қажет.
Кәсіпорынның инвестиция­лық бағдарламасымен таныс­тырған басқарма төрағасының орынбасары Олег Уткиннің айтуынша, бес жыл ішінде өндіріс модернизация­сына 5,7 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Атап айтсақ, жылу беру жүйесіне жүктеме ЖЭС-1 реконструкциялау, ЖЭС-2-ні реконструкциялау және кеңейту, және жаңадан салынатын ЖЭС-3 есебінен қамтамасыз етіледі. Қуаттылығы 480 Гкал үшінші жылу электр стансасының бірінші бөлігі келесі жылы іске қосылады.
Қорыта келгенде, жаңа тариф жоспар бойынша жылу бағасы жыл сайын 9 пайыз­ға немесе 163 теңгеге артпақ. Қазір инвестициялық бағдарламаны бекіту туралы өтініш құзырлы органда қаралып жатыр.

Әділбек Жапақ

Сонымен қатар

Отбасы – тәрбие бастауы

Адам үшін ең жақын әлеуметтік орта – отбасы. Отбасы – ізгі дәстүрдің, өнегелі мұралардың, салт-дәстүрлердің …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған