«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жылу беру маусымына дайындық қалай?

0 40

Қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтің төрағалығымен және ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мақсұт Исаховтың қатысуымен елорданың 2019-2020 жылғы жылу беру маусымына дайындығы бойынша штаб отырысы өтті.

Күн тәртібіне қойылған мәселе төртеу: Нұр-Сұлтан қаласының жылу беру маусымына дайындығы барысындағы проблемалық мәселелер; білім беру және денсаулық сақтау нысандарының әзірлігі; «Астана-энергия» АҚ-тың маусымға дайындығы, оның ішінде жөндеу жұмыстары мен инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылуы; өртке қарсы шаралар.
Қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуовтің айтуынша, 2019-2020 жылғы жылу беру маусымына дайындық белгіленген кесте мен карта режиміне сәйкес жүргізіліп жатыр. Шаһарды электрмен және жылу беру жүйесімен жабдықтайтын ЖЭО-1 мен ЖЭО-2, одан бөлек тағы 6 қазандықтың қысқы әзірлігі – 53%.
Жарық беру бойынша жауапты «Астана РЭК» АҚ қыс маусымына 64,4 пайызға дайын. 40 денсаулық сақтау ұйымдарының 14-і, 180 білім беру ұйымдарының 83-і жылу беру маусымына әзір. Қала іргесіндегі елді мекендердің қысқы дайындығы – 47,3%.
«Бүгінде біз 8 ірі көмірмен жабдықтаушымен отын бағасын көтермеу туралы меморандумға қол қойдық. Сонымен қатар, халыққа көмірді қазірден бастап сатып ала беру керектігін айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз» деді Е.Төлеуов.
Биылғы жылы көмірге тапшылық жоқ. Қазіргі күні қорда тұтынудан бөлек 316 мың тонна көмір, 8,8 мың тонна ма­зут бар.
Дегенмен шешілмей жатқан түйткілдер де бар.
«Қаладағы коммуналдық шаруашылықпен «Астана Энергосбыт» ЖШС айналысады. Бүгінгі күні бұл ұйымға жылу және жарық бойынша тұрғындардың өтелмеген берешегі 1 млрд 734 млн теңгені құрап отыр» деді басқарма басшысы.
Одан бөлек, «Астана-Теплотранзит» АҚ жүйесі бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысып, тендерді жеңіп алған компаниялар ол жұмыстардан бас тартқан.
Жиналыс соңында қала әкімінің орынбасары А.Қайсағалиев аудан әкімдеріне барлық проблемалық мәселелерді жылу беру маусымына дейін толықтай шешіп бітіруді тапсырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды