«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жылдың үздік кітабы

1 170

Ұлттық академиялық кітапханада «Бір ел – бір кітап» шарасының қорытынды жиыны өтті. Биыл жоба аясында көрнекті ақын Әбділда Тәжібаевтың өлеңдері мен Қазақстанның Еңбек Ері, заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлының «Аңыздың ақыры» атты романын оқу таңдап алынды.

Жалпы, бұл игілікті шара елімізде әдемі дәстүрге айналып, жұртшылықтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға елеулі үлес қосып келеді. Бұл жоба басқа мемлекеттерде де кеңінен тараған.
Өткен жылдың соңына таман 2019 жылғы «Бір ел – бір кітап» шарасы шеңберінде авторларды анықтауға әлеу­меттік желіде дауыс беру жүргізілді. Сонда оқырмандар тарапынан көптеген ұсыныс­тар айтылды. Әркім өзі ұнатып оқыған ақын-жазушылардың шығармаларын ұсын­ды. Бірақ қорытынды жиында оқырмандардың қалауы және еліміздің әр ай­мағынан келген кітапхана басшыларының шешімімен жоғарыда айтқан қазақтың екі айтулы қаламгерінің шы­ғармасы үздік деп танылды.
Айтпақшы, биыл «Жазса Тарас Днепрді, Жазса Пушкин Еділді. Неге маған жырламасқа, Сырда туған елімді» деп туған жерін аспанға кө­теріп толғаған Әбділда Тәжібаевтың туғанына 110 жыл толады. Өткен ғасыр­дың 20-­жылдары қазақ поэ­зиясына жылы леп, өзге­ше өрнек әке­ліп, драматур­гия саласына да жаңаша түрен салып, іргелі әдебиет зерт­теушісі болған ақын өнім­ді еңбек етті. Ұзақ ғұмыр кешіп, өмірден өткенше қолынан қаламын түсірмеді.

Қазақ әдебиетінің классигі Әбіш ағамыз да көзі тірі болса, сексен жасқа келер еді. Осыдан төрт жыл бұрын дүние салған жазушының орны әлі де ойсырап тұр. Суреткер «Аңыздың ақыры» романын аңыз ізімен жазып, ондағы оқиғаны философия­лық-психологиялық астармен өрбітеді. Бұл шығарма алғаш «Махаббат мұнарасы» деген атпен жарияланған. Роман төрт бөлімнен тұрады. Осы кесек дүниені Шыңғыс Айт­матов жоғары бағалаған. Қорыта айтқанда, жыл бойы жұртшылық талантты қос тұлғаның туындыларымен қайта қауышып, рухани нәр алады деп ойлаймыз.

 

  1. Айгүл :

    «Бір ел – бір кітап» шарасы басталғалы бері жыл сайын үлесімді қосып келемін. Тамаша ойластырылған дүние.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды