«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жыл жақсылығы жалғаса берсін!

0 45
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Әрбір жылдың адам үшін де, қоғам үшін де өз жаңалығы, жақсылығы болады. Тәуелсіздік дәуірінде еліміз еңсесін одан әрі тіктеп, жаңа белестерге, жарқын нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Өткен жылға бұл тұрғыда өкпеміз жоқ. «Рухани жаңғыру» аясында «Ұлы Даланың жеті қыры» секілді аса маңызды да тарихи сананы жаңғыртудың жаңа сатысына көтеріліп, өзімізді танудың және өзгеге танытудың өрелі биігіне қол создық. Өнеркәсіпте, білім-ғылымда, мәдениетте, өнерде, спортта, соның ішінде ұлттың жаны мен рухы саналатын әдебиетте Қазақстан іргелі табыстарға қол жеткізді. Жеке басыма келсем, Елбасымыздың Жарлығымен «Шуақты шақ» атты жыр жинағым Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Ел дамуы, Отан табысы, мемлекет мәртебесі жеке адам үшін де мұратты мерей, қуатты кеней. Халқымыз берен бірліктің, ерен тірліктің, келер күндерге деген сенім мен сезімнің нәтижесінде оң қадам, орайлы тұрмысқа жете түсуде. Бұл – өткелі тұрған жылдың өрен табысы. Ел экономикасы өскен сайын жеке адамның да адами ресурсы, арманы мен мақсаты өсе түседі. Сондықтан 2018 жылға өкпеміз жоқ, бұл жыл ел дамуындағы елеулі жыл болып тарихқа енеді. Ең бастысы, Отан тарихындағы оң өзгеріс­тер әрбір қазақтың жүрегіне де, тілегіне де шынайы сәулесін түсірді деп сенемін. Әдетте, өткен жылды ит жылын – бейбіт, қа­зыналы жыл деп атаймыз. Жеті қазынаға кірген ит жылы қаза­нымыз оттан түскен жоқ, аза­намыз ауыздан түскен жоқ. Айғай мен айтақ болған жоқ. Тыныштық бесігі тербеліп тұрды.
Келер жылды доңыз жылы деп айтамыз. Бірақ біздің күнтізбе бойынша доңыз жылы наурыздың 22-і күні кіреді. Бұл жылды қарияларымыз жылы, сулы, нулы, байырқалы, байыпты жыл деп санап келген. Халық айтса қалт айтпас, шаңырағымызды шайқалтпас, кемшілігімізді байқатпас. Ең бастысы, ел бірлігі мен ынтымағы одан әрі ұйыса, ұлғая, ұлықтана түссін. Дастарханымыз дәмге, көңіліміз әнге, сәулетіміз сәнге, өміріміз мәнге айнала бергей! Жыл жақсылығы жалғаса берсін!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды