«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жыл он екі ай спортқа қолайлы қала

0 43

Жыл сайын бірталай байрақты бәсеке өтетін, қаншама чемпиондардың атын әйгілейтін Нұр-Сұлтан қаласында бүгінде саламатты өмір салты мен бұқаралық спорт салтанат құрған. Жылдың қай мезгілі болсын, дене шынықтыруды дағдыға айналдырған астаналықтардың белсенді өміріне барлық жағдай жасалған.

Нұр-Сұлтанның спорт инфрақұрылымын 719 нысан құрайды

Миллионнан асқан тұрғыны бар бас шаһарда спортқа ден қойған жұрттың қарасы да қалыңдап келеді. Мысалы, осыдан он жыл бұрын бұқаралық спортқа бейім халықтың үлесі бар болғаны 10,8 пайызды құраған. Ал араға бір жыл салып бұл көрсеткіш бірден 18 пайыз­ға өсіпті. Яғни 2009 жылы – 74217 адам, 2010 жылы – 122784 адам. Ал 2018 жылы спортты серік еткен астаналықтардың үлесі 29 пайызды құрады, дәлірек айтқанда 307841 адам.
Сұраныс артқан сайын кейінгі жылдарда спорт нысандары да көптеп салынуда. Қалада спорттың қай түрімен айналысуды қаласаңыз, соған лайықталған нысандар баршылық. Оған қоса, аудандарда, аула ішінде орналасқан жаттығу алаңдары бар. Бірақ мұның бәрі қала халқын түгел қамтуға әлі де жеткіліксіз.
Нұр-Сұлтанның спорт инфрақұрылымын 719 нысан құрайды. Оның басым бөлігі – аула алаңдары мен білім ошақтарындағы спорт залдары. Ауладағы нысандардың саны 324 болса, оқу орындарында – 212. Қазір спорт алаңдары мен бас­сейн­дердің тапшылығы 53 пайызды құрап отыр.
Қазіргі таңда қалада 127 спорт түріне бағытталған жалпы саны 526 ұйым жұмыс істейді. Оның 46-сы олимпиадалық, 13-і ұлттық, 7-еуі техникалық, 20-сы мүгедек спортшыларға арналған, 41-і олимпиадалық емес спорт түрлеріне бейімделген.

Келем деушілерге есігі ашық

Аудандардағы және аула ішіндегі жаттығу және ойын алаңдарына қоса, тұрғындар тағы тегін және төмендетілген бағамен қай жерлерде спортпен шұғылдана алады? Осыған тоқталайық.
«Алау» мұз айдыны сара­йында тренажер мен жаппай сырғанау залында студенттерге, оқушыларға, зейнеткерлер мен ІІІ топтағы мүгедектерге 50 па­йыз жеңілдік қарастырылған. Ал жеті жасқа дейінгі балалар, көпбалалы отбасыдан шыққандар, балалар үйінің кәмелет жасына жетпеген тәрбиеленушілері және І, ІІ топтағы мүгедектерге кіру тегін.
Бұл спорт кешенінде өтетін секциялар қатарына конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, хоккей, шорт-трек және керлинг секциялары кіреді. Ал күніне 1000-ға жуық спортшы «Алау» мұз айдынына келіп осы аталған секциялар бо­йынша жаттығады.
2018 жылдың қаңтарынан бастап желтоқсан айына дейін «Алауға» келушілер саны – 117479. Олардың ішінде 21003 келуші тегін кірді.


Бұған қоса, биыл қаңтардан бастап мүмкіндігі шектеулі астаналықтар үшін паралимпиадалық жаттығу орталығы жұмыс істей бастады. Мұнда спорттың мына түрлерімен айналысуға болады: волейболды отырып ойнау, парадзюдо, пара­тхэквондо, парапауэрлифтинг, голбол, арбадағы би, үстел теннисі, бочче, шахмат, ұлттық спорт түрлері. Орталықтың спорт залдарында әрбір спорт түрі бо­йынша нұсқаушылар жұмыс істейді. Олар әр азамат үшін жаттығу бағдарламасын ­даярлайды, келушілер үшін жеке және топтық сабақтар өткізеді, тамақтану бойынша кеңес береді. Сонымен қатар орталықта ақпараттық және медициналық қызметтер де көрсетіледі. Тамақтану және демалыс аймағы да ұйым­дас­тырылған.
Паралимпиадалық жаттығу орталығына келем деу­шілерге бәрі тегін, тек мү­гедіктігін айғақтайтын құжатын көрсетсе жеткілікті. Енді ашылған орталыққа келушілердің саны күн сайын көбеюде. Қазір бұл нысанға күніне 100-ден аса адам бас сұғады.
Ал тенниске әуес балалар үшін «Дәулет» спорт комбинатының есігі ашық. Бұл ғимаратта 5-тен 14 жасқа дейінгі 720 бала жаттығады. Оның ішінде 245 бала ақысыз, 475-і ақылы түрде спортпен айналысады. Бұған қоса көпбалалы отбасыдан немесе аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.
Шахмат, дойбы, тоғыз­құмалақ және спорттың жауынгерлік түрімен айналысу үшін «Нұрал» балалар спорт мектебін дамыту орталығына баруға болады. Ал күн жылы кезде ешқандай да шығынданбастан Байқоңыр мен Алматы аудандарындағы 4 стрит­воркаут алаңына барып жаттыға аласыз.
Қ.Мұңайтпасов стадионында кешкі уақытта тегін жүгіруге болады. Ол жердегі жүгіру жолы барлық келушілерге ақысыз ұсынылады.

Болашақ чемпиондар қайда шынығады?

Спортты дамытудың мемлекеттік саясатын жүзеге асыру шеңберінде қалалық Мәдениет және спорт басқармасына қарасты балалар мен жасөспірімдерге арналған 10 спорт мектебінде бүгінде 8113 адам жаттығады. Олардың басым бөлігі, 80 пайызға жуығы олимпиадалық спорт түрлеріне бейімделіп жатыр. Нақтырақ айтсақ, чемпиондарды тәрбиелейтін бұл мектептерде спорттың 50 түрі бар. Олардың бәрі балаларды тегін қабылдайды.
Мысалы, №1 спорт мек­тебі көркем гимнастика, спорт гимнастикасы, спорттық акробатика және батуттық гимнастика, спорттық би сияқты спорт түрлеріне 5-6 жастағы балаларды қабылдайды.
№2 спорт мектебі шаң­­ғы жарысы (9-11 жас), шорт-трек (9-11 жас), мәнерлеп сырғанау (4-5 жас), конькимен жүгіру спорты (9-11 жас), спорттық бағдарлау (8-10 жас) сияқ­ты спорт түрлері бойынша секцияларға шақырады. Аталған спорт түрлерімен жаттығам деушілер бақылау нормативтерін тапсырады, оның ішінде жүгіру, секіру, икемділік, координация бойынша және т.б. жаттығулар бар.
Бокс, оның ішінде әйел­дер боксы, еркін, грек-рим және әйелдер күресі, кикбоксинг сынды дисциплинаға әуес жандар №3 спорт мектебіне бара алады. Онда 10 жастағы балалар қабылданады.
№4 спорт мектебі барлық спорт түрлері бойынша, атап айтқанда, жүзуден басқа, академия­лық есу, байдаркамен және каноэмен есу және тағы басқа секция­ларға қабылдайды. Басты критерийлердің бірі – үлкен бассейнде (50 м) жүзе білу, кеудемен 15 м және арқамен 15 м қашықтыққа жүзу. Сонымен қатар келесідей антропометриялық көрсеткіштер ескеріледі: бойы – 130 см, салмағы – 25-30 кг.


Баскетбол, волейбол, гандбол және регби ойнағысы келетін балалар №5 спорт мектебінде жаттығады. Мұнда 9 жастан асқан балалар қабылданады. Аталған спорт түрлері бойынша секцияларға қатысу үшін ойын дағдысын білу міндетті емес, алайда баланың денсаулығының жағдайы туралы анықтама болуы керек.
Велоспортқа әуес балалар №6 спорт мектебінде тәрбиеленеді. Мұнда 10 жастан асқан балалар қабылданады. Жас спортшылар 60 метрге жүгіру, 5 минут жүгіру, ұзындыққа секіру, жүрелеп отыру, тартылу сияқты нормативтерді тапсыруы керек.
№7 спорт мектебінде шығыс жекпе-жектері шеберлері дайындалады. Дзюдо секциясына 10-12 жастағы, таеквондоға (WTF) 8-9 жастағы, джиу-джитсуға 15-17 жастағы, каратэ-доға 8-15 жастағы, киокушинкайға 12-13 жастағы, шинкиокушинкайға 12-13 жастағы, муай-тайға 13-14 жастағы, самбоға 10-13 жастағы, қазақ күресіне 10-13 жас­тағы, белбеу күреске 10-13 жас­тағы балалар қабылданады.
№8 олимпиадалық ре­­зервтегі мамандан­ды­рылған балалар-­жас­өс­пірімдер спорт мектебінің бапкерлер құра­­мы кәсіпқой футболшылар­­ды дайындайды.
№9 балалар-жасөс­пі­рім­дер спорт мекте­бін­де садақ ату, оқпен ату, стендтік ату, семсерлесу, үстел теннисі, жеңіл атлетика, қазіргі заманғы бессайыс және триатлон секциялары бар. Әрбір спорт түрінен секцияға қабылдау балалардың жасына қарай жүргізіледі. Мектепте спорт түріне қарай 6-дан 14 жасқа дейінгі балалар оқиды.
№10 шай­балы хок­­кей­­­ден мамандан­ды­­­рылған балалар-­жас­­­өспірімдер спорт мек­­тебі ҰХЛ-дың болашақ жұл­­дыздарын шақырады. Мұн­да 5-7 жастағы балалар қа­былданады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды