«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жүз жылдық жылнама

0 30

Ұлттық академиялық кітапханада республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің ғасырлық мерейтойына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Жүз жылдық жылнама» атты бес томдықтың таныстырылымы болды.

Биыл жүз жылдығын атап өткелі отырған бас басылымның тарихы 1919 жылы 17 желтоқсанда Орынборда алғаш басылған «Ұшқын» газетінен басталады. Одан бері де халқымыздың талай ардақтыларының қолтаңбасы қалған басылымның аты бірнеше рет өзгерді. Ал оқырманға жол тартқан жинаққа «Ұшқыннан» бастап, 1976 жылғы «Социалистік Қазақстан» газетіне дейінгі аралықта жарияланған материалдар топтастырылған.
Жиын тізгінін ұстаған «Егемен Қазақстан» басшысы Дархан Қыдырәлі жылнамаға басылымның ескі тігінділеріндегі сол дәуірдің шындығын зерделеген мақалалар іріктелгенін айтты. Көпшілікке қолжетімді болу үшін жинақтың электрондық нұсқасы жасалған. Сондай-ақ Ақпарат комитетінің төрағасы Ләззат Сүйіндік бұл жобаның жалғасатынын жеткізді.
Осы ауқымды жұмыстың қалай атқарылғаны туралы белгілі ғалым Намазәлі Омашев әңгімеледі.
«Біз секілді халықтың шынайы тарихын айту оңай емес. Сондықтан бұл кітапта ешқандай бұрмалау жоқ, түпнұсқа сақталды. Басылым алғаш шыққанда қайбір мықты журналистика болды дейсіз. Алайда «Еңбек туы» кезінде оның алға дамуы болғанын байқайсыз. Ал Смағұл Сәдуақасов басқарған тұста газет ұлттық мәселені өткір көтерген. Сол жылдары басылымда істеген азаматтар басын бәйгеге тігіп, жер, тіл проблемасын ашық жазған. Өзім, бұдан кейін осылай қылыштай тіліп айтқан кезеңді көрген жоқпын. 1923 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл болды. Бұл оңайлықпен болған жоқ. Осы жылы Сәкен Сейфуллин мемлекеттік тіл туралы басылымға 5 мақала жариялаған» деді ғалым.
Сонымен қатар шара барысында елімізге белгілі азаматтар Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдік, Әділ Ахметов және басылымды біраз жыл басқарған Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов сөйледі.
Таныстырылымда жылнаманы құрастырушылардың бірі, қаламгер Жанболат Аупбаев жинаққа кірген кейбір қызық деректерге тоқталды.
«Алдымен бұл кітапқа танымдық дүниелерді беруге мән бердік. Айталық, 1943 жылы 15 қазанда КСРО жоғары кеңес президиумының жарлығымен тұңғыш рет қазақтан шыққан әскери адамға генерал шені берілді. Ол – Шәкір Жексенбаев деген азамат. 1950 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жиынында Павлодар облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Сорокин дегеннің: «Біздің өңірде Мәшһүр-Жүсіп деген кісінің зираты жатыр. Соған елдің бәрі барып, тәу етеді. Оған қазақтың жазушылары да барады» деп айтқан сөзі жарияланған. Осы сөз қазақ зиялыларына «пәле» болып жабысады. Осыдан бастан Мәшһүр атамызды сынға алып, ақыры ардақты тұлғаның зиратын қиратқан. Міне, осындай мәселені де беруге тура келді. Кейде суреттерге де үңілдік. Қостанай облысынан Әбілғазин деген кісінің суреттері жарияланған. Бір суреттің астында «Әміре Қашаубаевтың қызы Қостанай облыстық филармониясында әнші болып жұмыс істейді деп жазылыпты. Біз осы деректі де суретімен енгіздік» деді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды