«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жүз жылдық айна

Жақсыдан қалған жәдігер

0 85

Жақында Астанадағы Ұлттық музейдің қоры тағы бір құнды жәдігермен толықты. Тарихта бір әнімен аты қалған Мариям Жагорқызының немересі Қабиба Нұрбекова музейге арнайы келіп, апасынан қалған көне айна мен екі суретті қорға өткізді.

Қабиба апаның айтуынша, Мариям Жагорқызы көршісінің қызы ұзатылып бара жатқанда жас қалыңдыққа айна сыйлапты. Ол қыз бағалы сыйлықты көзінің қарашығындай сақтаған екен. Қартайып, өзі өмірден өткен соң, ол кісінің ұрпақтары айнаны біраз жыл ұстап, жақында Қабибаға тапсырады. Бүгінде Қабиба апа жетпіс жасты алқымдаған. Сондықтан қолындағы мұра мен Мариям әжеміздің екі суретінің көшірмесін музейге беруді жөн көрген.

Мария Егоровна Рыкина (Мариям Жагорқызы) 1887 жылы елорданың онша қашық емес Қорғалжын жеріндегі балықшылар отбасында өмірге келген. Орыс қызы болғанымен, жаста­йынан жергілікті жұрттың арасында өсіп, қазақша еркін сөйлеген. Өзі ажарлы болған деседі. Ғашық болған қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, ислам дінін қабылдаған. Ол домбыра мен баянда шебер ойнап, өнерге жақын болып өскен. Бірқатар қазақша ән жазған. Олардың ішінде бізге жеткені – «Айсәулем» мен «Отан үшін» әндері ғана. Қалың жұрт оны халыққа кең тараған «Дударай» әнінің авторы ретінде біледі.
Әнші апамыз бұл айнаны жас қалыңдыққа нақты қай жылы тапсырғаны белгісіз. Шамамен 100 жыл бойы сақталған жәдігердің сыртқы сапасы ептеп тозғанымен, айналық қасиеті қаз-қалпында. Сәл сарғайғаны болмаса, еш жері сызылмаған. Ал айнаны қаптаған ағаш жиектеменің біраз бүлінген жерлері бар.
Мариям Жагорқызы өмір сүрген дәуірде айнаға кез келгеннің қолы жете бермегені анық. Осындай бағалы дүниені көршісінің қызына сыйға тартқанына қарағанда, апамыз ол аруды өз баласындай жақсы көргені сөзсіз. Жүрегі кең, жаны жұмсақ әншінің қазаққа келін болып сіңіп кеткені де сол асыл қасиетінен шығар. Қалыңдыққа айна сыйлаудың өзі тұнып тұрған тәрбие емес пе?!
Оған 1945 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен қазақ халық шығармашылығының дамуына қосқан қомақты үлесі және ел арасында кең таралған әндерді шығарғаны үшін Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілді. 1982 жылы 11 маусымда достық пен махаббаттың символы ретінде әнші апамызға Қорғалжын ауданында ескерткіш орнатылды.

Ләйлә НОҒАЙБЕКҚЫЗЫ,
ҚР Ұлттық музейінің қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды